16.11.2023, 12:45
Оқылды: 46

БҚО-дағы әдеп кеңесі: мемлекеттік қызметкер төртінші рет «тұтылды»

Оралда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті.

IMG_6078

Аталмыш жиында кеңес төрағасы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне қарасты БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсалов күн тәртібіндегі бірнеше мәселені атап, олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталатындарын айтты. Бірінші кезекте Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметовтың тәртіптік ісі қаралды.

Ол биылғы шілде айының 22-сі күні жұмыстан тыс уақытта, яғни түнгі сағат 22:00 шамасында «Toyota Land Cruiser Prado» ныспылы қызметтік көлікпен Самара – Шымкент тасжолының 394-526 шақырымы аралығында ірі қара малды қағып кеткен. Мән-жайды анықтау мақсатында облыс әкімінің 2023 жылғы 29 тамыздағы №292 өкімімен  жұмыс тобы құрылып, Сырым ауданы әкімдігіне барып тексерген. Тексеру барысында облыстық полиция департаменті патрульдік полиция бөлімінің қызметкерлері келіп, оқиғаның жай-жапсарын анықтау жұмысын жүргізген. Осы кезде Е. Ахметов өзі басқарған көлікке ешқандай материалдық шығын келмегенін хабарлаған. Аудан әкімдігі қызметкерлерінің түсініктемелеріне сәйкес сол күні Е. Ахметовке іссапарға жіберу туралы жазбаша өкім шықпағаны белгілі болған. Осылайша аудан әкімінің орынбасары мемлекеттік қызметшілерге қатысты Әдеп кодексінің және ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» заң талаптарын бұзғаны анықталған. Аталмыш оқиға бойынша Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов өзінің кінәсін толық мойындағанымен, кеңес мүшелеріне аудандағы полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесе рейд жүргізу барысында оқиғаның болғанын айтып ақталды.

– Меніңше, аталған ауданда мал бағымы дұрыс ұйымдастырылмаған. Соның салдарынан осындай оқиғалар орын алуда. Бұл – сіздің тікелей функционалдық міндетіңіз. Біз кеңестің отырысында осымен сіздің мәселеңізді төртінші рет қарап отырмыз. Былайша айтқанда, сізді тыңдау әрі кешіре беру бізге ұят. Осыған не айтасыз? – деп Е.Ахметовке сұрақты төтесінен қойды кеңес мүшесі, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев.

Ал Сырым ауданы әкімінің орынбасары Е.Ахметов мал бағу жұмысы бойынша шаруа қожалықтарына ескертулер жасалатынын мәлімдегенімен, өзінің ісі төртінші рет қаралып жатқаны жөнінде жарытып жауап қатпады. Сондай-ақ кеңес мүшелері қандай да бір рейд жүргізілуі үшін жазбаша рұқсаттың және арнайы кестенің болу керектігін тағы бір мәрте есіне салды.

– Күні бүгінге дейін Е.Ахметов мемқызметшінің әдеп қағидаларын бұзғаны үшін қатаң сөгіс алған. Осылайша Президенттің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152  Жарлығымен бекітілген мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының 27-тармағына сәйкес қолданылған жаза болған кезде мемлекеттік қызметшінің жасаған теріс қылығы елеулі болып саналады. Сол себепті мен Сырым ауданының әкімі Ерболат Ахметовке қазіргі лауазымдық қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде ескерту беруді ұсынамын, – деді кеңес төрағасы Мұрат Сейілбекұлы. Кеңес мүшелері бұл ұсынысты түгел мақұлдады.

Келесі кезекте облыстық қазынашылық департаменті Қаратөбе ауданы қазынашылық басқармасының басшысы Абзал Елеусіновке қатысты мәселе қаралды. А.Елеусіновтің тәртіптік іс материалдары жөнінде аталмыш департаменттің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Дулатбек Молдағалиев баяндады.

– Орал қаласы әкімшілік-құқықбұзушылық бағытындағы мамандандырылған сотының 2023 жылғы 20 қыркүйектегі қаулысы негізінде Абзал Елеусіновке байланысты қызметтік тергеу-тексеру жүргізілді. Соттың қаулысына сәйкес оған қыркүйектің 16-сы күні сағат түнгі 02:00 шамасында (Найманов магистральды тасжолында) автокөлікті масаң күйде тізгіндегені үшін кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және көлік басқару құқығынан 7 жылға айыру туралы әкімшілік жаза қолданылған. Сөйтіп ол мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің жекелеген талаптарын бұзған, – деп баяндады Д. Молдағалиев. Кеңес мүшелері аталмыш тәртіптік іске қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, кінәсі тергеу-тексеру нәтижесінде толық дәлелденген А.Елеусіновті әдеп қағидаларын сақтамағаны үшін қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартуды ұсынды.

– Кез келген мемлекеттік қызметші қызметтен тыс кезде де қоғамда қалыптасқан моральдық-этикалық қағидаларды міндетті түрде сақтауы тиіс, – деді кеңестің төрағасы.

ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетіне қарасты БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде мемқызметке қатысты заң талаптары мен қызметтік әдеп талаптарын сақтау жөнінде облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы, әдеп жөніндегі уәкіл Тасқын Ақбаев есеп берді. Оның айтуынша, департаментте әдеп жөніндегі жиналыстар жиі өткізіліп келеді. Қазіргі кезде департаментте 370-ке жуық қызметкер бар. Сондай-ақ ол жыл басынан бері 17 қызметкердің жұмыстан өз еркімен босағанын мәлімдеді.

– Соншама қызметкер қызметтен өз еркімен не себепті кетті? – деп сұрады кеңес мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин.

– Көп жағдайда айлық жалақының аздығынан, – деп жауап берді Т. Ақбасов. Тасқын Тұрағалдыұлының сөзіне қарағанда, қызметкерлердің орташа айлық ақысы 180 000 теңге көрінеді. «Мұндай жалақыға мамандардың тұрақтауы қиын және олардың екі-үш жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинақтағаннан кейін жалақысы жоғары қызметке ауысуды көздейтіні анық. Сондықтан осы мәселені өз деңгейінде көтеру қажет деп есептеймін», – деді кеңес мүшесі М. Мұқаев.

– Назар аударатын тағы бір мәселе – мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан тыс уақытта әдеп қағидаларын сақтауы. Осыған байланысты биыл 9 ай ішінде екі қызметкер қызметтен тыс кезде автокөлікті масаң күйде басқарған. Тасқын Тұрағалдыұлы, осы бағытта әдеп жөніндегі уәкіл ретінде пәрменді жұмыс жүргізу қажет, – деді Мұрат Сейілбекұлы. Өз кезегінде Т. Ақбаев сын-ескертпелерден тиісті қорытынды шығарылатындығын тілге тиек етті.

Кеңес отырысында облыстық білім басқармасы және оған бағынышты мекемелердің қызметінде жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау қорытындылары да қаралды.

Аманжол Исламғали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале