9.11.2023, 9:45
Оқылды: 35

Жаңақаланың Жанғалиы

Ол бала кезінен әрнәрсені құрап, әдемі зат жасап шығаруға бейім болып өседі. Ата-анасы құлағы естімей, кемтар болып, дүниеге келген кенже ұлын мүмкіндіктері жеткенше барлық жерге апарып қаратты. Бірақ сауығып кете алмады. Бүгіндері кейіпкеріміз Жанғали Сапиевті жаңақалалықтар жақсы біледі. Оның қосалқы бөлшектерден құрастырып жасап жүрген тұрмыстық техникасы ауыл арасында үлкен сұранысқа ие. Біз Жаңақала ауданының Сарыкөл ауылында тұратын шебер жігітпен арнайы жүздесіп, отбасымен сөйлесіп қайттық.

жангали2

Сарыкөл су жағасынан орын тепкен, құстары қиқулаған әдемі ауыл екен. Ке­йіпкеріміздің ауласынан бізді бір топ адам күтіп алды. Алғашында құдалыққа келгендей, өзімізді бір түрлі сезіндік. Дегенмен етжеңді үлкен апа, кейіпкеріміздің анасы: «Қаладан журналист келеді дегенді естіп, Жанғалиымның ұстазы, жеңгесі, көрші апасы арнайы келді» деп жағдайды түсіндіріп жатыр.

жангали

– Төрт балам бар. Жанғали кенже ұлым. Құлағы естімегесін, сөйлеуі нашар. Бірақ еңбекқор. Үнемі шаруа жасап жүреді. Ауылдың барлық машинасын жөндейді. Өз қолынан трактор құрастырды. Жыңғыл шабатын құрал жасады. Дөңгелек жамайды. Елгезек, қамқор. Айналасына көмектесіп, жақ­сылық жасағысы келіп тұрады. Осы ұлымның қолында тұрамын. Екі немерем бар. Келінім Айкерім үшінші  сәбиін күтіп жүр, – дейді кейіпкеріміздің анасы Күнсұлу Сапиева.

«Жанғали бала кезінен техникаға құмар. Ол мектепте жүрген кезінен қолының шеберлігімен, ойының ұшқырлығымен өзгелерден ерекшеленіп тұратын» деп сол кездерді еске алды кейіпкеріміздің мұғалімі.

жангали3

– Сарыкөл ауылы бұрын Пәки деп аталған. Ертеректе телегей-теңіз су болды айналамыз. Соңғы жылдары көпке дейін су болмады ғой. Биыл су келді. Сумен бірге қиқулаған құс та келді. Ауылымыз ажарланып, сәні кіріп қалды. Мен осы ауылдағы Абай атындағы орта мектепте 38 жыл мұғалім болып еңбек еттім. Бастауыш сыныпта Жанғалиды бірінші сыныпқа қабылдап алдым. Бірақ денсаулығына байланысты арнайы құжатымен үйден оқытуға шығарды. Баламды азын-шоғын уақыт үйден оқыттым.

жангали4

Дегенмен «Оқушым ортадан қалып, бұйығы болып кетер, мектепке келіп, балалармен бірге оқысын» деп мектеп директорына кіріп, жауапкершілікті өз мойныма алатынымды айттым. Сөйтіп, Жанғали жеке-дара үйде отырып қалмай, ортамен аралассын, балалармен достассын деген оймен класқа қосып, бір шатырдың астында тұратын Амандық деген досының қасына отырғыздым. Жанғали математикаға өте жақсы болды. Тапсырманы көшіріп, әдемі етіп жазатын. Қазақ тілінен қиналды. Ол кезде көрнекі жұмыстармен түрлі тәрбие сағаттарын жиі өткіземіз. Мен сол тәрбие сағаттарында көрнекіліктен еш қиналмайтын едім. Өйткені бесікке салудан көрініс болса, Жанғалиым әдемі етіп бесік жасап береді, сандық керек болса, сандық жасап береді. Тағы бір тәрбие сағатында велосипедке шамдары жанатын әдемі педаль жасап әкелді. Сөйтіп, бәрімізді таңғалдырып, баламыз көз алдымызда өсіп, ержетті. Былтыр кәсіпкерлікке бет бұрып, шиномонтаж ашты. Түнгі үшке дейін ұйықтамастан жұмыс істейді. Ауылдағы көліктердің дөңгелегін жамап, нәпақасын тауып отыр. Дегенмен баламызға тұрақты жұмыс керек, – дейді кейіпкеріміздің алғашқы ұстазы Жұмағаным Хайырлиева.

Шаңырақтың кенже келіні Әйкерім Сапиеваның кейіпкерімізге күйеуге шыққанына 11 жыл болыпты. Ол келін болып түскенде ауылда су да, газ да жоқ еді. Сондықтан олар ауыл адамдарына Үш бала деген жерден су тасып беріп жүріпті. УАЗ көлігіне екі бөшке мен су тартатын моторды салып алып, екеуі суға барады. Оның әрбір бөшкесін 500 теңгеден тұрғындарға сатады. Кейіннен екі қолын бос қойып, қарап жатуды қаламайтын кейіпкеріміз ауыл адамдарына арзан бағаға газ құбырын кіргізіп берумен айналысады. Басқа адамдар үйге газ өткізуге 200 мың сұраса, ол 60-70 мыңды қанағат етеді.

– Жұбайым өте еңбекқор адам. Қолынан бәрі келеді. Ол темір есік, аула қақпасы, жылу батареялары, бәрін жасайды. Денсаулығым кел­мейді деп қарап отырмай, еңбектенеді, ізденеді.

Түнімен телефоннан You Tube Go деген бағдарламаны қарайды. Көргенін өзі жасауға ты­рысады. Ең алғашқы ұстазы – әкесі. Осыдан бес-алты ай бұрын өмірден өткен әкеміз де қолы шебер адам еді. Ол кісінің шеберлігі Жанғалиға дарыған. Ескі самаурын, сүт машина барлығын жөндеп береді. Өзі ізденіп, квад­роциклді жа­сады. Тағы бір қасиеті – өте мейі­рімді. Үнемі өзгелерге көмектескісі келіп тұрады.

Ауыл адамдары түскі ас, кешкі ас кезінде келсе де уақытпен санаспайды.

Тамақ ішпестен сол адамның шаруасын бітіріп береді. Өзім жұбайымның арақ ішіп, бос жүрмей, адал еңбекпен нан тауып отырғанына қуанамын. Былтыр 1 200 000 теңге грант алып, шиномонтаж аштық. Ол ойлап тауып, жасаған әр затқа қуанып, қолдау көрсетуге тырысамыз. Осы кезге дейін аудан әкімдігіне барып, еш нәрсе сұрап көрмеппіз. Бірақ ауданнан үй беріп жатса, жұбайыма тұрақты жұмыс болса, қуанар едік, – дейді кейіпкеріміздің зайыбы.

Кейіпкеріміз жасаған квадроцикл ауылдағы әртүрлі кө­ліктердің құралдарынан жинақталған. Бұл тіркеме тіркеп, малға шөп салған­ға қолайлы. Квадроцикл көпфункциялы болғандықтан, қоқыс төгу, қар күреу, ауылдағы үйлерге топырақ тасу жұмыстарын атқара береді. Оның шаруа жасағанда ұқыптылығын, дәнекерлегенде бір тамшы тамызбай, теп-тегіс етіп  мұқият жасайтынын ауылдастары мақтан етеді. Арнайы білімі болмаса да, өз бетімен ізденіп, түрлі техника ойлап тауып жүрген өнертапқыштың арман-мақсаты да көп. Ол алдағы уақытта квадроциклге агрегат әкеліп, шөп шабатын функция қосқысы келеді. Оның өнертабыс туралы көптеген идеясы бар. Ауылдық автомеханик бұдан да озық трактор жасап, көлік паркін кеңейтуді армандайды. Өткен айда олар «Арман асулары» атты аудандық байқауда үздік деп танылып, облыстық байқауға жолдама алған.

Біз алақандай ауылдағы өнертапқыш, шаруа жігіт туралы айналасындағы жақын жандардан көп мәлімет алдық. Алайда жай ғана жымиып, ілтипат танытқан бас кейіпкеріміздің өзімен сөйлесе алмадық. Ол үшін жанындағы жұбайы сөйлеп, біздің сұрағымызға жауап беріп, бәрін таныстырып жүр. Біз «Қолы алтын, жүрегі таза жігітке жанашыр жар бұйырғаны – Алланың сыйы болар» деп ойладық.

Ауылдастарының ерекше ықыласына бөленген кейіпкерімізге біз де өз тарапымыздан тек сәттілік тілейміз!

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале