4.01.2024, 16:30
Оқылды: 28

Ақсайда бірнеше көше жөнделеді

Жыл аяқталар тұста Бөрлі ауданы әкімі Еркебұлан Ихсанов «Ақсай» радиосының тікелей эфирінде арнайы сұхбат берді. Радио-сұхбатта аудан әкімі өткен жылы атқарылған жұмыс туралы айтып, жоспарларға тоқталды. Одан бөлек бірқатар жағымды жаңалықты да жеткізді.

ӘКІМ

Еркебұлан Нұретдинұлы ауданға бөлінген бюджетке тоқталып, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Соның ішінде аудан басшысы инфрақұрылымды дамыту тоқтамайтынын жеткізді. Мәселен, 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет аясында Ақсай моноқала ретінде бірқатар көшені жөндеу жалғасады. Сонымен қатар бұған дейін жөндеусіз келе жатқан «8 наурыз» көшесін жөндеуге өтінім жіберілген.

Жалпы аудан басшысы 2023 жылы Ақсай қаласы бірнеше мол мүмкіндікке ие болғанын жасырмады. Соның ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақсай қаласына арнайы сапармен келіп, аудан орталығымен, ондағы жастармен танысып, «Қарашығанақ» кен орнына барғанын айтты. Осының нәтижесінде республика деңгейінде Ақсай қаласында атқарылуы тиіс бірнеше жоба басталған.

– Қарашығанақ кен орны өз жұмысын бастамастан бұрын біздің ауданда ауылшаруашылығы кеңінен дамыған. Дегенмен кен орны ашылғалы, өкінішке орай, ауылшаруашылығы баяу дамуда. Алайда соңғы жылдары мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығымен шұғылданамын деген тұрғындарға көптеген бағдарлама қолдау көрсетіп келеді. Соның ішінде еңбекке қажетті техниканы жаңартамын деушілерге субсидия беру, жаңа өнім егемін деушілерге тыңайтқыш шығын өтеу секілді жеңілдіктер қарастырылған. Айта кету керек, биылдан бастап жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы да ауыл тынысына тың серпін беріп, 40-қа жуық бөрлілік тұрғын 200 млн теңгеге жуық көмек алды, – деді аудан әкімі ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстыруды сұраған тыңдарманға.

Сұхбат барысында Е.Нұретдинұлы қай кезде де тұрғындарды тыңдауға дайын екенін жасырмады және ол үшін аудан әкімінің тоқсандық кездесуінде сұрағын қоюға, немесе әр сала бойынша жұмыс атқаратын аудан әкімі орынбасарларына жүгінуге болатынын айтты.

Сонымен қатар аудан әкімінің жеке қабылдауына жазылуға мүмкіндік барын жеткізді.

Тілшілермен тілдесу барысында аудан әкімі өңірде кәсіпкерлікті дамытудың да қарқынды жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Соның ішінде мемлекет тарапынан кәсіп ашамын деген жандарға 400 АЕК көлемінде берілетін қайтарымсыз грант сұранысқа ие екен. Одан бөлек «Даму» фонды арқылы кәсібін кеңейту мақсатында алынған қаржылық несиелердің пайызын қысқартуға мемлекет көмектесе алады.

Тұрғындар тарапынан жолданған сұрақтардың бірқатары ауыз су және электр желілеріне қатысты мәселелерге бағытталған.

– 2023 жылдың өзінде Кеңтүбек пен Успен ауылдарында толықтай электр әуе желілері жаңарту жұмысы аяқталды. Дәл осындай жоба арқылы 2024 жылы Бумакөл мен Приурал ауылдарында электр желілерін жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар 7 шағынауданнан Қызылталға дейінгі аралықтағы, Шанхайдағы желілерді реконструкциялау бойынша жоба дайын, – деді аудан әкімі.

Өз сөзінде Еркебұлан Ихсанов қала тұрғындарына өтінішін айтты. Бұл жазғытұрым уақытқа жоспарланған 4,5 пен 10 шағын аудандарда ауыз су құбырларын жөндеу жұмысына қатысты. Қайта жаңғырту жұмысы біраз қолайсыздық тудыруы мүмкін болатынын ескере отырып су тоқтап қалған жағдайда түсініспеушілікпен қарауды сұрады және жаңғырту аясында төселген асфальттар бұзылмайтынын ескертті.

 Жолдарды жөндеу бойынша сұрақтар да көптеп түскен. Соның ішінде Шыңғырлау өзенін Пепел стансасына дейінгі, Ақсай-Жымпиты трассасы бойынша жолдарды жөндеуге қатысты сауал жолданған. Бұл жолдардың барлығы облыстық деңгейде атқарылатын жұмыс болғанмен ауданға қатысты болғандықтан қашанда назарда. Осыған орай аудан басшысы толыққанды жауап берді. Пепел ауылына әрі қарай 9 және Қарағанды ауылының бұрылысына дейінгі 15 шақырым жерді жөндеу 2022 жылы жүзеге асырылған. 9 шақырымы жөндеуден өтсе, қалған 15 шақырымды жөндеуді жеңіп алған мердігер жөндеуден бас тартқан. Ал Ақсай-Жымпиты аралығындағы 75 шақырымды жөндеуді бір мердігер жүргізеді және 2024 жылы жүзеге асырылады.

Сонымен қатар 2024 жылы Пугачев елді мекенінде ішкі жолдарды жөндеу және жаяу жүргіншілер жолын салу, Бөрлі ауылында 8 көшені жөндеу жоспарланған екен.

Көпке мәлім, өткен жылдың аяғында Ақсай қаласында 210 бейнебақылау камерасы мен 15 жылдамдық өлшелдеу құралдары іске қосылды. Бұл аудандағы қылмыс деңгейін азайтуға едәуір үлесін қосатыны анық. Еркебұлан Нұретдинұлының айтуынша, шамамен үш аптаның көлемінде Ақсайда 52 миллион 700 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Мұның ішінде жылдамдықты асырған және қауіпсіздік белдіктерін тақпаған жүргізушілер бар.

– Бөрлі ауданының дамуына кең көлемде қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде ауданда Оқушылар сарайы, Балаларды оңалту орталығы секілді маңызды нысандар бой көтермек. Кеңтүбек, Қызылтал ауылдарында спорт кешендерін салу, Жастар стадионын толық реконструкциялау жоспарланған. Қазіргі кезде сквер саналатын «Наурыз» паркін мәдени-демалыс кешені ретінде қайта жөндеу де жүргізіледі. Ауылдарға мектеп салу мен мәдениет нысандарында бірқатар жұмыс істеледі, – деп қорытындылаған аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов қай кезде де сұхбат беруге дайын екенін жеткізді.

Аслан Нұразғали,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале