Теректі аудандық мәслихатының сессия отырысы өтті.
Аудандық мәслихат депутаттары жиынына аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова, бірқатар бөлім басшысы қатысты.
Мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев төрағалық еткен сессияның күн тәртібінде төрт мәселе көтерілді.
Ауданның және округтердің 2023-2025 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізу, 2024 жылы ауылдық елді мекендерге жұмыс жасауға келген мамандарға қолдау көрсету шаралары жөнінде аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ғабит Газиев баяндады. «Мамандарды қолдауға арналған «Дипломмен ауылға» бағдарламасына бөлінетін қаражатқа кейбір елді мекендерде үй сатып ала алмайсың» деген Шалқар ауылдық округінің мәслихат депутаты Руслан Лұқпановқа «Алдағы жылы қаржы көлемі жеті миллионға дейін жетеді» деп жауап қайырды бөлім басшысы. Қазіргі беріліп жатқан ақшаға үй табу қиын екендігін жалпы депутаттар да қолдады.
Теректі аудандық мәслихатының 2022 жылғы 18 ақпандағы №19/7 « Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссияның дербес құрамын бекіту туралы шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы аудан әкімі аппаратының персоналды басқару бірыңғай қызметі (кадр қызметі) және мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Сәкен Идресқалиев айтты.
Одан әрі Подстепный ауылдық округі аумағынан сайланған мәслихат депутаты, «Теректі жаңалығы-Теректинская новь» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Әділет Орынбасаров ауыл көшесінің жағдайын айтып, депутаттық сауал жолдады.
«Теректі ауданы әкімі Әлия Мұханбетжановаға Теректі ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысы Қанатжан Айбергеновке
Подстепное ауылы, Жеңіс көшесінің тұрғындары күзде, лайсаң кезде бастарынан өткізген қиындықтарын айтып, хабарласты.
Жеңіс көшесінде болып, жағдайды өз көзіммен көрдім. Көшенің көлік жолы суға толып, жаяу жүргінші жүретін жерді саз балшық басып жатыр. Себебі – Подстепное ауылында ауыз су құбырын реконструкциялаған мердігер жұмысын сапасыз атқарған. Соның салдарынан құбыр құдықтарын көмген топырақ опырылып жатыр. Арналар дұрыс көмілмеген.
Ауылда тек бір жерде ғана емес, басқа да көшелерде жағдай осындай. Яғни, ауыл ішінде көшемен не көлік, не адам жүру мүмкін емес.
Осыған орай:
1. Подстепное ауылындағы су құбырын реконструкциялауды атқарған мердігерден арналар мен құдықтарды мұқият көмуді;
2. Жеңіс көшесі бойын адам және көлік жүрісіне жарамды қалыпқа келтіруді;
3. Жеңіс көшесі бойын жарықтандыруды қарастыруды сұраймын» деді депутат.
Аудандық газет бетіне де жариялаған бұл сауалға аудан басшысы Әлия Мұханбетжанова мән-жайға қанық екенін айтып, «сауал жауапсыз қалмайтынды» деді.
Жол мәселесі көтерілгенде әр депутаттың айтары бар екен. Ақжайық ауылындағы Бейбітшілік, Қазақстан көшелерінің қиын жағдайын айтқан депутат Мирас Әлібекұлы «Батпақтан қашан құтыламыз?» деген сұрақ тастады. «Пойма ауылының іші тегіс батпаққа айналады» деп мәлімдеген мәслихат депутаты Ләззат Мағрашқызы кейбір көшелерді асфальттау жағын қарастыруды ұсынды.
Өз кезегінде көз алған аудан басшысы Әлия Биғазықызы: «көтерілген мәселелерді шешу жағын ойластырамыз» деді.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz