14.12.2023, 16:00
Оқылды: 31

Құс өсіріп, пайдасын көріп отыр

Шыңғырлау ауданында жеке кәсіп ашып  шаруасын дөңгелетіп отырған жандар саны артып келеді. Солардың қатарында өз-өздерін жұмыспен қамтып отырған ұрысайлық Есқазиевтер отбасын атап өтуге болады.

Құс өсіріп пайдасын көруде 1

Үйдің отағасы Серік Есқазиев 2021 жылы жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы болып, іс бастаған. Бағдарлама аясында 35 бас қой сатып алып, өсіріп, көбейтуді қолға алған еді. Нәтижесі көңіл көншітерліктей. Еткен еңбегінің жемісін көріп, міне енді, бүгінгі таңда қой санын 100 басқа жеткізіп отыр. «Мал – баққандікі» деп, қорасын қойға толтырған Есқазиевтерді ауылдастары  ең бір еңбекқор, талапты жандар ретінде жақсы таниды.

Ауылда тұрған соң, оның барлық артықшылығын пайдалана білетін отбасы бұған дейін де құс өсірумен айналысатын-ды. Ал  соңғы кездері әсіресе қалалықтар тарапынан құс өніміне сұраныстың жоғары екенін ескеріп тағы осы бір істерін жандандыра бастады. Нақты айтсақ, қой өсірумен бірге құс шаруашылығын дамытуды да қолға алған.

Құс бағып, отбасы бюджетін еселеуде өз үлесін қосып келе жатқан жұбайы Айнұрдың еңбегі зор. Ол бірнеше жылдан бері қаз, үйрек, тауық, күрке тауық  балапандарын сатып алып, күзге дейін өсіріп, сатылымға шығарып, көктем келе тағы да сатып,  табыс көзіне айналдырып келеді. Әрине, құс бағу оңай емес. Әйтсе де, машақаты мол жұмыс болғанымен ұзақ жылғы тәжірибе жемісін беріп отыр.

Айта кеткен жөн, Есқазиевтер отбасы алдағы уақытта мемлекеттік қолдау болса, шаруаларын әр қарай дамытуды көздейді. Ауылдастары секілді «Ауыл аманаты» жобасына қатыспақ. Ауылдықтар үшін берілетін 2,5 % пайыздық несие құс шаруашылығын дамытуға өте ыңғайлы болмақ.

Айсұлу Нұрғазиева,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале