11.01.2024, 12:19
Оқылды: 78

«Тек ақшалай төлем талап ету – заңсыз» – маман

Жыл басталғалы бері мобильді аударымдарға қатысты мәселе жиі қозғалады.  Әсіресе, «Мобильді аударымдар не үшін тексеріледі?» деген сұрақтың туындағаны рас. Жуырда осы және басқа да сұрақтарға БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Қайдаров жауап берді.

5E7B8A04-4E11-4BC1-B477-19788A02BE6D

– Мобильді аударымдарды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметті «көлеңкеден» шығаруға бағытталған. Мемлекет барлық мобильді аударымдарды тексермейді. Тек әртүрлі адамдардан үш ай қатарынан ай сайын түрлі адамдардан 100 немесе одан да көп мобильді аударым алғандарды, яғни кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда тексереді. Ал тұрғындар бұрынғыдай өздерінің жеке мақсаттары үшін, атап айтқанда, туыстарына, достарына, ата-аналарына, балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға байланысты мобильді аударымдар жасай да, қабылдай да алады.

Бұларға ешқандай шектеу жоқ. Кейбір кәсіпкерлер  тауар сатқанда немесе қызмет көрсеткенде төлемді мобильді аударымдар арқылы қабылдайды. Алайда ол үшін кассалық аппараттарды, POSтерминалдарды және QR-кодтарды қолданбайды. Осылайша тұтынушыларға түбіртек те бермей, олардың құқықтарын бұзып отыр, - деді  өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Бауыржан Наурызғалиұлы  (суретте).

Шыны керек, қазір тек қолма-қол ақшамен төлем жасауды талап ететін кәсіпкерлер бар. Ал бұл қаншалықты заңды? Спикердің айтуынша,  бизнесменнің мұндай талап қоюы – тұтынушылардың құқығына қайшы әрекет.  Төлем кәртішкелері арқылы төлем қабылдаудан бас тартқан кәсіпкерге алғашында ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің талаптарына сәйкес ескерту жасалады. Алқайтадан заң бұзса,  ӘҚБтК-ның 194-бабы бойынша 147 680 теңге (40 АЕК) көлемінде айыппұл салынады. Тұтынушылар тек қолма-қол ақшамен төлем жасауға міндетті емес. «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы заңының 25-бабына сәйкес банк картасымен және QR төлем арқылы төлем жасауға құқылы. Егер кәсіпкер қолма-қол ақшасыз төлем қабылдаудан бас тартса, тұрғылықты жердегі мемлекеттік кіріс құрылымдарына  шағымдану  қажет.

Бауыржан Наурызғалиұлы айтып өткендей, такси қызметін көрсететіндер де жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Олар «e-Salyq Business», «Egov Mobile» және кейбір екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары («Halyq bank», «Kaspi bank», «BankCenter-Credit») арқылы тіркеле алады. Бұл ретте қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау үшін онлайн режімде кәсіпкерлік банк шотын ашады. Сол жерге көрсетілген қызметтер үшін төлемдер түседі. Ол үшін кассалық аппараттар мен POS-терминалдардың қажеті жоқ, тек  смартфон  керек.

– «Бұл бастама кәсіпкерлердің «көлеңкеде» қалуына әкеп соқпай ма?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Қазіргі таңда салықтық міндеттемелерді адал орындау әлдеқайда тиімді. Себебі бизнес жүргізуге және оны дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Салық режімдерінің тәртібі жеңілдетілді. Қызмет түріне байланысты салық мөлшерлемелері – 1-4% ғана. Мобильді аударымдарды тексеру адал салық төлеушілерге әсер етпейді. Барлық салық төлеуші тең болуы және алынған табыстан салық төлеуі тиіс. Тағы да айта кетейін, қатарынан үш күнтізбелік ай ішінде ай сайын  түрлі адамнан 100 және одан көп мобильді аударым алған азаматтар бақылауға алынады. 2024 жылы жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген азаматтардың ғана мобильді аударымдарына салықтық бақылау жүргізіледі. Олар – мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері. Биыл жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталды. Жеке декларацияларды кәсіпкерлер, компанияның құрылтайшылары мен басшылары, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсыруы керек.

Тиісінше, мобильді аударымдар 2025 жылы бақылауға алынады. Осылайша, мобильді төлемдерді бақылау адал салық төлеушілерге әсер етпейді және заңсыз кәсіпкерлік қызметті «көлеңкеден» шығармақ, - деді  спикер.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале