16.11.2023, 11:30
Оқылды: 39

«Ел-жұрттың аманатын ұдайы назарда ұстаймыз»

Кейінгі жылдары өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыратын жарқын жобалар жүзеге асып, көптеген нысан пайдалануға берілді. Ауылдық елді мекен­дерге ауыз су, газ құбырлары тартылып, жолдар жөнделіп, көшелер абаттандыры­луда. Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп, жұмыс­сыздық деңгейі төмендеді. Міне, осын­дай оңды істердің басы-қасында жергі­лікті мәслихаттағы депутаттар корпусы да қатар жүретіндігін бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін. Қоғамдағы өзекті мәселелер мәслихат назарынан тыс қалмайды. Осы орайда облыс халқының аманатын арқалаған халық қалаулыларының бүгінгі таңдағы атқарып жатқан жұмысы және өзге сауалдар төңірегінде облыстық мәслихаттың төрағасы Мұрат Мұқаевпен сұхбаттасқан едік. Сұхбаттың желісін назарыңызға ұсынып отырмыз.

IMG_6642

 

– Мұрат Рахметұлы, мәслихат депутаттарының мойнына артылар жауапкершілік жүгінің ауыр екенін білеміз. Облыстық мәслихаттың жаңа құрамы жасақталды. Қазіргі таң-
дағы депутаттық құрамды ел-жұрт жадында тағы бір жаңғыртып жіберсек. Қандай партиялардың қанша мүшесі бар? Ешқандай партияға мүше емес депутаттардың  қарасы  көп  пе?

 

– Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарын сайлауы 2023 жылғы 30 наурызда өткен болатын. Сайлау қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының сегізінші шақырылымындағы құрамына 30 депутат сайланды. Депутаттық корпустың жаңартылған құрамына депутаттар төрт саяси партияның тізімімен кірді, оның ішінде 10-ы – «AMANAT» партиясының мүшесі, «Ауыл» партиясынан – 2, «Ақжол» партиясынан 2, «ҚХП» партиясынан 1 және бірмандаттық сайлау округінен 15 депутаттан енген болатын. Бірмандаттық сайлау округтерден 15 депутатты партияларға бөлсек, «AMANAT» партиясынан 13, «ҚХП» партиясынан – 1 және «Respublica» партиясынан – 1. Ал ұлттық құрамы бойынша мәслихатта 26 қазақ, 2 орыс, 1 армян және 1 әзірбайжан өкілі өкілдік етеді. Ешқандай партияға мүше емес депутаттар жоқ.

Депутаттардың ортақ іске ұйымшылдығы байқала ма? Жаңадан сайланған депутаттар қаншалықты ел-жұртпен етене қызмет етуде?

– Жаңа құрамдағы депутаттар өздерінің біліктілігі мен тәжірибесіне қарап төрт комиссияға бөлінді. Олар – «Қаржы, бюджет және аймақтарды дамыту мәселелері»,  «Инновациялық даму және кәсіпкерлік мәселелері», «Әлеуметтік мәдени даму және білім мәселелері» және «Аграрлық мәселелер және табиғат пайдалану мәселелері» бойынша құрылған тұрақты комиссиялар.

Депутаттардың басым көпшілігі өте белсенді деп айта аламын. Қазірдің өзінде облыстық мәслихат өзінің 7 сессиясын өткізіп, облыс үшін келелі шешімдер қабылдады. Тұрақты комиссиялардың көптеген отырысы өткізілді. Бұл отырыстар тек қана алдын ала жоспарланған кестеге сәйкес емес, кейбір өзекті мәселелерді дереу талқылау қажеттілігіне байланысты да оздырылып отырады. Депутаттар әрқашанда халықпен етене қызмет жасайды. Оларда өз партияларының филиалдарында азаматтарды қабылдау өткізіп тұрады, мұның сыртында әр сәрсенбі күні «Депутат мінбері» арқылы теледидарда тікелей эфирге шығып, атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етеді. Қала берді, өзіңіз білесіз, әлеуметтік желі қазіргі уақытта қарым-қатынас жасауда алдыңғы орынға шықты. Біз облыстық мәслихаттың ресми сайтында әр күнгі жаңалықтарды жариялап отырамыз, «Фейсбук», «Инстаграмм» парақшаларында күнделікті тыныс-тіршілігімізді ұдайы көрсетуге  тырысамыз.

– Мұрат Рахметұлы, биыл қызметіне кіріскен депутаттар қандай іс атқарды? Бүгінде шешімін тапқан өзекті мәселелерді атап өтсеңіз.

– Сегізінші шақырылым депутаттары өз жұмысын сәуір айында бастады. Ауылдық жерге жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне бюджет қаражаты есебінен әлеуметтiк қолдау көрсетудің тәртібін қарады. Шалғайдағы аудандарға жіберілген медицина қызметкерлеріне көрсетілетін қолдауды 5,0 млн теңгеге дейін көтерді. Нәтижесінде аудандарға 113 жас дәрігерлер жіберілді.

«Теннистен облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің балалар-жас-өспірімдер мектебі» МККҚ мүліктік кешен ретінде се-німгерлік басқаруға беруден бас тарттық. Бұл мәселе қазір сотқа жолданды.

Дәл осылай «Ақжайық» футбол клубын сенімгерлік басқарудан кері қайтаруды талап еттік. Хоккей клубы да кері қайтарылатын болады.

Парламент мәжілісіндегі депутаттарымызбен бірлесе отырып, облыстың оңтүстік аудандарындағы киік мәселесінің оң шешілуі үшін жұмыстандық. Қазіргі кезде өзіңізге белгілі, республикалық деңгейде бұл мәселе бойынша үлкен шаралар қабылданып жатыр.

Әуежайдан Астана, Алматы қалаларына ұшатын рейстердің саны мен сапасы, билет құны, ұшу уақытының қолайсыздығы туралы мәселелерді көтеріп, «Азаматтық авиация» комитетінің басшылығымен Орал қаласында кездесу ұйымдастырдық. Нәтижесінде Ақтау қаласына ұшатын әуе рейстері көбейді. Алматы қаласына қосымша үлкен ұшақтар ұшатын болды. Астана қаласына да әуе рейстерін көбейтіп, олардың ұшатын уақыттарын жолаушылар үшін қолайлы уақытқа қою үшін жұмыстанып жатырмыз.

Қазіргі уақытта теміржол қатынасындағы келеңсіздіктерді де мәселе етіп көтерудеміз.

Жергілікті елді мекендерге шығып, облыстағы жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына мониторинг жасап, жіберілген кемшіліктерді жергілікті атқарушы құрылымның назарына ұсынып отырамыз.

Жалпы, біз араласпайтын мәселе, біз қарамаған сала жоқ деп айтуға болады. Жеке азаматтардан түскен арыз-шағымдар мен өтініштер, әлеуметтік желідегі көтерілген әрбір мәселе шұғыл мәслихат аппаратында зерттеліп, талқыланып, атқарушы билікке ұсыныстар беріліп отырады.

– Мұрат Рахметұлы, мәслихаттың облыс, қала әкімдігімен қарым-қатынасы қалыпты ма? Сіздің қандай да бір күрделі мәселелерді талқылау барысында жергілікті билік құрылымдарымен келіспеушіліктерге тап келген сәттеріңіз болды ма?

– Сұрағыңыз өте орынды. Халықтың қалауымен сайланғасын депутаттар өз ойын еркін, ашық айтып отырады. Жергілікті атқарушы құрылымдармен келіспеушіліктер болған емес. Болмайды да деп ойлаймын. Өйткені біз бәріміз де заң аясында қызмет атқарамыз. Атқарушы билік те өз жауапкершілігін терең түсінеді. Депутаттар тәжірибелі, өз саласының мамандары болғандықтан, мәселені шешудің оңтайлы жолдарын ұсынады, сайлаушылар тарапынан айтылып жатырған кемшіліктерді билікке ескертеді. Мұндайда популизм деген мүлдем болмау керек. Өкілетті билік те, атқарушы билік те жұмыла отырып, халықтың мүддесін ғана ойлауы қажет.

–  Облыстық бюджеттің қаржысы бірінші кезекте қай салаларға бағытталады?

– Бюджет қаржысы бірінші кезекте мұғалімдер мен дәрігерлердің еңбекақыларына, әлеуметтік салаға бағытталады. Яғни бюджеттің 50%-дан астам қаражаты осы әлеуметтік салаға жұмсалады.

 –  Депутаттардың басым бөлігі – кәсіпкерлер. Жалпы қоғамдық жұмыстар мен кайырымдылық шараларға депутаттар қаншалықты деңгейде қатысады? Қай депутатты белсенді деп атар едіңіз?

– Иә, депутаттардың денін кәсіпкерлер құрайтыны рас. Қайырымдылық шараларына депутаттар бір кісідей атсалысады. Белсенді деп біреуді бөле-жарған дұрыс емес болар. Өйткені көпшілігі өздерінің істеген жұмыстарын жария етпейді.

– Сайлаушылар қандай мәселелерді жиі көтереді? Сізді сайлаушылар қандай мәселені шешуді аманаттады?  

– Сайлаушылардың басым көпшілігі жол мәселесін, коммуналдық төлемдер туралы
мәселе көтеріп отырады. Айтылған арыздарға түсінік беріп, шешу жолдарын қарастырып, көтерілген мәселелерді ұдайы назарда ұстап отырамыз. Мен «АMANAT» партиясының тізімімен сайланғасын партияластармен бірге сайлауалды көтерілген мәселелерді бірлесіп қарап, мәслихаттағы депутаттық фракцияда талқылап, шешу жолдарын ұсынып отырамын.

–  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы жазда, Түр-
кістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың алқалы жиынында «Әділетті Қазақстан – адал азамат» атты баяндамасында кітап оқу мәдениетін жандандыру қажеттігін айтты. Мұрат Рахметұлы, осы тұрғыдан келгенде көркем әдебиетке ықыласыңыз қалай? Қандай жанрдағы әдеби шығармаларды оқығанды ұнатасыз? Жалпы бос уақытыңызды қалай өткізесіз? Спорттың қай түрі  жаныңызға  жақын?

– Жасыратыны жоқ, қазір бұрынғыдай жата-жастанып кітап оқымағалы көп болды. Әйтсе де қолым қалт еткенде, кітап беттерін парақтағанды жақсы көремін. Алдымен, «Абай жолы» роман-эпопеясын оқимын. Ілияс Есенберлиннің шығармаларын да түгелге жуық оқып шыққан едім. Жас кезімде Расул Гамзатов іздеп оқитын ақындарымның бірі болатын. Орыс әдебиетінен Ф. Достоевский, М. Булгаковты, шетел әдебиетінде бразилиялық прозаик Пауло Коэльоны жиі оқыдым. Ал бос уақытым болғанда міндетті түрде спорт- залынан табыламын. Жас кезімде қай-қай спорт түрімен де айналысып көргенмін, алайда қазіргі жаныма жақыны – үстел теннисі. Жеткен нәтижелерім де жоқ емес. Мақтанып қоюға болады, соңғы 10-15 жылда облысымызда мемлекеттік қызметшілер арасында өткен үстел теннисі жарысынан бірінші орынды ешкімге берген жоқпын. Республика көлемінде де мемлекеттік қызметшілер арасындағы сайыста әрқашан жүлделі орындардан табыламын.

Ал, енді осы мүмкіндікті пайдаланып, газет оқырмандарына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Сайланған бір бөлек, депутаттық аманатқа адал болып, халыққа қызмет ету – біздің парызымыз. Алдағы уақытта да атқарылып жатырған жұмыстар жөнінде пікір алмасуға әзірмін. Жоспарларымыз көп, шешімін күтіп жатырған мәселелер де баршылық. Сондықтан осы шаруалардың бәрін кезек-кезегімен шешіп, облысымыздың, еліміздің экономикасын нығайтуға бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз.

 

Сұхбаттасқан

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале