Қараша айының соңында болған қарлы боран тасқалалықтарды біраз әбігерге салды. Малшылар малдарынан көз жазып қалса, аудан орталығындағылар үшін жарықтың ұзаққа сөнуі біраз қиындық тудырды. Осы кезде ахуалды бақылауда ұстаған аудан әкімі Талғат Шакиров кешкісін Бірлік ауылында электр желілерін жөндеп жатқан электриктерге барып, жұмыс барысын өз көзімен көрді.
Бұл жөнінде аудандық электр желілер торабының басшысы Бекжан Юсупов баяндады. Аудан әкімі Талғат Асқарұлы жағдаймен танысып, «Қайткенде жұмысты жеңілдете аламыз? Ол үшін не істеу керек?» деген сұрақ төңірегінде әңгіме қозғады. Қызметкерлермен ашық әңгімелескен аудан басшысы жұмысқа қажетті арнайы киім алып беруге көмектесетінін айтты.
«Бірақ, біз киімнен бас тартып, аудан әкімінің мұрындық болуымен демеушілер көрсеткен қаражатқа қажетті құралдарды алып бір қуанып қалдық. Айтылған нәрсе сөз жүзінде қалып қоймай тез арада іске асқанына қызметкерлерде алғыстарын айтып жатыр», - дейді Бекжан Едіресұлы.
Иә, соңғы уақытта жарық жиі сөніп, оның зардабын тартып жатқандар қанша ма? Негізі аудан бойынша электр сымдарының 89 пайызының тозығы жеткен. Былтырдан бастап осы жұмыс кезең-кезеңмен іске асырылып жатыр. Дәлірек айтсақ, былтыр Бастау ауылында 168 электр бағаны ауыстырылса, биыл Атамекен ауылында 132, Тасқала ауылы бойынша 140, ал Ақтау ауылында 54 электр бағаны ауыстырылып үлгерген.
Кейінгі кезде жарық сөнсе бірден, әкімдік қайда қарап отыр?, Электриктер не бітіріп жатыр? деп наразылық танытып, әлсін-әлсін оларға телефон шалып мазасын алатынымыз жасырын емес. Бірақ біз бір нәрсеге назар аудармаймыз. Ол аудан бойынша электриктердің жетіспеуі мен тозығы жеткен электр сымдарының жиі үзілуі. Бұл мәселе алдағы уақытта бір мақалаға жүк болмақ.
Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz