Жәнібек ауданында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған 2-3 сынып оқушылар арасындағы ашық аудандық футзал ойыны турнирінің ашылу салтанаты өтті.
Азаттығымыздың ең ғажайып көрінісі балалар емес пе? Алаңсыз алаңға шығып, қамсыз доп ойнаған оқушыларға қарап баянды тәуелсіздікке тәу еттік. Білім беру бөлімі ұйымдастырған турнир мемлекеттік Гимнмен ашылып, аталған бөлім басшысы Асхат Молдағалиев сөз сөйледі. Ол:
- Еліміздің дамуын айшықтайтын салалардың бірі спорт екені баршамызға мәлім. Спортшыларымыз облыстық, республикалық додалардан жүлдемен оралып, аудан абыройын асқақтатып жүр. Енді міне, жас аралығын шектемей, әр жасты спортқа баулу мақсаты үшін сайыс өткелі отыр. Бүлдіршіндерге сәттілік тілеймін, - деді.
Әр команда өте жоғары деңгейде мығым дайындықпен келген. Әр бүлдіршіннің көзінен ойын баласы болса да, жауапкершілік байқалды. Сондай жауапкершіліктің арқасында турнир қызу тартысқа толы болды.
Сайып келгенде, жүлделі III орынға Е.Ниетқалиев мектеп лайық болса, II орынды Ұзынкөл мектебі еншіледі. Барлық топпен сайысқа түсіп, ең үздік танылған «Supernovas Жәнібек-1» жеңімпаз атанды. Одан өзге додада Т.Жароков мектебі, №1 мектеп-лицейі, А.Оразбаева атындағы мектеп, Ғ.Абдуллин атындағы мектептің оқушылары мен «Supernovas Жәнібек-2» командасы бақ сынады.
Сонымен қатар жоғары дәрежеде ойын өрнегін көрсеткені үшін спортшыларға аталымдар табысталды.
Нәтижесінде «Үздік қақпашы» Ұзынкөл мектебінің намысын қорғаған Қамал Жанбатырға, «Үздік қорғаушы» «Supernovas Жәнібек-1» команда ойыншысы Айсұлтан Амангелдіге, «Үздік шабуылшы» Е.Ниетқалиев атындағы мектептің оқушысы Сағнат Бейбарысқа, «Үздік ойыншы» аталған мектеп оқушысы, қамыстылық Әсет Қаршығаға берілді.
Жеңімпаз болған «Supernovas Жәнібек-1» командасының ойыншыларына бағалы сыйлықтар берілді.
Барлық жүлдегер және жеңімпаз топқа арнайы дипломдар, медаль мен кубок табысталды.
Райымбек Шапағат,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz