Бүгін Жәнібек ауданының прокуроры Сәкен Молдашев жаңа жыл қарсаңында аудандық "Шұғыла" газетінің ұжымын және газетте айрықша қолтаңбасы бар Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің Жәнібек аудандық музей бөлімінің меңгерушісі, ҚР Журналистер одағының мүшесі Меңдігүл Фазылованы қабылдап, лебізін білдірді.
- Жылды қорытындылауға келгенде газеттің жұмысын атап өтпеуге болмайды. Ауданымызда бір жылдың ішінде мәдени іс-шаралардан бастап көптеген жиын өтті. Дер кезінде халыққа нақты ақпарат беріп, аудан көлемінде атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелерді мақалаларыңызға арқау етіп жүрсіздер. Жаңа жыл сіздер үшін жемісті болғай. Аудан прокуратурасы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен тығыз байланыста болады,- деді өз сөзінде Сәкен Сәрсенбайұлы.
Өз кезегінде газет редакторы Гүлзара Төреғалиева мен Меңдігүл Ғарифоллақызы алғыс айтып, газет жұмысына қатысты ұсыныстарын айтты.
- Журналистердің жұмысы көзге көрінбейтін жұмыс болуы да мүмкін. Дегенмен әр сала бойынша әркез ізденісте жүріп, халық пен биліктің арасына көпір болған тілшілер қолдауға лайық жандар. Қазақ оларды "арқалағаны - алтын, жегені - жантақ" дейді. Журналистерге көрсеткен құрметіңізге мың алғыс,- деді тағылымды әңгіме өрбіткен Меңдігүл Ғарифоллақызы.
Гүлзара Тілекқабылқызы сәл көңілге жасап қалатын тілшілер қауымы туралы ой қозғап, байланыстың нығая түсуін тіледі.
Қабылдау соңында прокурор Сәкен Сәрсенбайұлы газет тілшілерінің барлығына алғысхат табыстап, сый-сияпат ұсынды.
Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz