Тайландта ересектер арасында «GAMMA MMA-дан» әлем чемпионаты өткенін хабарлаған болатынбыз. Төрткүл дүниенің балта аяқты, балға жұдырықты жігіттері бақ сынасқан бәсекеде ел құрамасы да бой көрсетті. Әлемдік сында ел намысын қорғаған жерлесіміз Мейрамбек Әубәкіров қарсыластарының барлығын жеңіп, 77 келі тартатын жігіттер арасында әлем чемпионы атанды.
Бүгін елге оралған жекпе-жек шеберін өңір спортының майталмандары мен ММА жанкүйерлері, туған-туыстары салтанатпен қарсы алды.
– Тайланд октогонында қарсылас шыдатпаған Мейрамбек бауырымыз елді үлкен қуанышқа бөледі. ММА спортынан өңірімізден шыққан тұңғыш әлем чемпионына қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Енді чемпионның соңынан ерген, жас жеткіншектеріміз бұдан да биік белесті бағындырады деген сенімдеміз, - деді облыстық спорт басқармасы басшысының орынбасары Мирболат Нұржанов.
Әуежайға келген бойда Мейрамбек жауынгердің әкесі Саяхат аға ұлын чемпион еткен бапкері Марат Шерғалиевтің иығына шапан жапты. Өңір спортшылары да қазақы дәстүрден шет қалмай, Мейрамбекке сән салтанаты келіскен шапан кигізді.
– Қырықтан астам ел спортшысы қатысқан жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шәкіртімнің Словакия елінің файтерімен болған алғашқы кездесуі қиынға соқты. Одан кейінгі жекпе-жектер оңайырақ болды, - дейді Мейрамбектің жеке бапкері Марат Шерғалиев.
Үш жылдан бері иық тіресіп, талай белесті бағындырған Мейрамбек пен бапкері Марат Шерғалиев осы аралықтан жекпе-жектен ел чемпионы, ҚР кубогінің иегері атанған. Енді «Gamma MMA-ден» әлем чемпионы атағына қол жеткізді.
– Осыған дейін 70 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеттім. Осы жолы салмақ қосып, 77 келіде бақ сынадым. Финалда өз бауырыммен кездестім. Кездесуге құрған жоспарымыз іске асып, нокаудпен жеңдім. Болашақта әлем чемпионатын тағы бірнеше мәрте бағындырғым келеді, - деді чемпион.
Шыны керек өңірде талантты спортшы жетерлік. Оларға тиісті қолдау болса, әлемдік додалардан келген алтын сыңғыры көбейері сөзсіз.
Түгелбай Бисен,
фотоға түсірген Динара Насыр
zhaikpress.kz