5.11.2023, 19:17
Оқылды: 41

Халықаралық оқу-жаттығу семинарына барды

Өткен қазан айының 25-27 күндері аралығында Түркістан облысының Кентау қаласында Қазақстан ұлттық каратэ-до шотокан федерациясының ұйымдастыруымен жапон каратэ шебері, Шотокан бойынша 8-ші дан иесі Манабу Муракамидің жетекшілігімен оқу-жаттығу семинары өтті.

IMG_20231105_102454_569

Жиынға еліміздің бірқатар қалаларымен қатар Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Нижний Новгород, Пермь, Иваново қалаларынан және де Буратия республикасынан каратэшілер келді.

Жапониядан келген шебердің оқу-жаттығуына Оралдан екі топ барса, соның біреуі Жәнібек ауданынан. Асан Молдағали мен оның шәкірті Сезім Біләл бұл халықаралық семинардан көп нәрсені біліп, үйреніп, ой түйді десек те болады.

IMG_20231105_102443_357

- Манабу Мураками шебер әлемге танымал адам. Ол каратэ тарихында ізі қалған атақты Хирокадзу Каназава шебердің шәкірті. Кентаудағы семинарда шотокан каратэнің арнайы ката бағдарламасындағы қорғану мен соққы істеу тәсілдерінің қолдану барысын түсіндірген жапон шеберінен ойға орнықты, қонымды мағлұмат алдық. Базалық кихон пен ката, кумитэ бойынша өткізген жаттығулары тек маған емес, көпшілікке ұнады деуге болады. Оқу-жаттығу жиынынан қажетті ақпаратты алып қайттық, - дейді бапкер Асан Нарынбайұлы.

Семинардан соң 28 қазан күні 6-7 жастан бастап 10-11 жас аралығындағы ұл-қыздарға республикалық турнир оздырылды. Оған аудандағы "Бейбарыс" каратэ-до клубының шәкірті Сезім Телжанқызы қатысып, бақ сынады. Тартысып, тырысқанмен бұл жолы орын алу бұйырмады. Сонда да мұндай республикалық жарысқа алғаш барған Сезім "Бейбарыс" клубынан қатысқан жалғыз спортшы. Ауданның ғана емес, облыс намысын қорғағанын айта кеткен жөн. Ол:

- Семинар маған ұнады. Жаңа ката үйрендім және жарыста бақ сынадым, - деді өз сөзінде.

- Сезімге бұл республикалық жарыс тәжірибе жинақтау болды деуге болады. Әрине, орын алса деген үміт болды. Бірақ бұйырмады. Әлі де жаттығып, жұмыстану керек. Алда жарыстар бар. Тиянақты дайындала берсе, жетістікке жету қиындық тудырмайды, - деп, сөзін түйіндеді жаттықтырушысы Асан Нарынбайұлы.

Ақтілек Әлібекұлы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале