5.01.2024, 21:00
Оқылды: 67

Оралдықтар Қадыр Мырза Әлінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

Қаңтардың 5-і – ақын, Қазақстанның халық жазушысы, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қадыр Мырза Әлінің туған күні.

IMG-20240105-WA0098

Бір топ зиялы қауым Орал қаласындағы ақын атындағы мәдениет және өнер орталығының алдындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

IMG-20240105-WA0100

- Бүгін – қазақтың біртуар ұлы ақыны Қадыр Мырза Әлінің дүниеге келген күні. Бүгін – жүрегі Қадыр деп соққан жандар үшін ерекше күн. Алдағы жылы ұлы ақынымыздың 90 жылдығын атап өтеміз. Бұл атулы күнді ел болып кең ауқымда, жоғары деңгейде атап өтуіміз керек. Әрине, міндетіміз тек той тойлау емес. Қадыр шағырамашылығын насихаттауда, ақынның есімін ұлықтауда жетіспей жатқан мәселелерді көтеріп, ғылыми-зерттеу жұмысын жаңғыртуды жоспарға қойып отырмыз. Ойға алған дүниелерді жақсы жүзеге асырамыз деген ниеттеміз, – деді «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының директоры, әнші-сазгер Донеділ Қажымов ақынның ескерткішінің жанындағы жиында. Бұдан соң өңірдегі зиялы қауым өкілдері, «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының Батыс Қазақстан облысындағы құрылтайшылары ақын атындағы мәдениет және өнер орталығында бас қосты.

IMG-20240105-WA0096

Онда қазақтың бірегей ақынының тоқсан жылдық торқалы тойын атап өтуге қатысты ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салды. Ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева Қадыр ақынның тойы бүкіл түркі әлеміне таралуы керек деп атап өтті. Ал облыстық арагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген «ҚР Халық әртісі Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әні Мемлекеттік Гимн болуы керек, қазіргі әнұранды өзгерту қажет» деген ұсынысын айтты. Жазушы-журналист Мира Шүйіншәлиева болса, «Батысқазақстандықтар 2024 жылды «Қадыр жылы» деп атауы керек» деген ойын ортаға салды.

IMG-20240105-WA0101

Іс-шара барысында Донеділ Қажымов қаламгердің еңбектерін насихаттауда белсенділік танытып жүрген зейнеткер Бақтығали Тілегенов пен белгілі сазгер Құбайдолла Хибашевті Қадыр Мырза Әлі атындағы медальмен марапаттады. Басқосуды Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Серік Тоқмамбетов түйіндеді.

IMG-20240105-WA0095

Ол ақынның шығармашылығын насихаттауға арналған «Қадыр – қазына» жобасының мән-мазмұнына тоқталып, атқарылған ауқымды іс-шараларды атап өтті. Жоба аясында ұйымдастырылған алты байқауға ақынның шығармалары арқау болған.

Айна Имашева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале