23.11.2023, 18:00
Оқылды: 22

Жаңақала жайсаңдарын құрметтеді

Осыдан он бір жыл бұрын Орал қаласында тұратын жерлес-ардагерлердің басын құрап, «Алматы» мейрамханасында жиын өткізіліп, қоғамдық ұйым құрылып, оған «Жаңақала жайсандары» деген атау берілген болатын.

66cb70d4-8f0a-4474-a1b0-5423bfeeee75

Иә «Жыл дегенің жылғадан аққан су сияқты» дегендей одан бері де жылдар жылжып, айлар аунап, күндер зырғып, уақыт біраз жақсыларымыз бен жайсандарымыздың жүзін жасырыпты. Осы іске бастамашы болып, ұйымның тізесінен тұруына ерекше ынта білдіріп, қамқорлығын аямаған сол кездегі аудан әкімі Лавр Хайретдиновтың өзі де пайғамбар жасына жетіп, құрметті еңбек демалысына шықты.

Жаңақала аудандық ардагерлер кеңесінің бастамасы, аудан әкімінің қолдауымен «Жаңақала жайсандары» ауданымызға келіп, ауданның қазіргі тыныс-тіршілігімен танысып, ардагер ағаларымыз ел азаматтарымен қауышып, арқа-жарқа, мәре-сәре болған күйлеріне куә болдық.

Келген меймандарға ауданда атқарылған істер, кешенді ғимараттар таныстырылған соң, аудандық рухани орталықтағы кітапханада бас қосты.

0d764f9a-dac1-4c53-8757-4272ff831daf

Айта кету керек, аудандық ардагерлер кеңесінің жаңа құрамы аз уақыттың ішінде көптеген іс тындырды. Аудандық кеңес ең алдымен барлық округте болып, жергілікті ұйымдардың жұмысымен танысып, бірқатар ұйымға жаңадан төраға сайлап, кешенді жұмысты жүйелі түрде қолға алды.

Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген тәмсіл бар. Ардагерлер кеңесі осы кезге шейін айта-айта жауыр болған ауыл жанындағы қорымды қорғау жұмысын шұғыл қолға алды. Ауыл тұрғындарынан жетерліктей болмағанмен біраз қаржы жиналып, жұмыс басталып кетті. Тағы бір айта кетер жәйт қорымға баратын көтерме жол салу жұмысы да кеңес бастамасымен қолға алынды.

Халқымыз «Орнында бар оңалар» дейді. Бұл енді бақилық болған жанның артындағы ұрпағының іс-әрекетіне бағышталып айтылатын сөз. Дегенмен осы сөзді ауданымыздағы Сакко (№2 Жаңақаламектебі) атындағы  мектептің әр жылдардағы түлектеріне қаратып айтсақ та артықтық етпес. Кейінгі жылдары тұрғын үйге айналдырылып, әбден тозығы жеткен соң сүрінген мектеп ғимаратының орнына саябақ жасау жұмысы өткен жылы басталған болатын. Аудандық ардагерлер Кеңесін басқарып отырған азаматтар осы істі де қолға алып, тарихи мектеп орны қоршалып, мектеп жөнінде ән ұранның, онда қызмет жасаған ұстаздардың есімдері жазылған ескерткіш тақта тұрғызылып, көшеттер отырғызылды.

Жақында өткен бұл шарада мектептің байырғы директоры, Жаңақала ауданының құрметті құрметті азаматы, тоқсанның төріндегі С.Қойшығалиев пен ұлағатты ұстаз К.Абдолова құттықтау сөз айтып, лента қиған болатын.

Аудан әкімі А.Көшкінбаев ардагерлер кеңесіне дербес ғимарат берді.

Шыбынсыз жазға бергісіз болып тұрған табиғат жарықтық аяқ астынан бұзылды. Қарашаның 21-нен 22-сіне қараған түні кенеттен жел көтеріліп, тып-тыныш дүние алай-дүлей боранға айналды. Күн райы ертесіне де қайтпады. Қарсы жел күшейіп, соңы мұздаққа ұласты. Электр жарығы сөнді, байланыс үзілді. Соған қарамастан ардагерлер кеңесі ауыл ақсақалдарымен бірге меймандарын қарсылап, қабақтарына кірбің алмай дәстүрлі қонақжайлылық рәсімін көрсетті.

Басқосуда аудандық кеңес төрағасы Қ.Жайымов келген меймандарды таныстырғаннан кейін аудан әкімі А.Көшкінбаев ардагер – жерлестерімізге жылы шыраймен қош келдіңіз айтып аудан көлемінде атқарылып жатқан істер мен алдағы жоспарларын айтты.

Одан кейін аудан басшысы 75 жасқа толған К.Улиясов, Ж.Өтеқаев және 70 жасқа толған Т.Өтешқалиевке құрмет көрсетті.

Бұл азаматтардың қай-қайсысы да мұндай құрметке лайық жандар еді.

К.Улиясов ұзақ жылдар халық ағарту саласында жемісті еңбек етсе, Ж.Өтеқав алдыңғы қатарлы механизатор болды. Он саусағынан өнер тамған өнерпаз. Атақты Мәмен күйшінің жұрағаты. Т.Өтешқалиев – комсомол, кеңес партия ардагері, өңірімізге танымал өлкетанушы. Келген қонақтардың қай-қайсысы ауданымыздың дамуына айрықша еңбек сіңірген жандар.

Ж.Темірғалиев – аудан шаруашылықтарында бас зоотехник, кеңшар директоры, Ж.Төлеуғалиев-құрылыс маманы, Ж.Танзенов – мектеп директоры Б.Сатқанов – бөлімше меңгерушісі, МТұрашев – зоотехник, бөлімше меңгерушісі, Ж.Нұғманов – комсомол қызметкері, Б.Жұбантаев, А.Бижанов – механизаторлар олардың қай-қайссын алсақ та өңіріміздіңыстығына күйіп, суығына тоңған майталмандар.

«Жаңақала жайсаңдарының» жетекшісі Е.Әйпешов баспасөз саласының ардагері, Қазақстанның құрметті журналисі.

Жаңақала ауданының құрметті азаматы А.Ғайнеден жерлестерімізге көрсеткен құрметті құрметі үшін аудан басшысына алғысын айтты.

Қонақтар атынан сөз алған Е.Әйпешов пен К.Улиясов, қалада тұратын ардагерлерге көңіл бөліп, арнайы көлікпен алдырып, зор құрмет көрсеткені үшін аудан әкіміне, аудандық ардагерлер кеңесіне алғыстарын айтты.

Мұндай өзара байланыс алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Закария Сисенғали,

қоғамдық тілші

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале