Жәнібек аудандық аналар кеңесінің кеңейтілген көшпелі отырысы Қамысты ауылдық округінде «Төркіндеу – қазақ халқының салт-дәтүрі» тақырыбында өтті.
Салт-дәстүрімізді, дінімізді, тарихымызды, тілімізді дәріптеу мақсатында өткізілген шараның ел болашағы жастарға берер тәлім-тәрбиесі мол. Шараға аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Садирова, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бекет Әліпқалиев, аудандық аналар кеңесінің төрағасы Дина Сапашева, «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалия Елемесова, аудандық аналар кеңесі мен Қамысты, Тау, Ақоба ауылдық аналар кеңесінің мүшелері қатысты.
Қонақтарға шара басталмас бұрын Қамысты ауылдық кітапханасының дайындаған «Салт-дәстүрім – таусылмайтын байлығым» тақырыбындағы кітап көрмесі ұсынылып, ондағы кітаптарды кітапханашы Айна Әбілкәрімқызы таныстырды. Сондай-ақ Қамысты ауылдық мәдениет үйінде орналасқан шағын музейдегі ауыл тарихы үшін құнды жәдігерлермен Е.Ниетқалиев атындағы жалпы білім беретін орта мектептің 9-сынып оқушысы Ақерке Сүгірова таныстырды.
Көшпелі отырыс шымылдығын ауыл әкімі Нұрлан Аюпов ашып, қонақтарға «қош келдіңіз» айтып, осындай шаралардың тек жастар үшін емес, қатысып отырған әрбір жан үшін айтарлықтай маңызы бар екенін жеткізді. Әрмен қарай жезтаңдай әнші Руслан Хайрушев «Кең дала» әнін шырқап, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Әсем әннен соң аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Каримоллаұлы:
-Ел, халық болғаннан кейін өзімізден кейінгі жастарды, өскелең ұрпақты дұрыс тәрбиелеу – осы отырған барлығымыздың да басты міндетіміз. Оларға ана тілімізді, дінімізді, ділімізді, салт-дәстүрімізбен қоса мәдениетімізді таныстыруымыз, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуіміз керек. Соның ішінде еңбек ету құндылығын насихаттау маңызды деп білемін. Жан-жақты қалыптасқан толыққанды тұлға болу үшін еңбек ету қажет. Әсіресе, мына жерде келіп отырған оқушыларға қазірден «еңбек-бәрін жеңбек» екенін жете түсіндіруіміз тиіс. Себебі білім де, ғылым да – барлығы да еңбекпен келеді. Жас ұрпақтың санасына үлкен ой тастайтын ақжаулықты әжелеріміздің айтар ақылы тоқтамасын. Ұрпақ сабақтастығы жалғаса берсін! - деді.
Одан кейін аудандық аналар кеңесінің төрағасы Дина Ғалемқызы ең алдымен шараға қатысып отырған Қамысты ауылдық аналар кеңесінің мүшесі, 90 жастағы ақжаулықты әжеге сәлем берді. Қоян-қолтық араласып, бірге жұмыстас болып жүрген кеңес мүшелерімен таныстырып:
- Қазір республика көлемінде аналар кеңесінің көтеруімен «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы басталған болатын. Бұл жобаның басты мақсаты отбасы құндылықтарын өскелең ұрпақтың бойына таратып, ұлттық дәстүрді қадірлеуге, сақтауға шақыру болып саналады. Жоба 15 бағыттан тұрады. Соның ішінде біз өзімізге нақты керек 7 бағыт бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Осы қоғамдық жұмысқа бүкіл ел бойынша 15 мыңнан астам ана атсалысуда. Бұл – ақылы емес, қоғамдық жұмыс. Соған қарамастан бір кісідей араласып, берілген тапсырмаларды, жұмысты жауапкершілікпен, тиянақты атқарып жүрген 9 ауылдық округтің аналар кеңесі мүшелеріне өз ризашылығымды білдіремін, - деп, әр ауылдық округте аналар кеңесінің ұйымдастыруымен өткізілген шараларға тоқталып өтті.
Келген қонақтар да осы лебізге қосылды. Шара барысында Ақерке Ғазизова көрерменді «Ана» әнімен тербесе, Салтанат Кенжеғалиева «Қазағымның дәстүрлері-ай» әнін шырқады. Сахна төрінде ауыл әжелері дәстүрлер туралы ой қозғаса, 9-сынып оқушылары «Төркіндеу» дәстүрінен көрініс көрсетіп, жиналған халықтың қошеметіне бөленді. Аталмыш дәстүрді кеңінен түсіндіру үшін ауыл мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Рита Мәмбеталиева ортадан табылды. Аудандық аналар кеңесі төрағасы Дина Сапашева мен кеңес мүшелері Гүлнар Хайырлиеваға, Жеміс Бисеноваға, Риза Сағынаеваға және Айнұр Досболатоваға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының аналар кеңесі төрағасы Шалқыма Құрманалинаның алғысхаты табысталды.
Отырыс соңында ауылдық аналар кеңесінің төрағасы Зафуха Әбіталиқызы қорытынды сөз сөйлеп, көрермендер мен қонақтарға алғысын білдірді.
Айсұлу Жұмабай,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz