Желтоқсанның үшінші жексенбісі – еліміздегі энергетика саласы қызметкерлерінің күні. Бүгін аймақты жарықпен қамтамасыз етіп отырған сала қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
Маңызы зор энергетика саласы еліміздің экономикасының алтын өзегі әрі қозғаушы күші саналады.
Салтанатты шарада Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясының бас директоры Қуат Мусин сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады.
– Барша әріптесімді, сала ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтаймын. Энергетика еліміздегі басты салалардың бірі болғандықтан, оның дамуының бүкіл экономикаға әсер ететіні күмәнсіз. Біз қаланың, көшелер мен аулаларды, әр үйдің жарқырап тұрғанын қалаймыз. Ал оның барлығы энергетиктердің өлшеусіз еңбегі. Бәріңіз де осы салада аянбай қызмет етіп, облыс экономикасының дамуына зор үлес қосудасыздар. Адал еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін, - деді Қуат Наурызұлы.
Мекеме басшысы жыл қорытындысына да тоқталып, атқарылған жұмысты атап өтті.
– Жылды біздің мекеме ерекше жетістіктермен қорытындылап отыр. Қысқаша айтқанда, тарифке енгізілген 707 миллион теңге күрделі және ағымдағы жөндеуге жұмсалып, игерілді. Сонымен қатар өңірде 4 мың темірбетон тіреуіштер орнатылды. Бұл мекеме тарихында бұрын болмаған жағдай. Осының бәрі сіздердің еңбектеріңіздің жемісі, - деді ол.
Мерекеге орай бірқатар ардагерге кәсіпорындағы мінсіз жұмысы және энергетика жүйесіне сіңірген ерен еңбегі үшін «Батыс Қазақстан облысының энергетика ардагері» құрметті атағы берілді.
Сонымен қатар бір топ сала үздігіне әр түрлі дәрежедегі төсбелгілер мен алғысхаттар табыс етілді.
Олардың қатарында еліміздің энергетика саласына қосқан елеулі үлесі үшін «Еңбек сіңірген энергетик» төсбелгісінің, кәсіби қызметте жеткен жоғары нәтижелері үшін ҚР Энергетика министрлігі алғысхатының, саласындағы өлшеусіз еңбегі үшін БҚО әкімдігі алғысхатының және қала әкімдігі алғысхатының иегерлері бар.
Мерекелік шарада әріптестері Қаратөбе аудандық электр тораптарының басшысы Хасанғали Ізғалиұлын зейнеткерлік демалысқа шығарып салды.
Бас директор Қуат Наурызұлы өзіне жүктелген міндетін абыроймен атқарған маманның иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Айта өтейік, Хасанғали Ізғалиұлы аймақтағы энергетика саласында 42 жыл бойы қызмет атқарған.
Салтанатты шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
Гүлмира Сарсенғали
Суреттерді түсірген Диас Закбаев
zhaikpress.kz