22.12.2023, 16:00
Оқылды: 42

Халықтың жағдайын ойлаймыз, кәсіпкерлерді де қолдаймыз!

Аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов аудандағы кәсіпкерлермен жүздесті. Мирболат Бауыржанұлы төрағалық еткен жүздесуге «Aqjaiyq» ӘКК  акционерлік қоғамы тұрақтандыру қорының басқару департаментінің директоры Мейірбек Нұркенов және бас менеджері Ораз Жұмабаев арнайы келді. Мұндағы мақсат әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша айналым сызбасын түсіндіру, іске асыру барысы туралы талқылау болды.

411745578_906671288129213_5378229133056270176_n

Жиыннан аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдірешев, бас маманы Асылбек Базарбаев та табылып, кәсіпкерлердің әртүрлі сұрақтарына жауап берді. Алғашқы сөз кезегін Мейірбек Асқарұлы алып, азық-түлік бағасын тұрақтандырудың жолдарын түсіндірді.

-Тұрақтандыру қоры он жылдан астам уақыт жұмыс жасап келеді. Ең басты мақсат – бағаны бір қалыпта ұстап, тұрғындардың жағдайын ойлау. Аудан орталығындағы супермаркеттерді аралап шықтық. Бағалары көңіл көншітеді, тіпті қаладан да арзан деуге болады. Дәл осы бағалар халыққа өте тиімді. Сонымен қатар аудандағы кәсіпкерлерді қолдау үшін жеңілдетілген несие беріледі. Бұл кәсіптің дамуы үшін де, тұрғындардың жағдайы үшін де қолайлы несие болмақ,- деп, айналым сызбасына тоқталды.

Аталған несие негізінен сауда үйі бар кәсіпкерлерге беріледі. Олар отыз миллионға дейін қаражат ала алады. Кепілге қойылған мүліктің бағалануына байланысты берілетін несиенің ақшасы есептеледі. Кәсіпкерлер несиені бір жылдың ішінде төлеуі тиіс. Яғни, үш айда бір төлеуге немесе жылдың соңында алған ақшаны толықтай өтеуге болады. Шарты – көтерме бағада алынған азық-түліктерге (қант, сұйық май, күріш, қарақұмық) он бес пайыз ғана қосу. Бұл кәсіпкерлердің екінші тынысының ашылуына сеп болады және аудан тұрғындарының тұрмыстық жағдайын әлдейқайда жеңілдетеді. Несие алуға ниет білдірген кәсіпкерлер комиссия шешімімен келісімшарт жасайды. Өзге аудандардағы кәсіп иелері тамаша мүмкіндікті дер кезінде пайдалануда. Жүздесудегі ұсыныстар жәнібектік кәсіпкерлердің де қызығушылығын оятты. Жиын барысында олар өзге де мәселелерді тілге тиек етіп, толғандырған сұрақтарын қойды. Соңында Мирболат Бауыржанұлы:

-Өз ісіне жетік мамандарды сіздер үшін қаладан арнайы шақырттық. Азық-түлік бағасын бір қалыпта ұстау ауданымыз үшін өте маңызды. Несие туралы толық түсіндіңіздер деген ойдамыз. Сұрақтарыңыз болса, міндетті түрде байланысқа шығыңыздар. Халықтың жағдайын ойлаймыз сонымен бірге кәсіпкерлерді де қолдаймыз,- деп, маңызды жүздесуді түйіндеді.

Әлібек Қаржау,

Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале