Қазақ «жесірін қаңғытып, жетімін жылатпаған» халық. Оған өткен тарих беттерінен дәлелді айғақ жетерлік. Бүгінде де айналасындағыларды қамқорлап, қолдан келген көмегін көрсетіп, соның ішінде балаларға шапағатын төгетін жандар аз емес.
Өткен аптада «Шуақ» әйелдер қоғамдық бірлестігі «Мейірім балаларға жылу сыйлайды» атты кездесу ұйымдастырды. Аталған кездесудің мақсаты – жетім балаларды қанатының астына алған қамқоршы ата-аналарды жинап, оларға алғыс білдіріп, құрмет көрсету.
Кездесуде аудан әкімінің орынбасары Бақберген Әбуов, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ерболат Бекмолдин және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Аслан Биғалиев болды.
Емен-жарқын жүздесуді «Шуақ» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мәншүк Мамбешова жүргізді.
Қазіргі уақытта аудан бойынша 21 бала қамқорлықта тәрбиеленіп жатыр. Оның 9-на мемлекеттік бағдарламамен үй берілген. Әр ата-ана өзінің қамқорлығындағы бала жайында әңгімелеп берсе, ұл-қыздардың әрқайсысы бейнеролик арқылы ана орнына ана болған мейірімді жандарға алғыстарын жеткізді.
Кездесу соңында Бақберген Әбуов қамқоршы аналарға құрмет көрсетіп, өзінің алғысхаты мен естелік сыйлық табыс етті.
Айжан Ақыл,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz