Жаңақала ауданына қарасты Көпжасар ауылдық округінің құрылғанына 60 жыл толуына орай "Елдігі ғажап, еңсесі биік, асыл мекенім - Көпжасар" атты мерекелік кеш өтті. Осы жылдар аралығында ауылдың қалыптасуына, өркендеуіне елеулі үлес қосқан облыс, аудан аумағынан шақырылған қауымның қарасы қалың болды.
Алдымен қонақтар ауылдық мәдениет үйінің фойесінде ұйымдастырылған ауылшаруашылық өнімдерінің және қолөнер көрмесін тамашалады. Содан соң сахнада сонау жылдардан, ауыл тарихынан сыр шерткен бейнеүзік көрсетілді. Алдымен сөз алған аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев барша жиналған жұртшылықты мерейтоймен құттықтап, заман ағымына сай атқарылған игі істерге тоқталды.
Сөз кезегін аталмыш ауылдық округ әкімі Нұрбол Бектілеу жалғастырып, " Елді ері мен серісінен таны" дегендей, бұған дейін де ауылдың мерейтойын атап өтуге үлес қосқан шаруа қожалық иелері, аймақтың дамуына елеулі еңбек еткен іскер азаматтар мен ардагерлер марапатталды.
Мерекелік жиын ауылдың көркемөнерпаздары дайындаған концертке ұласты.
"Кеш өте керемет ұйымдастырылған. Қазіргі біз көрген құрметті бізден бұрын қиын кездерде осы ауылдың өркендеуіне зор үлес қосқан ата-бабаларымыз көрген жоқ. Ауыл көркейген, бірнеше жылдардан бері арман болған кірме жолдың салынуы, жиын барысында айтылғандай, халықтың игілігіне берілген нысандардың бой көтеруі, елдімекендердің газбен қамтылғаны ауылдың ілгері басқаны деп айтуға болады"- дейді ата қонысқа, мерекелік кешке арнайы шақырылған, бүгінде Орал қаласына қоныс аударған Әлібек Ниязғалиев ағамыз.
Кеш соңында қонақтар арнайы дайындалған дастарханға шақырылды.
Қазіргі бәсекелестікке құрылған нарық заманында елімізде, соның ішінде ауылдық жерлерде кәсіпкерлік саласы дара жолға түсіп, қарқынды дамуда. Оған дәлел, бүгін ауылдың мерейтойы аясында Жетпісовтер отбасының өз қаражаттарына салынып, заман талабына сай жабдықталған, халық игілігіне қызмет атқарар жаңа нысанның ашылу салтанатының куәсі болдық.
Аталмыш шараға аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев қатысып, жанұялық кәсіпке береке тілей отырып, ауыл тұрғындарының осындай алға қойған мақсаттары болса, әрқашан қолдау білдіретінін жеткізді. З0 кісілік дәмханада жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында "Караоке" көңіл көтеру құралы да қойылған. Ауыл тұрғындары тынымсыз еңбектің нәтижесінде қол жеткізген, ынтымағы жарасқан отбасына ақжарма тілектерін жеткізе отырды. Солардың бірі - жергілікті тұрғын Ернар Аюпов:
-Бүгін ауылымызда Жетпісовтер отбасында кезекті нысан - "Адай" дәмханасының ашылуы көптен күткен қуаныш болды. Нысан иесі Бектас Жетпісов өз қаражатымен осы жұмысты бастаған болатын. Елдің сұранысына орай дәммен бірге караоке де қызмет атқарады. Мектепте буфеттің болмауы, жастардың кешкісін серігіп демалатын орынның жоқтығы осы нысанға сұранып тұрған еді. Енді, міне, жаңа нысан ел игілігіне өз жұмысын бастап кетті. Осындай қуанышты жаңалықты елмен бірге бөлісе отырып кәсіп иелеріне ризашылығымды білдіремін, - деп жүрекжарды лебізін жеткізді.
Зара Жардемова,
Жаңақала ауданы