13.12.2023, 12:30
Оқылды: 61

Жыр болған Подстепныйдағы Жеңіс көшесі

Бұл – қарашада жағдайы жыр болған Теректі ауданы Подстепный ауылындағы Жеңіс көшесі.

Көшені бойлап, үйіне қарай асыққан балалар аяздың күшіне мінгеніне өте қуанышты. Қуанбай қайтсін, ордан өтсе суға кезігіп, судан өтсе аяқ киімге келілеп жабысқан қызыл балшыққа түсіп, мектепке баруы кәдімгі жауынгердің жаттығуындай болған балалар қатқан жерге қуанып, құлдыраңдап жүгіріп барады. Жүгірмесе тағы болмайды. Жеңістің бойында жарық шамы жоқ. Үш ауысымда оқып жүрген Подстепный қазақ мектебінің балалары күн жарығымен үйге жетіп алғанша асық. Ал І ауысымда оқитындары нағыз ізкескіштер болып алған. Қаздай болып, бірінің артынан бірі тізіліп жетеді.

Су келді, жол кетті

Бұған дейін де көше жолын әупіріммен амалдап келе жатқан Жеңіс көшесінің бұл күйге ұшырауына ауылға таза су құбырының тартылуы себеп болған.

2-3

«Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, сақалынан айырылыпты» демекші, әр үйге ауыз су кіреді деп қуанған тұрғындардың көңілі су сепкендей, жо-жоқ, балшыққа батқандай саябырсыды.

Су құбырын тартамыз деп қазған арналарға топырақ толтырылмаған. Құдықтардың маңайы апандай аңырайып жатыр. Қыста қар астында не барын білмеген жан аяғын тығып алып, мертігуі де мүмкін. Қыстан соң келетін көктемді айтпай-ақ тұра тұрайық. Көл, қызыл балшық қайталанары анық.

2

Тапсырыс беруші «Теректі ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» ММ «Подстепный ауылындағы су құбырын реконструкциялау»  жобасы бойынша сауалымызға жауап бермеді. Халыққа анық ақпарат бергіміз келгенімен, «үндемес» бөлімге келіп тірелдік. «Төртінші билік» атанған, халық пен билік арсындағы көпір бұқаралық ақпарат құралына жауап бермеген мекемеден не қайыр күтеміз?!

Көмер ме екен?

Жеңіс көшесінің бойында тұрып округ әкімі Мейірбек Сұлтанов «Кешегі күзгі жауында көше бойына толып қалған суды сорғымен тартып, амалдадық. Ойылып кеткен жерлерді мердігер топырақпен толтырады» деп ақпарат берді. Шынымен көше бойына әр жерге төгілген топырақ үйінділері көрінеді. Оны тегістеп жатқан не адам, не техника көрген жоқпыз. Сондықтан ол үйінділер жырық-тесікті бітей ме, әлде Жеңіс көшесі Көмбелер көшесіне айнала ма, әзірге белгісіз.

2-5

Көрген көзде жазық жоқ, тұрғындар топырақ жанына қалдық-қоқыс тастай бастапты. Бұрылыста тұрған қоқыс жәшігіне жете алмады ма, әлде көшенің «сәнін» келтірейін деді ме?

Жарқ етті, жалп етті

Жаңылтпаштай көрінгенмен, бұл Жеңіс көшесіндегі электр қуатының жағдайы.

Подстепный ауылдық округінің әкімі Мейірбек Сұлтанов:

 - Бұл көшенің электр жарығымен қамтамасыз етілуі сын көтермейді. Өйткені, келесі көшеге электр қуатын осы көшедегі бағандардан тартқан. Кеште тұрғындар жаппай тұрмыстық құралын қосқан кезде жарық сөніп қалып жатады. Бұл көшеде жарық шамдарының болмауы да сол себептен. Кернеу тарта алмай, сөніп қалады, - деді.

Расымен де, сым біткен көшені бойлай емес, қарама-қарсы бағандардан айқыш тартылған. «Бұл кемшілікті жою жолдарын қарастырып жатырмыз. Ең дұрысы, бөлек таратушы трансформатор қажет» дейді ауыл әкімі.

Әзірге, жарқ етіп жанып, жалп етіп сөнген жарық, ала-көбең көше...

Келер көктем, білмеймін, не береді?

Аудандық мәслихат депутаты, аудандық газет редакторы Әділет Орынбасаров пен округ әкімі Мейірбек Сұлтанов Жеңіс көшесінің бойын, ой-қырын қарап шықты. Ошаң етіп, жолыққан адам болмады. Айта-айта шаршады ма, су мен балшық қатып қалды ғой деді ме, әйтеуір бұйығы.

2-4

- Осы көшенің тұрғындарынан жағдайға қанықпын. Көзіммен де көріп тұрмын, нағыз дабыл қағар жәй. Өз тарапымнан аудандық мәслихат мінберінде Жеңіс көшесінің, жалпы Подстепное ауылының мәселесін көтермекпін, - деді Әділет Әлібекұлы.

Жағдай осы. Қыстай жауған қар көшенің ойдым «көлі» мен үйінді «тауларын» жасырар. Келер көктемде қалай болар екен?!

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале