30.11.2023, 10:15
Оқылды: 83

Еділ мен Жайықтың сұлтаны еді...

Мен Зейнуллин Аманжол ағамен 2000 жылдың басында таныстым. Қателеспесем, бізді осы Әбекең құрылтайшысы саналатын «Еділ-Жайық» газетінің сол кездегі тілшісі Сәкен Әбілхалықов таныстырды. Содан 2002 жылдың аяғында Жәнібектен Оралға қоныс, жұмыс ауыстырып келдім. Сонда «Еділ-Жайық» газетінде қосымша жұмыс жасағанда алған қаламақыларым қалаға жаңа келген жүдеу жылдарда біраз демеу болып еді. Жалпы, мен Әбекеңді «аштықта жеген құйқаны» ұсынған жанашыр аға ретінде ғана емес, көп қырлы қайраткер тұлға ретінде қатты сыйлаймын. Сондықтан да Аманжол Зейноллаұлы жайлы кітап жазу туралы ұсыныс түскенде, еш ойланбастан қабыл алдым және Жаратушымыздан осы мойныма алған істі абыроймен атқарта көр деп тілеймін.

9f6fa0bd-cc8f-4a6a-abaa-dd0fbac3289d

Ал осы мақаланы жазар алдында алуан қырлы азамат Аманжол Зейноллаұлының қай қыры жайлы қалам тартсам екен деп ойланып барып, бізді табыстырған «Еділ-Жайық» газеті жайлы, осы газетте Әбекеңнің себепкерлігімен көтерілген мәселелер туралы жазайын деп шештім. Мұның өзі оңай шаруа болмай шықты, осы газеттің қолда бар санаулы нөмірінің әрқайсысында Әбекеңнің үні мен ізі сайрап жатыр. Сондықтан нысана аясын тарылтып «Еділ-Жайықтың» 2003 жылғы бірнеше ғана нөміріне шолу жасау арқылы А. Зейнуллин портретінің БАҚ менеджері, қоғам қайраткері, ағартушылық қырларының бірнеше штрихтарын оқырманға ұсынғанды жөн көрдім.

Тоқсаныншы жылдардың аяқ шені мен екі мыңыншы жылдардың бас кезінде елімізге анталап кірген түрлі ағым, жат дәстүрлер көп болды. Оған идеологиялық майдан ашқандардың алдыңғы қатарында осы Аманжол ағамыз басқаратын «Еділ-Жайық» газеті тұрды. Сондай жат дәстүрдің бірі – «Валентин күнінің» «шаңыраққа қарамай», баса көктеген сол кездегі екпіні қазір бәсең тартқан болса, осы Аманжол ағамыздай азаматтардың қайраткерлігінің арқасы десек, қателеспеспіз.

А. Зейнуллиннің «Еділ-Жайық» газетінің 14. 02. 2003 ж. №5 (205) санында жарық көрген «Валентин күні – ақырет күні» атты мақаласы былай деп сөйлейді:

«Ұлттың ұлт ретінде сақталуының бірден-бір кепілдігі – оның тілі мен ділінің сақталуы, себебі бұл категориялар әрбір ұлтты басқа ұлттардан ерекшелендіріп көрсетеді. Ұлттық ерекшеліктері жоқ халық өз алдына ұлт болып аталудан қалуы өз алдына, түптің түбінде мемлекеттігінен де айырылады. Ал жекелеген адамдар және олардың ұрпақтары басқа ұлт өкілдері болып есептелетін болады. Мысалы, арғы және бергі тарихтан талай қазақтың орыс немесе өзбек атанып кеткендігі туралы мәліметтер жеткілікті. Tіптi Қазақстанның өзінде атасының қазақ екенін біле тұра, өзінің ұлтын орыс деп жаздырып жүрген талай адамды кездестірдім. Бет пішіні қазаққа ұқсағанмен қазақ тілінен де, қазақи болмыстан да ада бұл адамдардың қазақ халқының ұлттық мүддесіне деген өшпенділігі ерекше, таңғаларлық құбылыс. Бәзбіреулер мұның таңданарлық ештеңесі жоқ, бодандықтың салдары, енді жағдай басқа, тәуелсіздік алдық, ұлттық мүддемізді қорғайтын мемлекет құрдық дері анық. Әрине, ол солай, бірақ сол ұлттық мүддені қорғауға мүдделі мемлекеттің кейбір мемлекеттік басқару жүйелері, олардың басшыларының өресіздігінен мемлекет құраушы ұлттың, сол арқылы мемлекеттің болашағына балта шабуда. Ең өкініштісі, сол өресіз басшыларға «Әй дейтін әженің, қой дейтін қожаның» табылмауы.

Сөзіміз жалаң болмауы үшін бір-екі мысал келтірейік. Соңғы екі-үш жылда Қазақстанда Валентин «әулие» күнін тойлау қазақ жастары арасында белең алуда. Бұған қозғаушы «Хабар» телеарнасы болды десек, қателеспеспіз. Жаңалықтардың соңында Светлана Коковинецтің Валентин «әулие» мерекесімен Қазақстан халқын құттықтауына жылма-жыл куә болып келеміз. Мұны біз сорақылық деп есептейміз. Себебі Валентин «әулие» деген «мерекенің» идеясы – мұсылмандық түгіл, христиандыққа да, тіпті адамгершілікке жат. Олай дейтін себебіміз – бұл күні, яғни 14 ақпан күні сәтсіз махаббат құрбаны Валентин деген біреудің рухы кез келген еркекке қонуы мүмкін, ал ол еркекпен жыныстық қатынас жасаған әйел затының өмірде жолы болмақ-мыс. Сондықтан бұл күні кез келген, тіпті көшеде кездейсоқ ұшыраса қалған бейтаныс адаммен де жыныстық қатынасқа бара беруге болады екен (мүмкін, ол Валентин рухы қонған еркек болар). Бұл күнді «Жын ойнақ» күні деп атаса, затына аты сай болар еді. Ал енді астарында осындай азғындық идея жатқан «мейрамсымақтың» Орал қаласының мектептерінде мұғалімдердің ұйымдастыруымен «Ғашықтар күні», «Махаббат күні», «Сүйіспеншілік күні» деген атаулармен бүркемеленіп аталып өткізілуін қалай түсінуге болады? Бұл сұрақты тиісті орындардың алдына қойып келе жатқанымызға екі жыл болса да, тұжырымды жауап ала алмай келеміз.

4 ақпан күні прокуратураның ұсынысы бойынша Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық келісім және ақпарат басқармасының ұйымдастыруымен балалар мен жасөспірімдер арасында қылмыстың өсуіне қалай тосқауыл қоя аламыз деген сауалға жауап іздестірген дөңгелек үстел өткізілді. Пікірлер мен ұсыныстар аз болған жоқ. Бірақ айтылуы жетіспеген бір мәселе – ұлттық тәрбие. Біздің дөңгелек үстелдің назарын Ресей империясының боданы болған кезімізде қазақты орыстандыру саясатының ықпалымен қазақи мәдениет, ұлттық діл (менталитет) дегендерді ішер ас пен киер киімнің құрбандығына шалып, мәдениетсіздік және ұлтсыздық дертіне шалдығып, қылмыстық іс-әрекетке ұят деп қарамайтын жағдайға жеткенімізге аударғым келген әрекетімнен ештеңе шықпады. Бірақ ол заңды көрініс еді. Себебі мұндай дөңгелек үстелдердің орыс-қазағы аралас келеді де, қазағы үйренген дағдысына басып, «интернационалист» болып көрінуге тырысып, тіпті өз-өзді жарысып бағады. Нәтижесінде, қазақтың басына үйірілген қара бұлттың ыдырауы былай тұрсын, қайта қоюлана түседі. Нақты бір мысал келтірейін, балалар үйінде тәрбиеленушілердің негізгі бөлігі қазақ балалары, тастанды балалар, негізінен, қазақтар. Тәуелсіздік алғанымызға 11 жылдан астам уақыт өтсе де, сол жетім қазақтарды тәрбиелеп жатқандар, негізінен, орыстар немесе орыстілді қазақтар. Тәрбие әдістемесі де орыстық немесе ұлтсыздық менталитетке негізделген. Бірақ одан тәрбиеленушілер орыс болып қалыптаспайды, қазақ деп айтуға да сыймайды, христиан да емес, мұсылман деп айтуға да келмейді. Бұл балалар қазақ болып есептелгенмен, қазақ ретінде тәрбиелену құқынан айырылған бейбақтар. Оларды бұл азаматтық құқынан айырып отырған кімдер деген сұраққа облыстық білім беру департаментінің басшылары мен қызметкерлері дер едім. Мүмкін олар басқа біреулерді көрсетер? Мархабат!

Кейде маған бір жаман ой келеді, осы біздің елімізде қылмыс жасауды, жекелеген адамды және жалпы халықты алдауды ұят қылық деп есептейтін қазақтарды тәрбиелеуге кедергі жасау үшін ұйымдасқан лауазым иелері бар сияқты. Өйткені ондай қазақтар өсіп жетілгеннен кейін ұйымдасқан қылмыспен өтірік емес, шынайы күресетін болады ғой. Сонда қазіргі лауазымын малданып, қазақ діліндегі (менталитетіндегі) қасиетті «ұят» деген ұғымды жойып отырғандарға «Валентин күні» емес, «Ақырет күні» тумай ма?».

Ол кезде қазіргідей әлеуметтік желі түгілі, қазақтілді баспасөз жоқтың қасы. Осы еркін де қазақтілді БАҚ-тың облыстағы бірі, бәлки, тіпті бірегейі «Еділ-Жайық»-та  шыққан жарияланымдар – қазақтілді аудиторияның жіті назарында еді. Содан да шығар, антиВалентин  жарияланымдар жемісін беріп, қазіргі қазақ қоғамында бұл атаулы күнге қатысты кәдімгідей иммунитет қалыптасты дей аламыз.

5cce8574-7dd4-47a9-bf41-fcba531781ae

Әбекеңнің «Еділ-Жайығының» идеологиялық майдандағы еңбегінің бір өтеуі деп білемін. Осы газеттің бес жылдық мерейтойында құттықтаушылардан кендешілік болған жоқ. Бұл тірліктен өзім де шет қалмадым, газеттің  04. 07. 2003 ж. №22 (222) санында менің: «Мен «Еділ-Жайық» газетін 4-5 жылдан бастап білемін, әр нөмірін күтіп оқимын. Қазір Құдайға шүкір, облысымызда газет-журнал баршылық, соның ішінде қазақтілді басылымдардың арасында өзіндік қолтаңбасы бар «Еділ-Жайық» газетінің орны ерекше. Шыға бастаған кезінен бастап жұртшылықты, әсіресе, ауыл тұрғындарын елең еткізген газетіміз сол баяғы алған бағыттан қайтпай, ауыл мен қала қазағының мұңын жоқтап, сойылын соғып келеді. Бас ұстаған қариялар көңілі толған кісісіне көз ұсынып, «Айналаңдағыларға көз бол» дейтін ежелгі әдемі қазақи дәстүр барын бәріміз білеміз. Сірә, Аманжол ағамызға сол көздер көп бұйырып жүрсе керек. Бұл сөзіме дәлел ретінде шығармашылыққа ұмтылған жаңа буын (ішінде мен де бармын) өзінің туындыларын жұртшылыққа «Еділ-Жайық» арқылы танытып жүргенін айтуға болады. Соңғы кезде жаңа үрдіс тауып, рухани тақырыптағы мақалаларға төрінен орын ұсынып жүрген газетіміз бұл сауапты іс арқылы өзінің аудиториясын кеңітіп алды. Қазіргі уақытта облысымызда қазақ басылымдарын шығару қомақты қаржы-пайда түсірмейтінін сезіп біле тұра, (мен қазақ басылымдарының қатарына тізеден жоғары, кіндіктен төмен тақырыпта қалам сермейтін газетсымақтарды кіргізіп тұрған жоқпын) үзбей шығып отырған Аманжол Зейнуллин ағамыз басқаратын «Еділ-Жайық» газетінің қызметін ерлік деп бағалап, сөз арасында газет ұжымын бес жылдық мерейтойымен құттықтағым келеді. Саулық, бақыт, табыс тілеймін!» деген лебізім жарық көрді.

Халықшыл, қазақшыл газеттің мерейтойы аталып өткен 2003 жылы Аманжол Зейноллаұлы берген сұхбаттардың ішінен өзіме Құрмет Дәуітованың «Қауымдастық шешер іс көп» атты («Еділ-Жайық», 31. 10. 2003 ж. №35 /235/) атты сұхбаты көзіме жылы ұшырады:

«Шын ниетімен елім, халқым деп жүрген азаматтарды жарықта шырақ алып іздегеннің өзінде табуымыз қиын болса, бүгінгі әңгіменің арқауы болып отырған Зейнуллин Аманжол Зейноллаұлы осындай жандардың бірі емес пе?.. Міне, сол мақсатты көздей отырып, А. Зейнуллин мырзаға бірнеше сұрақтар қойып, әңгімеге тартқан едік.

 Scan16

– Аманжол Зейноллаұлы, «Еділ-Жайық» қауымдастығын құрудағы мақсатыңыз, яғни ол дүниеге калай келді, не себеп болды?

– «Еділ-Жайық» қауымдастығы, негізінен, төрт түрлі қажеттіліктен барып туындаған нәрсе. Біріншіден, 1997 жылы Орал казактарының қауымдастығы тіркелді. Бұл қауым Қазақстан жерінің тұтастығына нұқсан келтіреді-ау деген қауіптің шетін байқап, қазақтар үшін де мәдениетін, тарихын, елін қорғайтын бір қауымның қажеттігін сездік. Себебі қауымдастықтың өзі саяси партия емес, қозғалыс емес, оған халық, яғни «еңбектеген баладан, еңкейген кәріге» дейін кіреді. Сондықтан да казактар қауымдастығы болса, қазақтар қауымдастығы да болу керек екені өзінен-өзі туындап отыр, яғни бөліп-жарып қарайтын ештеңе жоқ.

Екіншіден, біз, негізінен, «Азат» партиясының мүшелері едік. Қазақтардың ұлттық мүддесін қорғап, оны Үкіметке тиісті деңгейде қойып отыру – «Азат»-тың міндеті еді. Бірақ «Азат» партиясы республикалық тіркеуден өте алмай қалды. Сондықтан да ұлттық мүддені қорғап отыру үшін осы «Еділ-Жайық» қауымдастығын құрдық.

Үшіншіден, жалпы 1990 жылдары ауылда да, қалада да әлеуметтік жағдай қиындап кеткен кезең тұғын. Біз қазақ халқы әу бастан қауымдасып өмір сүрген халықпыз. Өте ерте заманда ақсақалдар алқасы, ауыл, ел, бертін келе колхоз, совхоз, кеңестер құрып, көрші-көлем болып, бір-бірімізге қамқоршы, ақылшы болып өмір сүрдік. Ал енді мынандай нарық заманында қауымдасып өмір сүру уақыт талабы болса, ендеше біз бұл өмір салтынан алшақтауға тиіс емеспіз.

Scan15

Біздің арманымыз «Еділ-Жайық» қазақ қауымдастығы болып, одан әрі ауыл-ауылға жалғасып, сол жерлерде қауымдастықтың бастауыш ұйымдарын құрып, бала тәрбиесі, жастар, үлкендер тәрбиесі бағытында жұмыстанып, ұлттық болмысымыздың игі қасиеттерін, салт-дәстүрлерін сақтап, елімізді өркениетті мемлекеттер қатарына қосу болатын. Өкінішке орай, халық бізді қолдаған жоқ, яғни ауылдық жерлерден ешқандай қозғалыстар болмай, билік басындағылардың қас-қабағына қарап, тоқталып қалды. Нәтижесінде, «Еділ-Жайық» қауымдастығының мақсаты – ауыл-аудандарда бастауыш ұйымдар құру емес, ұлттық тәлім-тәрбиені насихаттау деңгейінде қалыптасты.

Төртінші қажеттілік – саяси бағыт болатын. Билік басындағы азаматтардың мемлекет мүддесін қорғаудың орнына, өз жеке шаруаларын күйттеп кетуіне байланысты, өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ ұлты тәуелсіз мемлекет болып тұра алмайды деген күмән пайда бола бастады. Осыған байланысты қазақтар абыройын көтеру еді.

– Жалпы қауымдастық қай жылдан бастап құрылды, атқарған істері қандай?

– 1997 жылы негізі қаланған болатын. Содан бері алты жылдай уақыт өтті. Елдің тәуелсіздік мүддесін қорғау бағытында жұмыстанып жатырмыз. «Сіздікі дұрыс емес, бекершілік» деп бетіме келіп, ешкім айтып көрген емес, қайта «Дұрыс, айтатын бір адам керек қой» дегенді көп естимін. Өкінішке орай, ол тек оңашада айтылады.

 

– «Еділ-Жайық» газеті-нің бүгінгі тыныс-тіршілі-гі қай деңгейде?

– 1998 жылдан бастап газет шығара бастадық. Тыныс-тіршілігі бүгінгі танда көңіл толтырарлық. Өзінің белгілі бір тұрақты оқырманы қалыптасты. Озық ойлы пікірлерімен ой бөлісетін, халық арасынан шыққан тілшілері бар. О баста екі тілді газет деп тіркедік, яғни мақала қай тілде келеді солай басылады. Мұндағы мақсатымыз – қазақи болмысы бар газеттерге өзге ұлт өкілдерін тарту, әрі саяси-әлеуметтік мәселелерін көтеру қазақ басылымдарының да қолынан келетін іс екенін дәлелдеу еді.

 

– Болашақтағы жоспарларыңыз, қандай жұмыстар атқармақсыздар?

 

– Болашақта саяси тәрбиелік бағыттағы газет шығаруды ойластырып отырмыз. Ондағы мақсат – осы газет арқылы халық ойын жеткізу. Сонымен қатар мүмкіндіктер болып жатса, қауымдық деңгейде әртүрлі кәсіпорындарды шоғырландыру және осы жұмысты іске асыруды қолға алу, өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыру.

 

– Пенде болғасын адам баласында неше түрлі көңіл күй болып жатады. Соның ішінде әлі күнге дейін ұмытылмайтындай көңіліңізде сақталып қалған реніш-кірбіңдер...

 

– Мен өзі қатты ренжімейтін жанмын. Бірақ ашуланамын, ал ашуымның келуінен кетуі жылдам. Кек сақтамаймын, түсінуге тырысамын. Ашуланып, шыж-пыж болып жатқан жандарды көрсем, өресінің жеткен жері осы болды ғой деп түсінемін. Мен туралы пікірлер көбіне сыртымнан айтылады, оларды көңілімде көп сақтамаймын. Ал егер де менің ісімнің қателігін мойындатып жатса, мен оны қабылдар едім, өкінішке орай, ондай жағдай әлі күнге кездескен жоқ. Ал енді менің ісімді қолдамады деп ешкімге ренжімеймін.

 

– Көңіл күйіңізді басқа арнаға бұрып, өзгертіп, ерекше бір кереметтей қуан-
ған сәттеріңіз туралы еске алсаңыз.

– Қазіргі уақыт ерекше қуантатын сәттерге мырза болмай тұрған сияқты. Тек Сырым Датұлы, Жұбан Молдағалиевтарға ескерткіш орнатқан кезде кәдімгідей қатты қуандым. Артынша-ақ өмірдегі әлеуметтік-саяси проблемалар қабаттасып жатқасын ба, қуаныштарым жылт етеді де, жоқ болып кетіп жатады.

– Мәжіліс депутаттығына кандидат болып бірнеше рет сайлануға түсіп жүрсіз. Қазіргі сайлауға деген көзқарасыңыз?

 

– Түстім, жасыратыны жоқ. Халық мені сайлады, оған дәлелім де бар. Енді Мәжіліске түспеймін. Себебі мені онда жібермеу көзделіп отыр. Қазіргі сайлаудан 48 пайызбен екінші турға өттім.

 

– Әңгімеңізге рақмет!

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, жылдар өткесін, бәлки, ғасыр өткесін бе, о жағы әзірге белгісіз, әйтеуір, түбі А. Зейнуллин тарихтан орын алып, ұрпағына тұлға болары сөзсіз».

Мақаламды Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Нариман Мұзданның А. Зейнуллин жайлы: «Ол – 1991 жы-лы «Орал қаласының ресми тілі орыс болып танылады» деп қабылдаған қалалық кеңес мүшелерінің шешімінің күшін жойдыруға себепші болған үлкен саяси айтыстың ұйымдастырушысы. Осы жылдың маусым айында «Азат» қозғалысының облыстық бөлімін ұйымдастырушылардың бірі болды. Сондай-ақ ол осы жылы Орал казактарының Ресей патшалығына қызмет етуінің 400 жылдық тойын өткізуге жол бермекші болған қалалық және облыстық кеңестердің шешімдерінің үлкен саяси қателік екендігін жоғарғы кеңес басшылығына дейін аяқтай барып дәлелдеп, ол шешімдерді шығарған кеңестердің өз шешімдерін өздері тоқтатуына мәжбүр еткен саяси қайраткер десе де болғандай. Дәл осы 1991 жылдың қыркүйегінде А. Зейнуллин Орал казактарының 400 жылдық, 1992 жылы 401 жылдық тойларын тойлауына Үкімет қарсы әрекет жасаудың орнына, керісінше, дәрменсіздік көрсеткен сәтте аталған саяси араңдату әрекеттеріне 1991 жылы Бүкілқазақстандық, 1992 жылы облыстық бейбіт қарсылық акцияларын ұйымдастырды. Бүкіл Ресей казактары жиналып, қазақ жерін бөлшектеуге алғышарт жасамақ болған әрекеттеріне тиісті тосқауыл ұйымдастыра білген азамат.

Үкіметтің экономикалық саясатының теріс бағыттарын әшкерелеу мақсатында 1992 жылдың маусым айында Алматыда өткізілген бүкіл қазақстандық саяси акциясының инициаторы бола білді.

Айта берсек, жаза берсек, жоғарыдағыдай игі шаралар, үлкен саяси мәні бар істердің мол екендігін, осы істердің бел ортасында бозторғайдай шырылдап, өзінің жүрегі мен жанын, басын қатырып жүрген асылдарымыздың бірі десек, сөзіміз артық болмас.

Экономикалық қиыншылықтардың күнделікті ауыртпалығынан тұралаған қазақ халқының патриоттық, отаншылдық сезімін жоғалтпау, қазіргі ұрпақты ата-бабамыздың ерлік істерінің тарихынан хабардар ету, осы салада жастар арасында тиісті үгіт-насихат жүргізу, жас жеткіншектерді қазақ халқының бойындағы адамгершілік асыл қасиеттерге тәрбиелеу мақсатында «Еділ-Жайық» газетін ашып, оның бас редакторы қызметін қоса атқарып, газет бетінде шыңғырған шындық айтамын деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген осы азаматтың, атап айтқанда, Аманжол Зейноллаұлының өмірі мен творчестволық қызметі жас ұрпаққа үлгі боларлық.

Демек, бұл азамат өз заманында саяси-қоғамдық аренаға көтеріле білген, халқының ыстығына күйіп, аязына тона білген, отқа салса, күймеген, суға салса, батпаған, отаншыл да патриот ұлы десе де болғандай» деген сөзіммен аяқтағым келеді.

Біз сізді ұмытпаймыз, Ақ Жайықтың сұлтаны, қазақтың Аманжолы!

 

Нұрлан  Сәдір,

«Орал  өңірі» газетінің штаттан тыс тілшісі

(Фотосуреттер А. Зейнуллиннің жеке архивінен алынды)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале