Жуырда Переметный ауылдық округіндегі мәдениет үйінде «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы аясында грант алушылардың жәрмеңкесі өткен болатын. Жәрмеңкеге елуге тарта кәсіпкерлер қатысып, сүт, жартылайфабрикаттар, тігіншілік, кондитерлік өнімдердерін халыққа қолжетімді бағада ұсынды.
Аудан бойынша 2022-2023 жылдары аралығында 103 азамат грант иегері атанды. 132 542,0 мың теңге қаражат игерілді. Мемлекеттік гранттар сұлулық салоны, кондитерлік өнімдер өндірісі, мал мен шаруашылықтары, IT сервис саласы, полиграфия қызметі, жартылай фабрикаттар өндірісі, автосервис пен тіс емдеу орталықтары, тігіншілік кәсібін дамытуға берілді. Жәрмеңкеде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев, кәсіпкерлердің мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды мақсатты пайдаланып, нәтижеге бағытталған іскерлік қырларын атап, сәттілік тіледі.
- Адамның қолынан бәрі келеді. Бұл жәрмеңке адамзаттың мүмкіндігінің шексіз екенінің тағы бір айғағындай. Грант алып, өз ісін өркендеткендер қатарынада мүмкіндігі шектеулі жандар, асыраушысынан айырылғандар, я болмаса басқа да қиындыққа түскен жерлестеріміз бар. Мемлекеттік грант – жұмыссыз азаматтарға беріліп отырған үлкен мүмкіндік, игі бағдарлама. Осыны пайдаға асырып, тұрмысын түзеп, жаңа жұмыс орнын ашып отырған азаматтардың алғырлығы бізді қуантады. Әр бастамада сәттілік серік болсын дейміз. Әр қазақтың үйіне бақыт-береке, қуаныш ұяласын» деді Ерлан Ерсайынұлы. Аудан кәсіпкерлерінің берекелі ісіне оң бағасын берген облыстық «Еңбек мобильділігі орталығының» басшысы Аэлита Әбілқайырова да өңірдің экономикалық дамуына қосып жатқан үлестері үшін алғысын айтып, істеріне табыс тіледі.
Жәрмеңкеге шығарылған өнімдер жергілікті халықты табиғи құрамымен ғана емес, қалта қақпайтын құнымен де қуантты. Мәселен, Трекин ауылдық округіндегі «Карагушева А.Д» ЖК иесі Әсел Карагушева мемлекеттік грант қаржысына 2022 жылдың қыркүйегінде қол жеткізіп, бүгінде тәтті торттары мен пирогтарын ауыл-аймақтан бөлек қалаға да шығарып сатуда. Бал қосылған әр торттың бағасы – 3500 теңгеден, шығыс пирогы – 3500, қаймақтан дайындалған пирогтарын – 2500-ден саудалауда. Кәсіпкер өз тәттілерінің құнарлылығы көк базардағы өнімдермен салыстыруға келмейтінін айтады. Әрі мемлекеттік грант ойға алған істі батыл бастап кетуге үлкен демеу болғанын жасырмайды. Ол бөлінген ақшаға үлкен пеш пен тоңазытқыш алған. «Ал алдағы уақытта грант негізінде шикізат құны да грант қарастырылса, өз ісін бастаушыларға көп көмек болар еді» дейді іскер жан. Щапов ауылының тұрғыны, «Нұрай» ЖК басшысы Айзада Аманғалиева да грант ұтып, өзінің кондитерлік ісін бастаған. Өнімдерін ауыл мен қала халқына ұсынып отыр. «Қазір міне салық төлей бастадым. Мемлекет тарапынан осындай мүмкіндік туып тұрғанда, неге еңбектенбеске. Өзім сияқты ойлаған ісін жүзеге асырып, грант иеленген жерлестерімді құттықтаймын! Кәсіп көкжиегін кеңейтіп, өркендей берейік!» - дейді кәсіпкер.
Берекелі жәрмеңке соңы «Жан шуағы» қайырымдылық концертіне ұласты.
Гүлжаз Баделова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz