Алдағы уақытта Орал қаласындағы облыстық кардиология орталығы науқастарға су жаңа рентгендік ангиографиялық құрылғы арқылы қызмет көрсетпек. Жүрек-қан тамырлары ауруларын анықтауға және емдеуге арналған бұл құрылғы 620 млн теңгеге жуық қаржыға сатып алынған.
Бесінші қаңтар күні облыс әкімі Нариман Төреғалиев аталған орталыққа арнайы барып, дәрігерлердің жұмысына сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Дені сау ұлт» бағдарламасы жүзеге асуда. Бұл жобаның мақсаты – әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету. 2023 жылдың басында өңірдегі медицина мамандарымен кездестім. Сол жүздесуде осы орталықтағы құрал-жабдықтардың ескіргені айтылған болатын. Жедел шешім қабылданып, былтыр бюджеттен қаражат бөлінді. Міне, биыл жаңа құрылғы сатып алынды. Бұл құрылғы дәрігерлердің жұмысын жеделдетеді. Мамандардың дертке шалдыққандардың денсаулығын мұқият тексеріп, нақты нәтиже көрсете алатынына сенемін. Заман талаптарына сай жаңа кардиологиялық орталық салу мәселесімен жақсы таныспын. Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Әрине, бұл жоба қомақты қаржыны қажет етеді, –дей келе Нариман Төреғалиұлы орталық жұмысымен танысты. Оған қоса емделушілер мен тілдесіп, оларға сый-құрмет көрсетті.
Өз кезегінде облыстық кардиологиялық орталықта бірнеше жыл бойы еңбек етіп келе жатқан денсаулық сақтау саласының ардагері Бекет Ғұсманов өзі қызмет істейтін мекеменің тыныс-тіршілігіне назар аударғаны үшін өңір басшысына рақмет айтып, әріптестерінің жұмысты жүйелі атқаратынына сенім білдірді.
– Осы орталықта 2023 жылы 4334 науқас емделді. «Ангиограф» аппаратын пайдаланып жүргенімізге 10 жылдан асты. Әбден ескіріп, тозығы жетті. Жаңасы сатып алынып, қуанып жатырмыз. Францияда жасалған құрылғы зақымданған қантамырларын анықтауға көмектеседі. Тұрғындардың барынша күтініп, тән саулығына баса назар аударғаны жөн. Орталықта 338 қызметкер жұмыс істейді, –деді облыстық кардиологиялық орталықтың директоры Арман Байдеуов.
Марлен Мәлікұлы,
zhaikpress.kz