9.12.2023, 15:00
Оқылды: 73

Теректі ауданында тағылымды кездесу өтті

Теректі ауданына қарасты Подстепный ауылындағы қазақ мектебінде ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар Одағы БҚО филиалы төрағасы, Теректі ауданының құрметті азаматы, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллинмен кездесу өтті. 

2

Аталмыш кездесуге Теректі ауданы әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров, ақын, журналист, аудандық «Теректі жаңалығы-Теректинская новь» газетінің редакторы Әділет Әлібекұлы және Подстепный қазақ мектебі ұжымы, мәдениет саласы қызметкерлері қатысты.

Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Қалаубек Баубекұлы ашып, қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру, балаларды кітап оқуға, газет парақтауға тәрбиелеу төңірегінде ой қозғады. Шараның басты қонағы облыс айнасының бас редакторы Бауыржан Файзоллаұлы да әкім орынбасарының ойын жүйелеп, әрі қарай дамытты.

- Жазушы ретінде де, ақын ретінде де, журналист ретінде де менің ең көп кездесетінім олар – ұстаздар қауымы. Себебі, ұстаздар зиялы қауымның өкілдері, жас ұрпақты сауаттылыққа тәрбиелейтін, қоғамның алға жылжуына тікелей жәрдемдесетін мамандық иелері. Қазіргі таңда мені алаңдататын жайттар өте көп. Солардың бірегейі – ажырасу фактілерінің күн сайын көбеюі. Жас отбасылар отау құрғаннан кейін бір айға жетпестен ажырасып жатыр. «Уды у қайтарады» дейді данышпандар. Осы тұрғыда газет не жасай алады деген сауал туындайды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде ұлттық тәрбиеге байланысты тұшымды мақалалар көп жарияланады. Енді жоспарда отбасылық құндылықтарды насихаттайтын, бір шаңырақ астында ұрпақ өрбітіп, мәуелі бәйтерекке айналған жандарды дәріптейтін «Екі жақсы» деген арнайы бет ашу жоспарда бар. Сайып келгенде, газет деген ұрпақты тәрбиеулеудің құралына айналуы керек,- деді Бауыржан Файзоллаұлы өз сөзінде.

2-1

Шара еркін форматта өтті. Жиналғандар қоғамдағы өзекті жайттар, оған баспасөз өкілдері қандай үн қоса алады деген бағытта әңгіме өрбітті. Подстепный қазақ мектебінің ұстаздары Жансая Сембі қазақ тілінің рөлі, ұлттық болмыс туралы газеттерде жарияланған мақалалар туралы ойын білдірсе, Гүлзада Жүнісова бала өмірінде әке мен ананың орны туралы сүбелі сөз айтты. Сонымен қатар, туыстық атаулардың орынды қолданылуы туралы да жақсы талқы болды. Теректі аудандық «Теректі жаңалығы-Теректинская новь» газетінің редакторы Әділет Орынбасаров аудандық газет бетінде тұрақты түрде «Білім беті» жұмыс жасап тұрғандығын айтып, ұстаздар қауымын шығармашылық байланысқа шақырды.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале