Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі конференция алаңында (COP28) Мажарстан су ынтымақтастығының (Hungarian water Partnership) тең төрағасы Роберт Форинтоспен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар нормативті тазаланған ағынды суды пайдалану тәжірибесін талқылады.
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация Министрлігі жазды.
Бірінші вице-министр мен мажарлық ұйым 2024 жылы қазақ-мажар жұмыс тобының кездесуі аясында отандық су сарапшыларының Будапештке жұмыс сапары туралы келісті.
Қазақстандық делегация Мажарстанның негізгі су тазалау нысандарын зерттейді. Сондай-ақ мажарлық мамандар Еуроодақтың нормативтік базасына сәйкес ағынды суларды тазарту мәселесі бойынша кеңес береді.
«Қазақстан экономиканың барлық салаларында айналымды суды пайдалануға көп көңіл бөледі. Су ресурстарын тиімді пайдалану - еліміздің су саясатының маңызды бағыттарының бірі. Еліміздегі жалпы су қорының жартысынан астамы ауыл шаруашылығына жұмсалады, сондықтан біздің министрлікке техникалық дақылдарды суару үшін ағынды суды қайта пайдалану жөнінде мұқият зерттелген нормативтік стандартты әзірлеу өте маңызды. Біз мажарлық серіктестерімізбен барлық бағытта ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз», - деді су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз.