30.11.2023, 9:45
Оқылды: 53

ANT-технологиясы бойынша жол жөнделмек

Биыл Қаратөбе ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауқымында жол құрылысы бойынша екі жоба жүзеге асуда. Оның бірі – Сулыкөл ауылындағы автожол. Конкурс жеңімпазы маусым айында анықталған. Мердігер құрылыс-монтаж жұмысын шілде айында бастады. Ауылішілік жолдың 2,9 шақырымына асфальт төселді. Жобаға бөлінген 368 млн 335 мың теңгенің 95 пайызы игерілді.

WhatsApp Image 2023-11-27 at 14.46.44

Қаратөбе аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Нұрбек Ақсұлтановтың (суретте) мәліметі бойынша, Қарақамыс ауылының автожолдарын күрделі жөндеуге 298 миллион 583 мың теңге бөлінген. Мердігер жобаға сай 2 шақырым 890 метр жолға қиыршақтас төседі. Бүгінге дейін ауылішілік жолдың жарты шақырымын асфальттап үлгерді.

– «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РММ мамандары құрылыс материалдарынан сынама алып, ұдайы тексеріп отырады. Жалпы аудан бойынша атқарылуы тиіс бірнеше жол жобасы дайын тұр. Қаратөбе – Қарақамыс аудандық маңызы бар аутокөлік жолының 29-55 шақырымын орташа жөндеуге облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім жолданды. Қаратөбе – Сулыкөл бағыты бойынша 27 шақырым аутожолды күрделі жөндеуге арналған ЖСҚ-ға түзету енгізіліп, бұл жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде, – деді Нұрбек Аманжолұлы.

f9f0298b-26c9-4781-a6a9-f3335512a836

Биыл Қоскөл ауылының 8,7 шақырым кіреберіс жолын жөндеу басталды. Бас маман ауа райының қолайсыз болуына байланысты жөндеу жұмысы кідіріп жатқанын хабарлады. Ақсұлтановтың айтуынша, аудандық маңызы бар автожол желісінің жалпы ұзындығы – 268,7 шақырым. Оның 185 шақырымы құмды-қиыршықтасты, 83,7 шақырымы топырақты жолдар. Осы жолды күтіп-ұстау міндеті «Start Stroy Service» ЖШС-на жүктелген.

Қаратөбе ауданындағы автожолдарды асфальттау – кезек күттірмейтін өзекті мәселелердің бірі. Былтырдан бері Шөптікөл ауылының кіреберіс жолы күрделі жөнделуде (1 км 717 м). Биыл 400 метр жолға асфальт төселді. Қаражат толық төленбеген соң, жөндеу жұмысын 2024 жылы аяқтау жоспарланған.

Ал одан бұрын 2022 жылы «Ауыл – ел бесігі» ауқымында аудан орталығы – Қаратөбе ауылының 11 көшесі бойынша 9,2 шақырым автожол күрделі жөнделген. Осы аутожолдармен бірге ауылдық округі әкімдігінің қадағалауымен жаяу жүруге арналған көше жолы – 13 шақырым тротуар тартылды.

Биыл аудан орталығында бұл бағыттағы жұмыс жалғасын тауып, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысымен 517 метр тротуар салынды. Қаратөбе ауылының 10 шақырымын жөндеуге тағы бір ЖСҚ дайындалған. Мемлекеттік сараптамадан өткен жоба құны – 1 млрд 502 млн 323,6 мың теңге.

Аталған бөлімнің бас маманы Нұрбек Ақсұлтанов Жусандыой ауылына күрделі жөндеу бойынша ЖСҚ дайындалғанын айтты. Жоба құны – 3 млрд 103 млн 578 мың теңге. «Қаратөбе – Қарақамыс бағыты бойынша екі жоба дайындалған. Әрқайсысының құны 787 миллион теңге шамасында. Аудандық маңызы бар осы автожолды жөндеуге ANT-технологиясы бойынша қиыршықтас орнына топырақ тұрақтандырғыш материал пайдаланылады. Оны гравийге араластырып нығыздайды. Содан кейін асфальт жамылғысын құяды. Бұл технология бойынша қаражат та едәуір үнемделеді», – деді Н. Ақсұлтанов.

Нұртай Алтайұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале