1.12.2023, 14:45
Оқылды: 58

Қазақстанда 1 желтоқсаннан бастап не өзгереді?

Қазақстанда 1 желтоқсаннан бастап бірқатар өзгеріс болады. Massaget.kz тілшісі қыстың бірінші айындағы маңызды өзгерістерге шолу жасады.

жп орал кала (1)

Көлік жүргізушілерге айыппұл салынады.

2023 жылғы 1 желтоқсаннан 2024 жылғы 1 наурызға дейін Алматыда жүргізушілер қысқы дөңгелекпен жүруге міндетті.

Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек айтты. Оған бағынбағандарға айыппұл қарастырылған.

"Қыста Алматы жолдарында жүргізуші жазғы дөңгелекпен жүрсе, полицейлердің оған айыппұл салуға құқығы бар. Мұндай заңбұзушылық алғаш рет жасалса, 17 250 теңге (5 АЕК) айыпұл, ал бір жыл ішінде тағы осындай құқықбұзушылық жасалса, оған 34 500 теңге (10 АЕК) айыппұл салынады. Қыс жақындап қалды. Сондықтан 1 желтоқсаннан 1 наурызға дейін қаладағы барлық көлік қысқы дөңгелекке ауысуға тиіс. Бұл - қауіпсіздік талабы. Мегаполисте алғашқы жауын-шашын басталғаннан кейін хаос басталады. Өйткені жүргізушілер қысқа дайын болмай жатады", - деді Салтанат Әзірбек өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте.

Желтоқсанда қазақстандықтар қанша күн демалады?

Қазақстандықтар қыстың алғашқы айы желтоқсанда әдеттегіге қарағанда бірнеше күн демалады. Бұл айда 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні атап өтіледі. Биыл Тәуелсіздік күні сенбіге сәйкес келеді. Осыған орай 16, 17, 18 желтоқсан күндері демалыс болады.

Ал 30, 31 желтоқсан сенбі және жексенбіге тұспа-тұс келіп тұр. Сонымен қазақстандықтар желтоқсанда жалпы саны 11 күн демалады.

Қазақстанда бір жол ақылы болады

Уральская неделя мәліметінше, Орал - Саратов тасжолының учаскесі 1 желтоқсаннан бастап жол ақылы болады. Ақылы жолдың​​ ұзындығы - 98,9 шақырым. Ақылы жолдың қызмет ету мерзімі - 20 жыл. Бір жыл ішінде ай сайынғы төлем 12-ден 60 АЕК-ке дейін (41 400-ден 207 000 теңгеге дейін) болады. Тиісті бұйрық 1 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі.

Желтоқсанда ауа райы қандай болады?

Синоптиктердің болжамы бойынша, желтоқсан, қаңтар және ақпан айларындағы ауа райына Атлант мұхиты аймақтарынан ылғалды ауа массалары әсер етеді. Сондықтан қазақстандықтар үшін 20 жылдан бері болмаған жылы қыс болуы ықтимал. Дегенмен сарапшылар мұны аномалия деп санамайды.

2023-2024 жылдардың қысы 2001-2002 жылдардағы қыс сценарийіне ұқсас болмақ, яғни жылы және жауын-шашын көп болады. Алдағы қыста Қазақстанда температуралық фон климаттық нормадан 1-2 градус жоғары болады деп күтіледі.

"Көпжылдық мәліметтер бойынша қыс жылы болған жылдары орташа температура нормадан 4-10 градусқа жоғары болған", - деді "Қазгидромет" РМК баспасөз хатшысы Алина Исмағұлова.

Балаларды қызылшаға қарсы егу басталады

Желтоқсанда 2-5 жастағы балаларды қызылшаға қарсы егу басталады.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бүгінде 118 мыңнан аса балаға вакцина салынғанын айтқан еді.

"Биыл 29 қарашадағы мәліметке сәйкес 118 122 балаға қызылшаға қарсы екпе салынды. Оның ішінде 6-10 айлық 60 мың сәби, 2-4 жасқа дейін 38 294 бала бар. Сондай-ақ, 10 мың медицина қызметкеріне вакцина салынды. Жыл соңына дейін вакцинаның 800 мың дозасын балаларға салуды жоспарлап отырмыз ", - деген еді ведомство басшысы.

massaget.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале