1986 жылғы желтоқсанның ызғары талай адамды «тоңдырды». Талайдың тағдырын талқандап, жанына жазылмайтын жара салды... Бүгінде Тәуелсіздік күнін атап өткенде Желтоқсан оқиғасына куә болғандарды еске аламыз. Сол аласапыранда қаза тапқандардың рухына Құран бағыштаймыз...
Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы қарсаңында алғаш жарияланған сурет
Тарихқа сәл ғана шегініс жасасақ, 1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақ КСР-ның басшылығынан Дінмұхамед Қонаев алынып, орнына Геннадий Колбин тағайындалды. Бұған дейін ол Ресейдегі Ульяновск облыстық партия комитетін басқарған. Желтоқсанның 17-сі күні таңертең Алматыдағы Брежнев алаңына (қазіргі Республика алаңы) адамдар, студенттер мен жастар жиналды. Олар Қазақстанда бір күн де жұмыс істемеген Колбиннің ел басқаруға тағайындалғанына наразылық білдірді. Осындай талап-тілекпен алаңға шыққан рухты жастардың арасында бұрынғы Тайпақ ауданының тумалары Мұхтар Нұрланбаев пен Жанболат Ешов та болған. Бізге осы екі азаматпен тілдесудің сәті түсті.
Мұхтар Есмағұлұлы 1965 жылы Орал облысының Тайпақ ауданына қарасты Қурайлысай ауылында дүние есігін ашқан. Төртінші сыныпты бітірген жылы әкесінің жұмыс бабымен Ленин ұжымшарына (қазіргі Сарыөмір ауылы, Теректі ауданы) қоныс аударыпты. Х. Есенжанов атындағы мектепті бітірген соң, Алматы халық шаруашылығы институтының ауыл шаруашылығын жоспарлау мамандығына оқуға түседі. Екінші курста оқып жүргенде әскер қатарына алынған. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін үшінші курстан бастап оқуын жалғастырады. «Біз 16 желтоқсанда «Дінмұхамед Қонаевты орнынан алып тастады» дегенді естідік. Келесі күні сағат 3-тердің шамасында нархоздың қыз-жігіттері алаңға келдік. Бастапқыда алаңда ешқандай шу болған жоқ. Жастар «Өз елімізге өз басшымыз керек!», «15 миллионға жуық халықтың арасынан бір қазақ азаматы табылмады ма?» деген ойымызды айттық. Сол сәтте ешкім қантөгіс болады деп ойламады. Арамызда басқа ұлт өкілдері де болды. Алаңдағы аласапыранды бастаған желтоқсаншылар емес, үкіметтің өзі. Олар ұрандатқан жастарды алаңнан тез қуып жібереміз деп ойлады. Алайда ұрып-соғу, небір қатыгез іс-әрекеттері арқылы жастарды ашындырды. Сағат 18.00-ден кете алаңға үш машина келіп, ыстық су шаша бастады. Біз сағат 10-дарда кетіп қалдық. Қазір кейбір мәліметте алаңдағы адамдардың 35 мыңға жеткені айтылады. Алаңда жүргенде бүгінде марқұм Асқар Өтегенов, мен және Жанболат Ешов үшеуміз фотоға бірге түсіп қалған екенбіз. Бұл фотоны біз 35 жылдан кейін көрдік. Алматыдағы таныс жігіттер оны маған «Мына суреттегі сен ғой» деп жіберген еді. Үшеуміздің бейнеміз қатар тұрған фото Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы қарсаңында ғаламторға шығып, ел арасына тарап кетті. «Азаттық» радиосының журналистері тауып алған бұл суреттер бұған дейін еш жерде жарияланбаған. Біз Алматы қалалық және республикалық архивтерден «бейнетаспаға түскен осы жігіттер» деген құжаттар алдық. Енді бізге «ақталуларың керек» дегенді айтып жүр. Ал біз не үшін ақталуымыз керек? Біз көшеге еліміз егемен ел болып, өз азаматымыз басқарсын деген талаппен шықтық. Даладан келген адам елді қалай басқармақ? Елде туып-өскен, қазақтың салты мен дәстүрін білетін, тарихынан хабары бар азамат басқарсын дедік. Ал ақталу үшін түрмеге түсу, әлде, милицияға ұсталу немесе оқудан және комсомолдан шығу керек еді. Мысалы, бізбен бірге оқыған жігітті сабақта отырған жерінен қолына кісен салып алып кетті. Оны алаңда фотоға түсіп қалған бейнесінен таныпты. Екі жыл алты айға сотталды. Бірақ Желтоқсан оқиғасына қатысты деп емес, ұсақ бұзақылық бабы бойынша жаза кескен. Ал осы секілді баппен жазаланғандар ақтала алмайды, – деді Мұхтар Нұрланбаев.
Мұхтар Есмағұлұлының айтуынша, 2022 жылдың 8 ақпанында «Батыс-Желтоқсан» қоғамдық бірлестігі құрылған. Күнзила Мақсотова жетекшілік ететін бірлестіктің құрамында 69 адам бар. «Оның мақсаты – жастарды патриоттыққа тәрбиелеу. Қазір жастардың арасында елді сүю, Отанды құрметтеу деген ұғым азайып барады. Мектептер мен оқу орындарында өтетін кездесулерде Желтоқсан оқиғасы жөнінде баяндаймыз. Жасыратыны жоқ, бұл оқиғаның не екенін, маңызын білмейтіндер де бар. Оларды кінәлауға да болмайды. Себебі 1986 жылдың желтоқсанында болған жайтты «оқиға» деп атады. Алайда ол оқиға емес еді. Оған «көтеріліс» деген баға берілген жоқ. Біз «Желтоқсан көтерілісі» деген тарихи тұрғыдан нақты баға бере алмай жүрміз», – деді М. Нұрланбаев. Аталмыш бірлестіктегілер екі жыл қатарынан «Мектепке жол» акциясына қатысқан. Үш мектептегі табыс-кірісі аз отбасылардың балаларына көмектескен. «Биыл Алматыда тұратын жерлесіміз Ұлболсын Есенбаева қатты науқастанып қалды. Замандасымызды Оралға шақырып, тиісті ем алуына қолұшын создық. Сол кезде жан-жақты көмегін аямаған қала әкімі Миржан Сатқанов пен облыстық аурухананың гастроэнтерология бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Мұқановаға қоғамдық бірлестіктің атынан ризашылығымды білдіремін. Замандасымыз шипалы ем алып, Алматысына оралды», – деп атап өтті Мұхтар Есмағұлұлы.
Аталмыш бірлестіктің жетістігінің бірі – Оралдағы Мирзоян атындағы көшенің Желтоқсан аталуы. Желтоқсаншылар облыс орталығында саябақ ашу жөнінде қала әкіміне ұсыныс айтқан. Енді шаһардағы Д. Қонаев атындағы мектеп-гимназияның алдында саябақ ашылмақ. Бүгінде онда қойылатын монументтің жобасы сызылуда.
Осы жерде сөзге Жанболат Ешов араласты. Бұл азамат Теректі ауданының Абай атындағы орта мектебінде көркем еңбек пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. «Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қанат Оразов деген суретші жігіттің эскизі бойынша монументтің сызбасы дайындалды. Әкімдік те өздерінің ұсынысын көрсетті. Екеуін салыстырып, кем-кетігін алып, ортақ шешімін тапқандай болдық. Монументтегі гранит тас – сол кездегі тоталитарлық жүйе болса, төбесіндегі темір тор – темір торға қамалып, қыршын кеткен жастарды бейнелейді. Қызғалдақтар болса, тоталитарлық жүйені бұзып шыққан «желтоқсаншылар». Монументтегі тақтаға желтоқсан туралы мәлімет жазылады», – деді ол. Жанболат Есенғалиұлы Мұхтар Есмағұлұлымен бір ауылда қатар өскен. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында көркемсурет-графика факультетінде оқып жүргенде, әскери борышын өтеуге аттанады. 1986 жылы әскерден келіп, екінші курста оқып жүрген екен. «Біріншіден, алаңға шыққан жастарға кезінде жала жапты. Нашақор, алқаш, ұлтшыл деді. Содан ақталуымыз керек. Бізді олай тілдеп қана қойған жоқ, ұрды, соқты, сабады. Жәбір көрсетті. Жазықсыз, бейбіт шеруге келіп тұрған жастарды басып-жаншудың өзі – қуғын-сүргін. Біз ақталуға міндеттіміз. Екіншіден, кейінгі ұрпаққа тарихты бұрмаламай жеткізуіміз керек. Әлі күнге бізден, желтоқсаншылардан қорқатындар бар. «Батыс-Желтоқсанның» мүшелері жұмысты тек желтоқсан айында емес, жыл бойы жүргізуі керек. Бұл салада мәдениет, ішкі саясат бөлімдері бірлесіп, жұмыс істеуі қажет деп санаймын. Желтоқсаншылар тәуелсіздік үшін күрескен қаһармандар екенін дәлелдеуіміз керек. 16 желтоқсан той тойлайтын күн емес. Бұл күнді тек еске алу, аза тұту күні ретінде өткізген дұрыс. Аруақтарға дұға еткеніміз жөн. Себебі қаншама жас қыршын кетті. Солардың бірі – Чапай ауданының (қазіргі Ақжайық) Ілбішін совхозына қарасты Қабыл бөлімшесінде дүниеге келген Гүлзада Халелова (суретте). Бұл қарындасымыз ол кезде Алматыда оқып жүрген 17 жастағы студент еді. Ол да замандастарымен бірге алаңға шыққан. Жастарды басып-жаншыған кезде басынан қатты соққы алған. Ақыры сол жақта қайтыс болып, елге әкеліп жерледі. Ата-анасына, туыстарына оңай болмады. 23 жыл өтсе де әлі ақталған жоқ», – деді Жанболат Есенғалиұлы. Бұл азамат «Бүгінде Желтоқсан оқиғасы қалай бағаланып жүр?» деген сауалға өзінің өлеңімен жауап берді.
Біреулер білер, біреулер білмес бағасын,
Желтоқсанның жазылмай тұр ғой жарасы.
Сол кезде жастар наразы болып шықпаса,
Орысқа өтіп кетер ме еді қазақ даласы?!
Желтоқсан десе, біреулер қысты ойлайды,
Ал біреулер жаңа жыл деп тойлайды.
Қасіретін бұл айдың көзбен көргендер,
Сол кезді еске түсіріп, іштей жылайды.
Алматыда, сол Желтоқсан қырғында,
Көк аспаннан ақты қыршын жұлдыздар.
Жазықсыз кетті, жастай кетті бәрі де,
Ұмытпай бәрін еске алып әркез тұрыңдар!
Желтоқсанның батырлары жасасын,
Жасай берсін, алсын халық батасын!
Сыры толық ашылмаған Желтоқсан,
Алсын елдің шынайы әділ бағасын!
Ясипа Рахимқызы,
«Орал өңірі»