Бүгін облыс әкімі Нариман Төреғалиев облыстық кардиологиялық орталыққа барып, денсаулық нысанының жұмысымен танысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өңір басшысына медициналық орталықтың заманауи соңғы үлгідегі жабдықтары, сондай-ақ, рентгендік ангиографиялық құрылғы таныстырылды.
Жаңа аппарат жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностика істеуге және емдеуге, жүректің ишемиялық ауруын ерте анықтау және аурудың белгілері басталғаннан кейінгі алғашқы минуттарда медициналық көмек көрсетуге арналған.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын бекіткен болатын. Жобаның мақсаты – әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету. Бұл бағытта мемлекет және облыс әкімдігі тарапынан маңызды жобалар қолға алынады, - деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Бұдан соң, өңір басшысы орталықта дәрігерлермен жүздесіп, ем алушылардың жағдайын білді.
Бүгінгі күні орталықта 187 бірлік медициналық құрал-жабдық бар.
Жалпы 2023 жылы тәулік бойы стационарда 4 334 науқас емделіп шыққан.
Орталықта білікті дәрігерлер жұмыс істейді. Бүгінгі күнге дейін адам жүрегіне 200-ге жуық күрделі ота жасалған.
zhaikpress.kz