22.11.2023, 16:30
Оқылды: 62

Адал еңбекті мақсат тұтқан Мерлан

Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әр мемлекеттік қызметкердің міндеті.

Қарапайымдылығы мен адалдығы көпке үлгі жас мемлекеттік қызметкерлердің бірі – Мерлан Еркеғұлов.

b4341059-33c5-49e4-b034-dd75379f93c7

Мерлан Талғатұлы 1991 жылы Тау ауылында дүниеге келген. 2008 жылы Ғ.Абдуллин атындағы мектепті бітіреді. 2008-2012 жылдары М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың тарих факультетінде оқиды. Қолына диплом алған жас маман ойланбастан туған жер төсіне тартады. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен алғаш еңбек жолын Ақоба ауылындағы Х.Халиуллин атындағы мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастайды. Мерланды осы кезде әріптес болып, тани бастадым. Жалпы оның мінезі тұйық, көп адаммен ашылып сөйлесе бермейді. Сабырлы болмысы бір қалыпты тұрады. Есесіне жұмысын іспен көрсете білетін қасиетімен ерекшеленді. Өйткені жас маман мұғалім тапшылығына байланысты бірден барлық сыныпқа сабақ берді. Оның ішінде 11-сыныпта бар. Мектепті аяқтағалы отырған түлектерді болашаққа жолдама берер сынақ – ұлттық бірыңғай тестіге дайындау қажет. Мерлан жас болса да қорықпай жауапкершілікті алып, білек сыбана жұмысқа кірісті. Иә, бұрынғы әріптесі ретінде оның сынып жетекшілік қызметін де, сабақ беру қабілетін де жоғары бағалар едім. Өйткені тарихтан бөлек, таңдау пәннен дүниежүзі тарихын таңдайтын балалар да бар. Мен оқушыларды қазақ тілінен, Мерлан тарих пәнінен дайындады. Сол кезде әріптесімнің уақытпен санаспайтынына талай рет куә болдым. Мерлан оқушылармен ерінбей қосымша сабақтар өткізіп, мектеп жабылғанша «тестке дайындап» отыра беретін. Том-том кітаптарды өзімен бірге тасып жүреді. Айта кету керек, оның алғашқы 2013 жылғы түлектері ұлттық бірыңғай тестілеуге түгел қатысып, барлығы да жоғары балл жинады. Оқушылары 100 пайыз білім сапасын көрсетіп, жас мұғалімнің мерейін өсірді. Бұл дегеніміз қазіргі көп жаста кездесе бермейтін жас мұғалімнің жұмысына деген жауапкершілігінің көрінісі еді.

- Тарихты жан тәніммен сүйіп оқыдым. Оқушы кезімде ежелгі заман тарихына деген қызығушылығым ерекше болды. Мифтерді, аңыздарды жастана оқитынмын. Содан соң тарих пәнінің мұғалімі, ұстазым Күләш Ахранқызының жетекшілігімен осы пәнді таңдап, тарих факультетіне оқуға түстім, - дейді Мерлан Талғатұлы.

Мерлан кітапты өзіне серік етті. Қолы қалт етсе кітап оқитын еді. Тарих пәнінен тәлім беріп жүріп те өте көп оқыды, ізденді, үнемі даму үстінде болды.

- Мектепте мұғалім болып жүргенде басқа мемлекеттердің мемлекеттік басқару жүйелері туралы тақырыптар қатты қызықтыратын. Осы тақырыптар аясында көптеген мақала, кітап оқыдым. Осы қызығушылығым мемлекеттік қызметке келуіме де себеп болған сияқты, - дейді мемлекеттік қызметкер.

2014-2017 жылдары Ақоба ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман қызметін атқарады. 2017 жылы Жәнібек ауданы әкімі аппаратына бас маман болып жұмысқа орналасып, 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Жәнібек ауданы әкімі аппаратының бас инспекторы қызметін атқаруда.

Мемлекеттік қызметі туралы ол былай дейді:

«Мемлекеттік қызметкер – мемлекетке қызмет етуші. Мемлекет кімнен тұрады? Мемлекет халықтан тұрады. Яғни, халыққа қызмет ету деген сөз. Халыққа қызмет ету оңай емес. Оның үлкен жауапкершілігі бар. Қандай қызмет атқарсаң да, елге адал еңбек ету қажет. Әрбір азамат туған жерін шексіз қадірлеп, құндылықтарға құрметпен қарап, өз қызметін жауапкершілікпен атқарғанда ғана елге сыйлы, қоғамға қадірлі болады деп ойлаймын».

Мерлан Талғатұлы өзіне артылған жауапкершілікті жақсы біледі. Дәл қазіргі қызметін 5 жылға жуық атқарып отырса да өсуді, атын шығаруды көздемейді. Мемлекеттік қызметтегі қай істі болсын абыроймен атқарғанды ғана мақсат тұтады. Дәл осы қасиетін әріптестері де құрметтейді. Артық әңгіме айтпау, бір қалыптан таймау, қарапайым болу– Мерланның басты ұстанымы. Бүгінде Мерлан Талғатұлы Альфия есімді арумен отау құрған. Жас отбасы екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Жары Альфия білім саласында қызмет етеді.

Әсемгүл Әбділда,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале