Әлемдегі ең көп тараған адам құқығын бұзудың түрі – әйелдер мен балаларға қатысты жасалатын зорлық-зомбылық. Нәзік жандыларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері әлемдік деңгейде, мемлекеттік деңгейде де жаға ұстатарлық статистиканы көрсетіп отыр.
ҚР ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2022 жылы елдегі әйелдерге қатысты тіркелген тұрмыстағы зорлық-зомбылық оқиғаларының саны 61 277-ге жеткен. Ал 2023 жылы 60 741 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Қоғамда өзекті проблемаға айналған, күннен-күнге жантүршігерлік оқиғалар болып жатырған тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі Батыс өңірінде де қуантарлық жағдайда емес.
Президент тапсырмасына сәйкес отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатаңдатылғаны белгілі. Осыған орай Батыс Қазақстан облысында қандай іс-шаралар қолға алынды? Мұндай қылмыстардың алдын алу үшін не істеу керек? сынды сұрақтарымен Батыс өңіріне арнайы іс-сапарымен келген «AMANAT» партиясы әйелдер қанатының тең төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Заңнама және сот құқықтық реформа» комитетінің төрағасы – Снежанна Имашева «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының» қызметкерлерімен және аталмыш орталыққа көмек сұрап келген әйелдермен кездесіп, облыста әйел азаматшалардың тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері, олардың алдын-алу және қорғау жұмыстары жөнінде ой өрбітіп, жұмыс барысымен танысты.
Аталмыш дағдарыс орталығына жылына шамамен 100 шақты әйелдер балаларымен келеді. Барлығында ортақ мәселе – отбасы жағдайына байланысты немесе жолдасынан немесе отбасы мүшелерінен жәбір көріп келгендер.
- Біріншіден, зорлық-зомбылыққа қатысты мәселе, шынымен де, қазір өршіп тұр. Бұл туралы Президенттің жаңа жылда жариялаған мақаласында да айтылды. Жалпы, зорлық-зомбылық әйелдерге де, балаларға да көбейіп тұрғандықтан заң бірнеше мәрте қатаңдатылды. Заң қатаңдағанымен қылмыстық жағдайлардың төмендегенін көріп отырған жоқпыз. Менің жұмысым болашақ заңнамаға кіретін өзгерістерді мамандармен талқылау. Сол себепті әлемдік проблеманы жою үшін – ең біріншіден заңды дұрыстауымыз қажет, - деді Снежанна Имашева.
Өз кезегінде, дағдарыс орталығының басшысы Мариэтта Давлетиярова орталыққа келіп, келушілермен кездесіп, көңіл бөлгеніне алғыс білдіріп, орталық туралы біраз ақпаратпен таныстырды.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері учаскелік инспекторлар 2 мыңнан астам қылмысты ашты. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 31 қылмыстық іс-әрекет орын алған, оның ішінде 18-і әйел адамдарға жасалған. Барлығы да облыс орталығында орын алған оқиғалар. БҚО дағдарыс орталығында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге құқықтық кеңес беру жалғасады.
Ақпарат үшін:
Егер кішкентай баланың қараусыз қалғанын, оған қауіп төніп тұрғанын байқасаңыз, балаға немесе әйелге қатыгездік көрсету, зорлық-зомбылық көрсету, құқықтарының бұзылуы мүмкін екенін білсеңіз, бірыңғай мемлекеттік «111 AMANAT» байланыс орталығына хабарласуыңызды сұраймыз.
«AMANAT» партиясы БҚОФ баспасөз қызметі