10.11.2023, 16:30
Оқылды: 43

БҚО-да термешілер байқауы өтті

Бүгін Жәнібек ауданында күйші, әнші, термеші Мұрат Каримуллиннің туғанына 70 жыл толуына орай «Терме – маржан жыры бабамның» атауымен облыстық термешілер байқауы өтті. Байқауда Бөрлі, Ақжайық, Бәйтерек, Казталов ауданы және Орал қаласынан келген термешілер бақ сынады. Әуелі оларды аудан әкімі Тимур Шиниязов қабылдап, сәттілік тіледі.

399289396_878180270978315_803127589984650487_n

Аудан басшысы:

- Терме қазақтың ұлт ретіндегі құндылықтарын айшықтайтын ең ғажайып өнер. Мұхит, Ғарифолла сынды таңдайына бұлбұл ұя салған тұлғалардың қоңыр дауысы, әр сөзіндегі мән-мағынасы ұмытылмайды. Олардың өнерпаздық мектебінен тәлім алған Хатимолла Бердіғалиев ағамыздың да терме өнерінің дамуына ұшан-теңіз үлес қосты. Ал бүгін ауданымызда аты елімізге мәлім Мұрат Каримуллинді еске алуға арналған облыстық термешілер байқауы өтпекші. Өмірден ерте бақиға аттанған ағамыздың рухы шат болсын! Сіздердей ұлттық өнерді дәріптейтін жастар бар да терме өнері өлмек емес, - деді.
Қабылдауға қатысқан «Абай» арнасының бас продюсері, ақын Жаңылхан Асылбекова лебізін жеткізіп, аудан әкімдігіне жыр жинағын тарту етті.

400666462_878179580978384_6856186370602306586_n

Қатысушылар мен арнайы қонақтар ақын, ойшыл Ғұмар Қараш бабаның ескерткішіне гүл шоғын қойып, ақын рухына тағзым етті. Мәдениет үйіне қарай қадам басқан термешілерді мәдениет үйінің қызметкерлері қарсы алып, құрмет көрсетті. Жеребе тарту рәсімінде олардың реттік нөмері анықталып, қызу дайындыққа кірісті. Содан соң күмбірлеген күй ойнап, сахна төріне шыққан жүргізушілер дәстүрлі өнердің тарихына тоқталды.

Аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов ат терлетіп келген қатысушыларға бақ пен баптың қатар шабуын тіледі. Ол:
- Заман дамып жатыр деп, еліктеушіліктің өршіп тұрғанын жасыра алмаймыз. Сахна мәдениетінен жұрдай орындаушылар көбейіп, мәнсіз әндер сұраныста екенін де жоққа шығармаймыз. Ал ұлттық өнеріміз кейбір сәтте тасада қалады. Жастар арасында киелі өнерге менсібей қарайтындар да бар. Не десе де дәстүрлі өнер сіздердей жанашырлар барда өлмейді. Ауданымызға жолдың алыстығына қарамай келген термешілер де соның айқын дәлелі. Бүгін бәріңіз ұлттық өнердің алдында жеңімпазсыздар, - деді.

399311725_878197537643255_6007706311093717654_n

Тоғыз термеші өзара сынға түскен байқау екі кезеңнен тұрды.

Бірінші кезеңде Базар жырау, Нұртуған, Махамбет, Шернияз, Әбубәкір, Марабай, Мұрат Мөңкеұлы мен Ғарифолла Құрманғалиевтің шығармаларын орындаса, екінші кезеңде өз қалаулары бойынша көсілді.

399430953_878192004310475_392524386960934166_n

Қатысушыларға Мұрат Каримоллаұлының жары, қобызшы Ұлмекен Төлеуова, қарындасы, Райхан Каримуллина, «Құрмет орденінің иегері», ҚР-ның Еңбек сіңірген қайраткері, халық күйшісі Ермек Қазиев, Жаңылхан Мәмежанқызы, облыстық халық шығармашылығы орталығы халық шығармашылығы бөлімінің басшысы Батырхан Қайыров, айтыскер-ақын Мұрат Мұханбетқалиев қазылық жасады.

Алғаш болып өнер көрсеткен оралдық Темірлан Әкімжанов терме өнеріне тәй-тәй басқан жас өнерпаз екеніне қарамастан еш қобалжусыз орындап шықты. Орал қаласының намысын қорғаған Мейрамбек Ерсайынов, Бөрлі ауданының жас термешісі Бектас Жұмағалиев елдің ықыласына бөленді. Тоғыз қатысушының ішінде осалы болмады. Барлығы да дәстүрлі өнерді жетік меңгерген, термеге құштар таланттар. Сайып келгенде, жүлделі 3-орынды жақсыбайлық Есім Тұяқбай місе тұтса, 2-орынды Ақжайық ауданының қатысушысы Дәурен Ораш иеленді. Байқаудың 1-орнына Бәйтерек ауданының сәлемін арқалап келген Кенесары Болғанбаев лайық болып, бас жүлдені оралдық Нұрәлі Айтуған қанжығасына байлады.

Сондай-ақ «Көрермен көзайымы» аталымы Бауыржан Меңдешке, «Үкілі үміт» аталымы Алина Сұлтанға берілді. Екеуі де Казталов ауданының абыройын асқақтатты десек болады. Тоғыз жігіттің ішіндегі жалғыз аруға әділ-қазылар алқасы өте жоғары баға берді. Мұрат Каримоллаұлының зайыбы отбасы атынан Алинаға камзол жауып, домбыра сыйлады.

399546011_878179557645053_1169848914136731990_n

Жүлдегерлерге арнайы диплом пен ақшалай сыйлық табысталды.

Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

399571668_878259870970355_5538770558069145137_n

399430948_878261124303563_5064769121188736479_n

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале