Теректі ауданыдағы Долин ауылдық округі орталығы – Долин ауылының балалары Чапаев атындағы мектепте білім алады.
Кеңес заманында, 1970 жылдары салынған мектеп ғимараты осыдан үш жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен болатын. Дегенмен мектепті күні кешеге дейін көмірмен жылытып келген. Жалпы ауданы 2 146 шаршы метр ғимаратты көмірмен жылыту мүмкін болғанымен, экономикалық тиімсіз әрі жылыту сапасы төмен болғаны да рас.
Биыл қазан айында жылыту қазандығын табиғи газ желісіне қосқан Чапаев мектебі енді қыстан қиналмай шығады.
Бүгінде мектептің іші ұядай жылы. Айтпақшы, кезінде қазақша оқуға баланы мұғалімдер айналдыра үгіттеп, жинақтайтын Долин ауылында қазір қазақ тілінде оқитын бала саны басым екен. Нақты айтсақ, 146 оқушының жүзі – ана тілінде оқып жүрген қаракөздер. Үш жыл қатарынан «Алтын белгіні» түлек қанаттандырған білім ордасы облыс көлемінде жүлдегер. Аудандағы «Eco mektep» қатарына қосылып, жоба аясында жылыжай салуды қолға алған мектеп БҚО білім басқармасының ұйытқы болуымен өткізілген «Жер иесі» облыстық сырттай байқауына қатысқан болатын. Байқау нәтижесінде олар жүлделі ІІІ орын иеленіп, «Үздік мектеп жылыжайы» номинациясына ие болды.
Жуырда Долин ауылында болғанымызда округ әкімі Талғат Манатауов ең алдымен мектепке апарды.
Жылы мектептегі ұстаздардың жүзі жылы. «Айран сұрай келіп, шелегіңді жасырма» деген басылымға жазылу туралы сөз қозғадық. Чапаев орта мектебінің ұжымы, мектеп директоры Мирас Әбуғалиев бастап, ұстаздары қостап, «Аудандық газетке жыл сайын жазыламыз, алдағы жылы да байланысты үзбейміз» деп отыр.
Тамара Жұмат,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz