Бүгін Жаңақала аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күні қарсаңында «Желтоқсан – ерлік тарихы» тақырыбында тағылымды шара өтті.
Мұндағы мақсат жас ұрпаққа бүгінде тарих бетіне айналған Желтоқсан оқиғасының мәні мен маңызын түсіндіріп, ауданымыздың желтоқсаншыларына құрмет көрсету болатын. Кешке аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, «AMANAT» партиясының Жаңақала аудандық филиалының төрағасы Қуаныш Шарафуддин, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Закария Сисенғали, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Еслямғалиева және Желтоқсан оқиғасының жергілікті куәгерлері Батыр Таулин, Әлия Базарова, Роза Әбуова қатысты.
Сол бір сұрапыл сәтті бейнелеген көрініспен ашылған шарада Жаңақала мектебінің оқушылары «Желтоқсан – Тәуелсіздік жолында» поэтикалық композициясын ұсынып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін шырқады, сондай-ақ Қ.Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің ұстаздары М.Тоқтаболатұлының «Мереке» күйі мен Н.Тілендиевтің «Өз елім» әнін тарту етті.
Алғашқы сөз тізгінін алған А.Көшкінбаев атаулы мерекемен құттықтай келе, ең басты құндылығымызды құрметтеуге шақырып, талай жастың басы бәйгеге тігілген қанды оқиға қаһармандарының ерліктерін тілге тиек етіп, тарихи шараның басты кейіпкерлеріне алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.
Келесі боп сахна төріне көтерілген өңіріміздің желтоқсаншылары бастарынан өткен оқиғаны жанарларына жас ұялата баяндап, естеліктерімен бөлісті. Сонымен бірге бұл кеште аудандық кітапхана жанынан құрылған ақын А.Ишанов атындағы «Жас қалам» қаламгерлер үйірмесінің Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырған «Тәуелсіздік – тұғырым» атты аудандық жыр мүшәйрасы қорытындыланып, қаламдарынан жыр төгілген жас ақындарымыз марапатталды.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz