14.11.2023, 16:15
Оқылды: 41

Нағыз қазақ: қаржыгер, сері, әке

Оны көрсең бағзы заманның қазағы көз алдыңа келеді. Киіз үйді мекендеп, аттан түспеген, салттан құламаған нағыз қазақ. Теректіні Найманкөзбен кезген, даланың көңіл күйін жан-дүниесімен сезген, қамшы өріп, дәстүр сақтаған, құспен жарысып, тазы баптаған Ұлан Сайтмухаевты облыс аумағында білмейтін жан кемде-кем. Бір кездері «орыстанған» деген Теректіге сонау Алатаудан қазақылықты ала келген бүгінгі кейіпкеріміздің шаңырағының өзі шағын мұражай.

image-14-11-23-12-28

Төріне өңірімізге танымал тұлғалардың барлығы дерлік тоқтаған, өзі қазақтың қамын жеп, жоғын жоқтаған Ұлан Жанботаұлы туралы көп дүние айтуға болады. Қазақы тіршілікті өмір сүру дағдым деп қабылдайтын кейіпкеріміздің негізгі қызметі – қаржы саласы. Аудандағы қазынашылық басқармасының басшысы Ұлан ағамыздың «бүгінгінің серісі» атануы турасындағы ой бізді қызықтырып, кейіпкерімізді кәсіби мерекесі қарсаңында аз-кем әңгімеге тартып көрдік.

улан (1)

- Ұлан Жанботаұлы, біздің ұсынысымызды қабыл алғаныңыз үшін алғыс білдіремін. Айтыңызшы, қаржы саласы сізді несімен қызықтырды? Бұл салаға келу туралы алғашқы ой қашан жүрекке еніп, санаға тұрақтады?

- Қаржы саласына деген махаббат менде бала кезде қылаң берді. Бұл сала нақтылықты қажет етеді. Сонысымен мені еліттірді. Мектеп оқушысы-тұғынмын. Нағашымның Сарыбай есімді досы сол кезде банк басқарды. Қылшылдап тұрған жас жігіт. Киім киісі, өз-өзін ұстауы мені қатты тәнті қылды. Бір күні мектептен келе жатқан бала Ұлан жолай осы ағамды кездестіреді. Сарыбай ағам көлік тізгіндеп келе жатқан. Алдынан кішкентай қызы мен жолдасы шықты. Банк басқарған ағам көлікті кілт тоқтатып, алдынан жүгіріп шыққан қызын қапсыра құшақтап, мейірлене құшағына қысты. Жолдасына ілтипат көрсетті. Осы оқиға менің жадымда ерекше сақталыпты. Одан кейін менің қос нағашым Кеңес заманында шаруашылық дүкен ұстады. Ол кезде дүкендерде үлкен кассалық аппараттар болатын. Нағашыларым сол аппараттарды алдына қойып, жоғары кәсіби шеберлікпен ақшаны соғып, арнайы түбіртектер шығаратын. Сол кассалық аппаратқа қатты қызығатын едім. «Мен де осындай дүкен ашып, кассалық аппарат аламын» деп армандадым. Уақыт бір орында тоқтап тұрмақ емес. Кеңес дәуірі ыдырар тұста шекаралар ашылып, сауда-саттық деген бағыт қыза түсті. Оқушы болсақ та, сол саудаға қарай икемделіп, сол кезде базар дегеннің не екенін, ондағы тіршіліктің қандай боларын көзбен көрдік. Есейе келе, нақтырақ айтсам, 9-сыныпты тәмамдап, Талдықорған қаласындағы зооветеринарлық техникумының бухалтерлік мамандығына оқуға түстім. Осылайша бала арманым жәймен жүзеге аса бастады.

улан (2)

- Сізді көп жас өзіне жақын тартып, жаныңызда жүргісі келеді. Ал сіздің осы қаржы саласындағы ұстазыңыз яки үлгі тұтатын адамдарыңыз бар ма?

- Қаржы саласында қызмет атқарғаныма биыл 26 жыл болады екен. Осы жылдар ішінде әрине, менің өміріме көптеген жақсы жан шуағын шашып кірді. Әрқайсысы – бір төбе. Алайда мен екі адамды тілге тиек қылғым келеді. Оның бірі – ең алғаш банк саласына имене қадам басқан тұста мені қабылдаған басқарма басшысы Маржан Бапаева еді. Ол сөздің емес, істің адамы болатын. Әсіресе, нормативтік-құқықтық актілермен жұмыс істеген кезде алдына жан салмайтын. Маржан Хамитқызынан үйренгенім өте көп болды. Теректі өңіріне қызметке келген кезде де жұмыс барысында Маржан Хамитқызымен ақылдасып, шешім қабылдарда кеңесіне құлақ асатын едім. Қазір ол кісі о дүниелік болды. Алайда мен ерекше құрметтеп, әрдайым еске алатын жанның бірегейі. Одан кейін Роза Оспанқызы Нұрғалиева есіміне айрықша тоқталсам деймін. Ол кісі осы Теректінің тумасы. Бірқатар жыл Астана қаласының қазынашылық департаментін басқарды. Көптеген басшылық қызметте болды. Роза Оспанқызы Теректіге келген сайын біздің жұмыс орнымызға келіп кетеді. Хәл сұрасамыз, бірқатар кеңесін береді. Біліктілігімізді арттыру мақсатында Астанаға барған кезде бізді құшақ жая қарсы алады. Ол кісі маған әрдайым «Ұланжан, заңға сүйеніп жұмыс жаса, қор болмайсың» дейтін. Міне, осы екі жан менің қызмет барысында есімде қалған нағыз тұлғалар.

улан (3)

- Сізді өңір халқы ұлтжанды азамат, қазақы тіршіліктен кіндігі ажырамаған тұлға ретінде таниды. Бұл сіздің негізгі жұмысыңыздан бөлек хобби ме, әлде өмір сүру стиліңіз бе?!

- Әдемі суреттеуіңізге рахмет. «Жақсы десе жан жадырайды» дей ме? Енді, қамшы өру, яки түрлі бұйымдар жасау деген хоббиге келіңкірейтін болар. Өмір сүру стилі дегеннен гөрі ұстаным деуге болатын шығар. Ұядан көрген дүниеміз ғой. Көзімізді тырнап ашқалы көргеніміз қазақы тірлік. Менің аталарым мал баққан. Нағашыларым да дәл солай. Жаз жайлауда, қыс қыстауда деген сыңайдағы тірлікті өне бойымыздан өткізіп, санамызға құйып алдық. Одан кейін бұл тірліктен ажырай қою неғайбыл нәрсе. Қазақтың сайын даласы, мыңғырған мал және біздің ұлт бір-бірімен етене байланысты, біте қайнасқан ұғымдар емес пе? Солардың бәрін көріп өскесін Батыс өңіріне қоныс аударсақ та қазақы тіршіліктен қол үзбегенім – бұл менің ішкі әлемім, менің жан-дүниемнің қалауы.

- Атқа міну, тазы баптау, қамшы өру...Біз білмейтін тағы қандай қырыңыз бар?!

улан (5)

- Мен енді мақтанғанды көп ұната бермеймін. Атқа мінсем, тазы баптасам, қамшы жасасам – ол менің жаныма ләззат сыйлар дүниелер. Мені біреу танысын, мадақтасын, ортада беделім артсын деп жасамаймын. Қамшы жасауды да бизнес қылып отырған жайым жоқ. Қолымнан шыққан дүниелерді қазақылыққа жаны жақын жақсылар мен жайсаңдарға сыйлап жіберемін. Мені қарапайым халық қазақты шексіз сүйетін ұл деп қабылдаса, менің ең басты бақытым сол болмақ.

- Сіз көбіне сайын далада жүргенді ұнатасыз. Далаға шыққанда санаңызға келер алғашқы ой қандай? Дала мен Ұланды не байланыстырады?!

- Далада еркіндік бар. Ұлан да еркіндікті қалайды. Сондықтан даланы, тау, тас, сай-саланы өте қатты жақсы көремін. Негізінен қазақ пен табиғат синтезде тұрған дүние десем, артық айтқандығым болмас. Еркіндікті сүйемін, дархандықты аңсаймын. Соны маған дала береді. Түнде, ашық аспан астында, миллиондаған жұлдыз жарқ-жұрқ етіп, атқа қонып, желмен жарысқан қандай керемет сезім десеңізші?! Айдың жарығымен, мінген Найманкөзім өз көлеңкесімен жарысып келе жатқандағы көрініс...Оны сөзбен сипаттау мүмкін емес.

улан (4)

- Сізге екеуінің біреуін ғана, қызметтегі қаржыгер немесе аттан түспей, киіз үйді мекендеген қазақ болу таңдауын алдыңызға қойса, қайсын таңдар едіңіз?

- Әдемі сұрақ. Дәл осындай таңдау менің өмірімде орын алса, әлбетте мен киіз үйде көсілген, атқа мініп, далиған дархан далада алшаң басатын қоңырқай қазақтың тіршілігін таңдайтын едім. Себебі бабалар салған жол маған мұра, менің ұрпағыма мирас.

Жоғарыда атап өттік, Теректіге келген облыс, қала берді республикаға танымал тұлғалар міндетті түрде сіздің шаңырағыңызға тоқтап, дәм татады. Бұл әрине қазақтың даласынан алған дархан мінезіңіздің арқасы. Сонымен қатар келген қонағыңызға дәм ұсынып, ілтипат білдіретін жеңгеміздің де еңбегін атап өтуіміз керек. Ұлан Жанботаұлы, отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз.

- Әкем марқұм болған, анам қазір менің қолымда. Перзент сыйлап, ұрпағымды өрбіткен аяулы жарым бар. Туған бауырымның қазасы жаныма қатты батқанын жасырып қайтемін. Бір кем дүние деген бар. Сол туған бауырымнан қалған екі ұлды бауырыма бастым. Олар жалпы дүниеге келіп, тілі шыға бастағаннан мені әке, жолдасымды ана деп атайды. Екі бала да спортқа жақын. Күрестен респбуликалық, облыстық додаларда топ жарып жүр. Анамның батасын алып, ұрпағымызға «ұлтты сүй» деп тәрбие беріп, ел қатарлы өмір сүрудеміз.

- Ұлан Жанботаұлы, сізді «бүгінгі күннің Ақан серісі» деп атайды халық. Оған дау жоқ. Алайда, қаржыгер деген негізгі қызметіңізді де ұмыт қалдыруға болмас. Бүгінгі кәсіби мерекеңізбен сізді және сіз басқарып отырған ұжымды барша теректіліктер атынан құттықтаймыз. Соңғы сауал – ақша туралы сіздің ойыңыз.

- Теректінің төл басылымы, ауданның айнасы болған «Теректі жаңалығы» ұжымына осындай құрметі үшін шексіз ризашылығымды білдірсем деймін. Қазақстанымыз әлемдік экономикамен байланысы болғандықтан кейін сол әлемдік деңгейде сауда-саттық, қарым-қатынастары болады. Менің қалайтыным – теңгеміздің тұрақтылығы. Қазіргі заманда осы тұрақтылық аса қажет дүние. Ақшаны жүрекке салмасақ деймін. Әр қазақ бай әрі қуатты болса екен.

- Шынайы әңгімеңіз бен салиқалы сұқбатыңызға бек рахмет. Жұмысыңызға жеміс, отбасыңызға амандық тілейміз.

Әділет Әлібекұлы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале