Батыс Алаш орда қозғалысының қолдаушысы, дін қайраткері Хасан (Хұсайын) хазірет Нұрмұхамедұлы Орал облысы Гурьев уезінің Тайсойған болыстығында туған.
Кезінде бастауыш ибтидай, орта рушидия медресесін бітірген соң 1901 жылы Бұқарадағы жоғары дәрежелі діни білім беретін Мір-Араб медресесін тәмамдайды.
1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Орал облысы бойынша Орынбор дін басқармасы тағайындаған алғашқы мұхтасибтардың (дін ісін жүргізуші) бірі.
Батыс Алашорданың құрамында 1917 жылдары өткен Бірінші және Екінші Жалпықазақ сиезінің делегаты, 1917-1919 жылдары Ойылда, Қаратөбе, Жымпитыда өткен Қазақ Орал облыстық сиездерінің делегаты «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметінің жанында құрылған дін істері комиссиясының мүшесі болады.
1919 жылғы 10 желтоқсанда Қызылқоғада өткен Батыс Алашорда сиезінде халықты Кеңес жағына шығуды қолдағандардың бірі - Хұсайын хазірет болады.
1925 жылдан бастап дін қызметтеріне шектеу қойыла бастаған кезде, өзге діни қызметкерлер секілді Хұсайын хазіретке де уездің орталығына келіп белгіленіп тұру талап етіледі.
Ақыры 1937 жылы тұтқындалып Оралдағы «Қырық тұрба» аталатын түрмеге қамалып, 1938 жылдың ақпан айында КСРО Жоғары соты әскери коллегиясының үштігі қаулысымен атылады.
Зулхожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz