6.12.2023, 23:41
Оқылды: 75

Ауыл аманаты: Теректілік кәсіпкер ауылдастарын сүтпен қамтып отыр

Теректі ауданының Магистральное ауылында тұратын азамат Ермек Боранбаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қорасын қараға толтырды. Шын мәнінде, бұрыннан да ірі қара ұстап отырған ол биыл несие қаражатына 13 бас сүтті қара сиыр сатып алды.

2 али

Ауыл шетіндегі тастан қаланған қора басында кездескен Ермек Мұхамбетжанұлы:

- Өз мамандығым – жоғары білімді мал дәрігері. Бұған дейін ірі шаруашылықтарда мамандығым бойынша жұмыс жасап, жиған тәжірибем бар. 2021 жылы мал өсіруді өз алдыма шаруашылық ретінде бастадым. Биыл «Ауыл аманаты» арқылы 8 100 000 теңге төмен пайызды несиеге қолым жетті. Ол ақшаға 13 бас сүтті сиыр алдым, - деп әңгімесін бастаған ол малды күтіп-баптау жайына тоқталды.

Айтпақшы, сүтті малды ол өзіміздің «Төлеңгіт» қожалығынан сатып алған.

1-4

«Сиырдың сүті – тілінде» деген, күрт-күрт еткен сиырларға тек пішен ғана емес, құрама жем де беріледі. Қазір тоғыз сиыр сауып отыр. Күнге екі мезгіл, таңмен және кешке сауып, 100 литрдей сүт алады. Осы жерде Ермек Мұхамбетжанұлы сүт тапсыруға байланысты мәселені де айтты.

- Оралдағы сүт өңдеу кәсіпорыны, мысалы «Береке», қазір сүт қабылдамайды. Бұл жерде көрші елден сүт тасымалдануы да себеп болып тұрған шығар. Және де, сүттің қабылдау бағасы төмен түсіп кетті. Зауыттар қабылдаса, сүт тапсырған бізге пайдалы ғой,-дейді ол.

Екі адамды жұмыспен қамтып, сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге үлес қосып отырған азаматтың алдағы жоспары –тәулігіне 200 литр сүт алу. Сиырлары бұзаулаған соң, жоспары орындалары кәміл.

Тамара Жұмат,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале