8.01.2024, 10:30
Оқылды: 75

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 мектеп бой көтермек»

Өткен жылы білім саласында біраз жұмыс істелді. Осы бағытта облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваны әңгімеге тартқан едік.

айгул мынбаева_2020

Айгүл Мыңбаева, облыстық білім басқармасының басшысы

– Айгүл Әділгерейқызы, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев орта білім саласын «табысты ұлт болудың маңызды шарты» деп бағалайды. ХХІ ғасыр – білім  мен біліктілік сынға түсетін тарихи уақыт. Сол себепті өскелең ұрпақтың білім алуына толыққанды жағдай жасалғанда ғана халқымыз табысты ұлт деңгейіне көтеріле алмақ. Осы орайда Жолдауда көтерілген «Жайлы мектеп» ұлттық  жобасының қолға алынуы туралы және 2023 жылы күрделі жөндеуден өткен, жаңадан салынып, пайдалануға берілген мектептер жөнінде айтып берсеңіз...

– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облысымызда 16200 оқушыға шақталған 18 мектептің құрылысы жоспарланды. 8100 орындық 9 мектептің құрылысы өткен жылы басталды.

Биыл пайдалануға берілмек. Қалған 9 мектептің құрылысын 2025 жылы аяқтау жоспар­ланды. Қазіргі таңда 9 мектептің 7-еуі бойынша мердігерлер анықталып, жоба жүзеге аса бастады. Қалған екі мектептің құрылысына мердігерді анықтау бойынша  конкурстық үрдіс­тер жүргізілуде. 2022 жылы  19 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізуге қаражат бө­лінді. Соның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 15 нысан жөнделді. Биыл  «Шаңырақ» жастар үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жүріп жатыр. 2022 жылы аяқталмаған 6 нысанның күрделі жөндеу тәмамдалды. Бүгінгі таңда облыс бойынша барлық қаржыландыру көздерінен 27 мектептің құрылысы жоспарланып, 17 мектеп пайдалануға берілді.

– Былтыр білім беру нысандарының материалдық-техникалық әлеуетін жарақтандыру бойынша қандай жұмыстар атқарылды?

– Президенттің сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында өткен жылы 114 пәндік кабинет жабдықтары сатып алынды. Қалалық мектептер 60 кабинет (химия – 12, биология – 12, физика – 12, роботтық техника – 12. STEM – 12) жабдықтады. Сондай-ақ ауылдағы 62 мектепті жаңғырту үшін бастауыш сыныптардан басқа 54 пәндік кабинет қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек 62 білім беру нысаны жиһаздарын жаңғыртты. Мектептегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камералары жаңғыртылып, дабыл түймелері, бейнебақылау жүйесінің ЖБО-ға қосу, турникеттер орнату жұмыстары жүргізілді. Жылу жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында 69 қазандық, 63 сорғы, генераторлар мен горелкалар сатып алынды. Мектептердегі ас үй жабдықтары жаңартылды.

51 интернаттың жиһаздары жаңадан сатып алынды. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуе­тін арттыру» қайырымдылық жобасы аясында 2023 жылы облыстағы 3 мектеп (Бөкей ордасындағы М.-С. Бабажанов атындағы мектеп, Жәнібек ауданын­дағы Т. Жароков атындағы мектеп, Сырым ауданындағы Қ. Мырзалиев атындағы мектеп) жобаға қатысуда. Сондай-ақ «Болашақ инженерлер» жобасы бойынша ауылдық елді мекендердегі 12 мектепте роботтық техника кабинеті жабдықталып, балалар игілігіне берілді.

– Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында  «Бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет» деп мектепке дейінгі тәрбие бағытын сынға алған еді. Бұл мәселе бойынша біздің өңірде қандай жұмыс жасалуда?

– Облысымызда 34 мыңнан астам баланы қамтитын 533 мектепке дейінгі ұйым қызмет етеді. Оның ішінде 387-сі – мемлекеттік, 146-сы – жеке меншік балабақша. Бізде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамту көрсеткіші – 90,8% болса, 3-6 жас аралығындағы балаларды 100% балабақшамен қамтып отырмыз. Жергілікті бизнес өкілдерін тарта отырып, жеке балабақшалар желісін көбейту бағытындағы жұмыс жасалуда.  Былтыр желтоқсан айында 1714 орынға арналған мектепке дейінгі 27 жеке балабақшада  және бұрыннан жұмыс істеп жатқан 29 жеке балабақшада 1279 жаңа орын ашылды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алу үшін мектепке дейінгі ұйымдарға жолдама беру автоматтандырылған Balabaqsha Smartnation, Indigo порталы арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі күнде кезекте 0-6 жас аралығындағы 7035 бала бар. Сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысына жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылды. Облыс әкімдігінің тиісті қаулысы қабылданып, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 674 бала мектепке дейінгі ұйымдарда тегін тамақпен қамтамасыз етілуде. Инновациялық қызмет, тәжірибелік-сынамалық жұмысқа әдістемелік қолдау көрсету және озат педагогикалық тәжірибені тарату мақсатында мектепке дейінгі ұйымдарда «Бәрін білгім келеді» интеллектуалдық дамыту зертханасы бағытында ашылған 95 эксперимент алаңы жұмысын жүзеге асыруда.

– Айгүл Әділгерейқызы, өңірімізде мектеп оқушыларын автобуспен тасымалдау жұмысы қалай жүргізілуде? Былтыр жаңа техникалар сатып алынды ма?

– Облыс бойынша білім беру мекемелеріне 82 елді мекеннен 53 мектепке 5423 оқушыны күнделікті тасымалмен қамтып отырмыз. Барлығы 75 бірлік автокөлік бар. Оқушылардың күнделікті тасымалдауын сапалы ұйымдастыру және автокөліктерді жаңарту үшін республикалық бюджеттен облысқа 54 бірлік автобус қаржылық лизинг арқылы қамтамасыз етілді.

– Таяуда №38 мектеп-лицейде болған жағдай әлеуметтік желілерде қоғамдық резонанс туғызған еді. Осы жағдайға қатысты қандай шаралар қолға алынды?

– 7 желтоқсан күні Орал қалалық білім беру бөлімі басшысының м.а И. Амертаеваның қабылдауында болған ата-ана мектепте баласын ұрғанын және бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге орналастырғанын мәлімдеген. Арыз бойынша мектеп әкімшілігі шақыртылып, мәжіліс өткен. Мәжіліс барысында мектеп директоры Р. Биғазиеваға ата-анаға педагогикалық қолдау көрсету, оның кәмелетке толмаған ұлына психологиялық көмек беру тапсырылды. Сондай-ақ ата-ананың сұрауы бойынша «Жас ұрпақ» орталығы, орталық психологінің байланыс нөмірі беріліп, мектепте ата-аналар жиналысы өткізілді. Шаған ПБ-ға жәбірленушінің анасынан арыз түсіп, баланы ұрған оқушының заңды өкілі  ҚР ӘҚБтК-ның 435-бабы бойынша және видеоға түсірген оқушының заңды өкілі ӘҚБтК-ның 127-бабы бойынша жауапқа тартылды. Оқушылар арасында құқықбұзушылыққа жол бергені үшін сынып жетекшілеріне, пән мұғалімі мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына «сөгіс» түрінде тәртіптік жаза берілді. Білім беру бөлімінің 07.12.2023 ж. №176§1 бұйрығымен №38 мектеп-лицейдің директоры Р. Биғазиеваға ҚР Еңбек кодексі 64-бабының 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес «сөгіс» түрінде тәртіптік жаза берілді. 12.12.2023 жылы облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссия отырысы өтті. Білім беру бөлімінің 12.12.2023 ж. №179§1 бұйрығымен №38 мектеп-лицейдің директоры Р. Биғазиева ҚР Еңбек кодексі 49-бабының 5-тармағы негізінде жұмыстан босатылды.

– Жалпы білім беру ұйымдарында буллингтің алдын алу мақсатында қандай жұмыс жасалуда?

–  Қазіргі уақытта білім беру ұйымдарында балалардың арасында құқықбұзушылықтың, буллингтің алдын алуға қатысты жұмыстар күшейтілді. «Баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы» жоспары дайындалып, ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 21 желтоқсандағы №506 бұйрығымен бірге білім беру ұйымдарына жыл бойына жұмыстану үшін жолданды. Жоспар негізінде іс-шаралар бойынша ата-аналар, оқушылар, педагогтерді қамту көзделген. Біртұтас тәрбие бағдарламасы негізінде жасөспірімдер арасындағы тұрақты өмірлік ұстанымды қалыптастыру, тәуекел тобындағы жасөспірімді ерте анықтап, оларға ерте көмек көрсету, бала тәрбиесіндегі мектептер мен ата-аналар арасындағы байланысты жетілдіру жұмыстары басты назарға алынды. Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің алдын алу мақсатында биыл «IT Group Kazakhstan» ЖШС-ның «Komek Stop BuIIying» жобасы 326 мектеп пен 32 колледжде пилоттық режімде өтеусіз негізде енгізілді. Алғашқы нәтижелер жаман емес.

Оқушылар арасындағы келеңсіз жағдайлардың алдын алу жұмысының бірінші шарты – баланың бос уақытын тиімді  ұйымдастыру. Облыстағы 50 қосымша білім беру ұйымының қызметімен оқушылардың 50,4%-ы қамтылса, қосымша білімнің барлық түрімен оқушылардың 92,1%-ы қамтылып отыр (республикалық көрсеткіш – 81,1%). Облыс оқушылары республикалық деңгейдегі байқауларда жеңімпаз атанып жүр. Мәселен, «Үздік экологиялық білім беру ұйымы» ұлттық байқауында облыс командасы I дәрежелі дипломды, «Жасыл ұрпақ» байқауында грант иегері атанып, 700 000 теңге көлемінде сертификат алды. Республикалық «Ұшқыр ой алаңы» пікірсайыстың ұлттық турнирінде 1-орын, республикалық «Менің Отаным – Қазақстан» туристік экспедициялық жасақтардың слетінде жалпыкомандалық есеп бойынша соңғы 7 жыл бойы облыс құрама командасы жүлделі І орынды иеленіп келеді. Республикалық шығармашылық байқаулар мен жарыстарда облыстың 192 оқушысы жеңімпаз атанды. Бұл бізді қуантады.

 

Сұхбаттасқан:

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале