16-17 желтоқсанда Үлкен Шаған мектебінде тоғызқұмалақтан жасөспірімдер және ересектер арасында аудандық ашық турнир өтті. Тәуелсіздік күні мерекесіне орай «Бәйтерек» спорт клубы мен аудандық БЖСМ ұйымдастырған сайысқа бес аудан және Орал қаласынан барлығы 130-ға жуық спортшы қатысты.
Ашылу салтанатында сөз алған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр қатысушыларға сәттілік тіледі. Содан соң Алматыда тоғызқұмалақтан өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Самира Оразмұхамбет мен күміс жүлдегер Альбина Ешмұханға естелік сыйлық табысталды.
Тартысты өткен додада бәйтеректіктер 1 алтын, 2 күміс, 4 қоланы қанжығалады.
Нақтылап айтсақ, 9 жасар қыздар арасында жерлесіміз Ақерке Қуандық үздік болды. Ал осы жастағылар арасында сынға түскен Мансұр Төлегенов күміс, Ахмед Бисенғали қола жүлдегерлер атанды. 11 жасар қыздар арасында Мөлдір Батуллина да күмістен алқа тақты. Қалған үш қола Инабат Исмаиловаға (13 жастағы), Алпамыс Оразмұхамед пен Сымбат Мажуханға (ерескетер тобы) бұйырды.
Жалпы нәтижеге тоқталып өтсек, 11 жасар ұлдардан Бөкей ордасынан келген Диас Асқарғали, 11 жастағыларда Орал қалалық №2 БЖСМ-ның оқушылары Гүлайым Оразмұханбет пен Нұрдәулет Мақсотұлы ешкімге дес бермеді. Бөрлі ауданының намысын қорғай келген Махназ Алмаз бен Ерназар Әбунағимов болса 13 жастағылар арасында үздік деп танылды. Сондай-ақ жарысқа 2010 жылы туғандар да қатысты. Онда қыздардан Альбина Ешмұхан (Орал қаласы, БЖСМ №2), ұлдардан Айтбай Тастайбеков (Бөрлі ауданы) жеңімпаз болды.
Нұрсәуле Жәнібекқызы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz