16.12.2023, 10:34
Оқылды: 101

Жәнібекте тәуелсіздік құрбандарын еске алды

Тәуелсіздік – ұлтымыздың бостандыққа ұмтылған асыл армандары мен өр намысының, қайтпас қайсар рухының жемісі. Ал 16 желтоқсан – сол арманға жеткізген, халқымызды, елімізді жаңа белеске көтерген, кеңес одағының құрсауынан босатқан күн. Тура отыз екі жыл бұрын дәл осы күні қазақ елі әлемге тәуелсіз, дербес мемлекет болып танылды. Десе де әлі күнге дейін желтоқсан оқиғасы десе, сыздамайтын жүрек, қаймықпайтын көңіл жоқ шығар.

FB_IMG_1702661427823

Күні бүгінге дейін тәуелсіздік күні жаңа жыл мерекесінің тасасында қалып жүрді немесе сән салтанатымен үлкен мереке ретінде тойланып келді. Алдыңғы жылы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күнде еске алу күні деп белгіледі. Себебі 1986 жылы жүрегі қазақ деп соққан қаншама бауырларымыздан айырылдық. Сол кезде азаттығымыз үшін жан тапсырып, жазықсыз жазаланған боздақтарымыздың жақындары сол күнді азаппен еске алып, қиналғанда, басқалардың бұл күнді атап өтуі ақылға сыймайтыны анық. Сондықтан біз бүгінгі күні тарихтан әділ бағасын алған, бүкіл әлем мойындаған желтоқсан дауылының құдіретіне тоқталып, өрімдей жастардың ерліктерін ұлықтауымыз керек. Осы орайда Жәнібек аудандық мәдениет үйінде “Желтоқсан жаңғырығы жүректерде мәңгі сақталады” тақырыбында еске алу кеші өтті.

FB_IMG_1702661420352

Шараға желтоқсан оқиғасының куәсі болған Асқар Бисенов, Нұртуған Тыныбекова, аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов, аудандық кітапхана қызметкерлері мен аудан ақсақалдары, М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің студенттері қатысты.

FB_IMG_1702661417713

Еске алу кеші халқы үшін жандарын қиған желтоқсан құрбандарына құрмет көрсетіп, бір минут үнсіздікпен басталды. Аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Каримоллаұлы ата-баба арманы ақиқатқа айналған ұлы күн – Тәуелсіздік күнімен құттықтап, азаттық үшін арпалысқан ұлт перзенттерін жадымызда сақтау парызымыз екенін айтты.

“Жәнібек сазы” халықтық- фольклорлық ансамблі Иса Бөріұлының “Желтоқсан”, Қаршыға Ахмедияровтың “Күткенде” күйлерін нақышына келтіре шебер орындады. Маржандай төгілген күй иірімдерінің әр дыбысы тыңдармандардың жүрегіне жетіп, жан тебірентті. Күйдің құдіреті желтоқсаншылардың бастан өткерген оқиғаларының шынайы ашылуына түрткі болды.

FB_IMG_1702661422507

Қаһарлы желтоқсанның бел ортасында болған Нұртуған Нәбиқызы мен Асқар Байтұрсынұлы өз көзімен көрген, білген оқиғаларын еске алып, көздеріне еріксіз жас алды. Әрине, қатыгездіктің шыңына жеткен сол уақыттың естелігін еске алудың өзі оңай емес. Оларды зер салып тыңдаған көрермендердің де жанары жасқа толды. Бодандық құрсауын бұзуға ұмтылған боздақтар мен бүгінгі күндері арамызда жүрген желтоқсаншылар қандай да құрметке лайық. Тәуелсіз елдің ұрпағы өз елін, азаттығын мәңгі жырлап өтеді. Еске алу кешінде мәртебелі поэзияға да кезек берілді.

FB_IMG_1702661431182

Нұрлыхан Кәрімов, Ақтілек Әлібекұлы және Райымбек Нұрғалиев Мұнайдар Балмолданың “Желтоқсан алаңы” өлеңін оқыса, жастайынан өміріне өлең жазуды серік еткен жас ақындар Аида Қожасова мен Ақтілек Әлібекұлы жүректерінен шыққан жалынды жырларын оқыды. Одан кейін Ерданат Серіков “Желтоқсан желі” әнін орындап, жиналған аудан жұртшылығына ерекше әсер қалдырды.

FB_IMG_1702661434129

Өнерлі бүлдіршін Айлин Биболатова мен желтоқсаншы Сүйінғали Шүкіровті еске алуға арналған “Үркер” фестивалінің жеңімпазы Гүлім Биғали туған жер туралы патриоттық әндер орындады. Шара трионың орындауындағы әсем әнмен өз мәресіне жетті.

FB_IMG_1702661414975

Өз кезегінде аудандық мәдениет үйінің ұжымы кеш қонақтарына құрмет көрсетіп, сый-сияпат ұсынды.

Айсұлу Нұрболатқызы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале