Облыста басталған «Жаңа Қазақстанның тірегі – айбынды жастар» әскери-партриоттық акциясы аясында Теректі ауданының Подстепный №1 мектебінде шара өтті.
ҚР Қарулы Күштерінің оң имиджін және әскери қызметтің беделін арттыру, жас ұрпақты Отан сүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында қолға алынған акцияны жүзеге асыру мақсатында өңірге келген Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобымен кездесуге Госплемстация, Шаған орта мектептері және Подстепный ауылындағы қос мектептің «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері, жоғары сынып оқушылары жиналды.
Теректілік ұландармен жүздесуге келген топ құрамында Қорғаныс министрілігінің Тәрбие-идеологиялық департаментінің офицері Дәулет Бейсеков, ҚР Қорғаныс Министрінің әскери білім және ғылым департаментінің өкілі, полковник Ерболат Әділбаев, «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев және Батыс Қазақстан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Арман Үсенбаев болды. Мемлекеттік гимн орындалып, салтанатты басталған шарада арнайы өкілдер акция жайлы айтып, Қарулы Күштердің міндет-мақсаты жайлы сөз қозғады.
Госплемстанция орта мектебінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі және «Жас сарбаз» клубының жетекшісі Қайырбек Байғалиев клуб жетістіктерімен таныстырып өтті. «Жас сарбаздар» қатарынан өнер көрсеткендер болды. Оқушылар алғашқы әскери дайындық сабағында үйренгендерін көрсетіп, автоматты тез шашып-жинады. Жастайынан әскери болуды армандап жүргендер де бар екен. Олар әскери қызмет, арнайы оқу орындары жайлы сұрақтар қойды.
Ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелері жергілікті «Жас сарбаздардың» іс-қимылына сүйсініп, жасөспірімдер қойған сұрақтарға жауап берді.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz