Оралда «Тәуелсіздіктің туын биік көтерген – Аманжол аға...» атты қоғам қайраткері Аманжол Зейноллаұлы Зинуллинді еске алуға арналған дөңгелек үстел өтті.
Оған облыс атқамінерлері, А.Зинуллиннің замандастары, әріптестері, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік орган басшылары, этномәдени бірлестіктер басшылары, «Қоғамдық келісім» КММ өкілдері қатысты.
- Ақжайық өлкесінін нар ұлдарының бірі, қоғам қайраткері Аманжол Зинуллинді еске алу бастамасының басында «Телегей» қоғамдық бірлестігі, оның ішінде Нұрлан Сәдірдей азаматтар тұр екенін айта кетеміз. Нұрлан Сізге, осы бастаманы қолдаған басқа да белсенді қоғамда орындары бөлек азаматтарға, көрегендігі мол, сол тарихи кезеңде бірге болған Махамбет Мәтенқожа ағамызға, досым деп ұлықтаған Вячеслав Солодиловке, Райхан жеңгейге, Бейсұлтан ұлына және тағы басқа азаматтарға, - БҚО әкімшілігінің атынан алғыс айтамын.
Азаматтық қоғам – ол үлкен күш, мемлекетіміздің тірегі, бірлігіміздің негізі. Бұл шараны танымдық-тәрбиелік мәні үлкен, берер ғибраты мол шара деп есептеймін.
«Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген бабаларымыздың нақыл сөзі бар. Ер есімі – ел есінде. Артына өшпес із қалдырған халқымыздың осындай асыл ағаларымызды еске алып, жылы сөзімізді, ыстық ықыласымызды арнау - ол біздің парызымыз, - деді облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева.
Жиын барысында тәуелсіздігімізді мәңгі ету жолында аянбай еңбек еткен Аманжол ағамыздың көзін көрген, жұмыстас болған Қазыбай Бозымов, Алтай Зейнуллин, Данилбек Саратов, Вячеслав Солодилов сияқты азаматтар сөз сөйлеп, Аманжол ағамыздың ел үшін, елдегі татулықты сақтау үшін жасаған жұмысы төңірегінде әңгіме айтып, еңбегі жөніндегі естеліктерін айтып берді.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz