Биыл «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірлесіп, іске қосқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының әлеуетін арттырар үлкен жоба. Бағдарламаның басты мақсаты – ауылдық жерлердегі халықтың табысын арттыру.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Нақты айтсақ, несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жобалары бойынша 7 жылға дейін. Несиенің номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету. Бұл жоба ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін – үлкен мүмкіндік.
2023-2025 жылдарға арналған бағдарлама бойынша биыл несиелер беріле бастады.
- «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігін теректіліктер қолмен ұстап, көріп үлгерді. Несие алуға 120 өтініш түсті. Әр өтініш сарапталып, 114-і қабылданды. Несие рәсімдеу «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жүргізілді. Нәтижесінде, 89 өтініш бойынша 549, 3 миллион теңге несиелік қаражат қолға берілді. Олар өз жобаларын жүзеге асыруға кірісті. Нақты жобаларға келер болсақ, етті және сүтті бағыттағы мал шаруашылығымен айналысуға ден қойғандар басым,-деп бағдарламаның ауданда іске асуы жөнінде мәлімет берді Теректі ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сандуғаш Айтқалиева.
Тамара Жұмат,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz