16.11.2023, 16:45
Оқылды: 56

Алтын қолды дәрігер

(дәрігер бауырым туралы бір үзік сыр)

Анамыз Ханзада Әйтенқызы он үш құрсақ көтерген Батыр ана болатын. Сөзге шешен, мінезге бай, көркіне болмысы сай салиқалы жан еді. Сол балаларының он бірін аяғына тұрғызып, еңбекке енді араласқан біздің қызығымызды толық көре алмай, алпысқа да жетпей дүниеден озған-ды. Әңгімені бұлай бастауымның өзіндік себебі бар...

WhatsApp Image 2023-11-05 at 18.52.35

Әли – үлкен  отбасының жетінші перзенті. Түр-тұлғасы, сөз саптауы, маңғаз мінезі, жүріс-тұрысы, ой-өрісіне қарап еріксіз анамызды еске алуға тура келеді. Бала-шағалы үйдің күйбең тірлігі таусыла ма?! Әрқайсымызға бөліп берген тиесілі міндеттеріміз бар. Ал  Әли болса, тындырымды ісімен, қаршадайынан анамыздың жанында құрақ ұшып жүріп, үйдің шаруасына жәрдемдесумен қатар балалықпен ойын қуып кетпей, өзінен кейінгі іні-қарындастарына қамқор бола білді. Оқуға зерек, қолы босай қалса, домбыра шертіп, өлең айтуға құштар еді. Жастайынан  өнер  өрісіне  ұмтыла  түскені  анық-ты...

Қызылорда облысының Арал ауданына қарасты Сексеуіл елді мекеніндегі №423 қазақ орта мектебін үздік бағамен тәмамдаған Әли Бектұрғанов, екі жыл қатарынан Алматы консерваториясына барып бағын сынап көрген. Сол кездің өзінде де жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтан тауы қайтып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеген соң, Ақтөбе медицина институтына жолдама алады. Осылай өнер жолын таңдаған Әли Мыңды-Қазиұлы ойламаған жерден ақ халат киіп, институтты бітіріп, қолына дипломын алған бойда Маңғыстау өңіріндегі Жетібай мұнайшылар кентінің ауруханасына хирург-травматолог мамандығы бойынша денсаулық саласына бар ынта-жігерімен жүрексінбей кірісіп кетті...

WhatsApp Image 2023-11-05 at 18.52.16

Кен орындарындағы қайнаған өндірісте әртүрлі деңгейде жарақат алған жұмысшылар мен тоқсан жолдың торабы Жетібай кентінен ағылып өтіп жататын даңғыл бойындағы жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен жолаушыларды бұрын-соңды облыс орталығы Шевченко қаласына жіберетін болса, ендігі кезекте тікелей жас хирург Әлидің алдына алып келетін. Уақытпен санаспай еңбек етіп, ауыр жарақат алған адамдардың өмірі үшін бар білім-білігін жұмсауға тырысты. Күніне бірнеше мәрте қиын ота жасаған жас маманның саусақтарының өзі  сырқаттың сырын ұғынуға дағдыланып, әріптестері мен тұрғындардың мақтанышпен айтып жүретін ілтипатына бөленеді. «Қолы алтын дәрігер... Әли сынықшы...» деген атақ ел арасына тез тарап та үлгереді. Осындай жедел хабар облыстық денсаулық сақтау басқармасына да желдей есіп жеткен болатын. Үлкен өндіріс орны орналасқан Жетібай елді мекенінде бес-алты жыл төңірегінде бар ынта-жігерімен қызмет істеп, жақсы тәжірибе жинақтаған Әлиді, кадр тапшылығына байланысты облыстық аурухананың хирургия  бөліміне  ауыстырып  жібереді...

Қалада да қауырт жұмыстар күтіп тұрғаны белгілі. Күн сайын қанша сырқаттың сырын анықтаумен алысса да, алдына тұнжырап келген емделушілерді жылы шыраймен қабылдауға әбден дағдыланып алған еді. Ауырған адам  ең бірінші кезекте дәрігердің қалай қарсылайтынына назар аударады ғой. «Түсі игіден түңілме» деген тәмсіл сөздің бары рас болса, халық денсаулығына қатер төнген сәтте адамның бет-пердесінен арғы ындысын топшыласа керек. Ал сырқаттан шаршаған пенденің көңіл күйін ары қарай безбендеудің қажеті жоқ болар. Әлидің ақ халат киіп, адам жанына арашаға түскелі  іштей  түйген  ойы  осыған  саяды...

Облыстық ауруханада қызмет еткелі он шақты жылда қала тұрғындары былай тұрсын, жетібайлықтар да өздері бауыр басып қалған дәрігерінің аялы алақанын аңсап, әдейі Әлиге қаралу үшін облыс орталығына ағылатын-ды. Бір аймақта тұратын адамдардың облыстық ауруханада сырқатының сырын анықтауына барлық мүмкіншілік қарастырылғандықтан, Әли алдына арнайы ат басын тіреп келген емделушілердің тауын қайтармауға тырысатын...

Араға жылдар салып, Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданына қарасты Ақсай қаласында орналасқан Қарашығанақ мұнай кенішінің әкімшілігі, Жетібайдағы жарнама осы өңірге де жеткендей, өздеріне қарасты емханаға бас дәрігерлік қызметке шақырады. Бұл 1992 жылдың бас кезі болатын. Әли ұзақ ойлана келісімін беріп, Ақсай қаласына  қоныс  аударған.

Айта кететін қызық жәйт, дәл осы кезеңде де сүйікті дәрігерін сонау Маңғыстаудан Ақсайға арнайы ем-дом алуға іздеп келетін жетібайлықтардың да легі тоқтамаған. Әли оларға шын жүректен алғысын айтып: «Ардақты ағайындар, егер қонаққа келсеңіздер, менің шаңырағымның есігі сіздерге қашанда ашық... Бұл сапарларыңызды дәрігерлік қызметіме берген жоғары баға деп қабылдауға бармын. Менің де өздеріңізге бауыр басып қалғанымды жасыра алмаймын. Әрине, «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендей, алғаш рет ақ халат киіп, сіздерге қызмет еткен бақытты күндерім көңіл көкжиегімде мәңгі бақи сақталып қалғаны рас. Ақсай да Жетібай сияқты кеншілер мекені. Өздеріңіз көргендей, өнеркәсіпке арналған емхана болғандықтан, тіпті қала тұрғындарын да қабылдай алмаймыз. Осыны дұрыс түсінгейсіздер?! Ал сіздерден хабар тосып отырған бауырларыма да сағынышты ыстық сәлем жолдаймын», – деп сөзін түйіндегенді.

Үлкен қазба байлығы бар Ақсай былай қарағанда шағын қала болып көрінгенімен, өндірістегі қайнаған тірліктің тізгінінде басқа аймақтардан қатынап ауысыммен күндіз-түні жұмыс істеп жатқан кеншілер бар. Сондай-ақ кеніште еңбек ететіндер де сырқаттанып немесе түрлі себептермен жарақат алып келетін науқастардың қарасы қалың болатын. Әли басқарған шағын ұжым күнделікті солардың бәріне жарқын жүзбен қызмет ете білді. Әрине, ақ желеңді абзал жан, кәсіби дәрігердің ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Қазақстан мұнай өндірісі мен Қарашығанақ кенішінің атаулы даталарында және Ақсай қаласы мен Бөрлі аудандарының мерейлі мерекелері қарсаңында, сондай-ақ кәсіподақ ұйымына сіңірген еңбегі үшін  қоғам мен алқалы топтың алғысына ие болып, төсбелгілермен марапатталған еді...

Әли Мыңды-Қазиұлы аудан, облыс көлеміндегі қоғамдық келелі мәселелерге де белсене атсалысады. Бөрлі ауданы әкімдігі қоғамдық кеңесінің төрағасы, облыс мәслихаты қоғамдық кеңесінің белсенді мүшесі ретінде де өзі тұратын аудан көлемінде және Орал өңірінде жоспарланып жатқан игі бастаманың басы-қасында болып, білім-білігімен жастардың жарқын болашағы мен халқымыздың ертеңіне арналған ауқымды шаруалардың нақты шешімін табуына ықпал етіп келеді. Әрине, үлкен ортада абырой биігінен көрініп жүрген ақ желеңді абзал жанның әр қадамын сараптап, сөз маржанын теріп түйіндеуімдегі мәйелі мұратым – кейінгі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге, бағыт-бағдар бере алатын темірқазық жұлдыз іспетті сәулелі нұрлы жолдың сүрлеуін діттеу еді...

«Алтын дәрігер» төсбелгісінің иегері, ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі, Бөрлі ауданының құрметті азаматы  Әли МыңдыҚазиұлы Бектұрғанов, дәл бүгінгі күні ел ағасы жетпіс жасқа толып отыр.  Асыл жары Айна екеуі – Гүлмира, Айжан, Дана қыздарын аталы жерге қондырып, ұлы Мұхаммедпен келіні Лаурадан Дария, Ұлан, Кәмиладай немерелер сүйіп отырған бақытты жанұя. Он саусағынан өнер тамған күйші, күміскөмей әнші, әрі сазгер, сегіз қырлы, бір сырлы Әли бауырыма адам баласына тән бар жақсылықтарды тілеймін!

Алпамыс Бектұрғанов,

жазушы,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале