12.01.2024, 10:45
Оқылды: 75

Екпе алғанға ештеңе қауіпті емес

Өткен жылдың аяғын ала елімізде қызылша ауруының өршігені белгілі. Әсіресе, аурудан дер кезінде әлдебір себептермен екпе алмаған балақайлар мен қайта егілу тәртібін сақтамағандар зардап шекті. Тіпті аурушаңдық деңгейі бойынша еліміз алдыңғы қатарға шығып кеткені жасырын емес. Шыңғырлау ауданында да екпе алмаған 2 бала мен 50 жастан асқан тұрғын мен бір студенттің ауырып, тіркеуге алынғаны белгілі.

 

1589461294_news_b

Фото: almaty.tv

Ал, бүгінгі таңдағы ахуал қалай, қандай жұмыстар қолға алынып жатыр деген сауалымызға аудандық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ермек Сабиров былайша мәлімдейді:

- Қазіргі таңда жаңадан аурушаңдық белгісімен тіркелгендер жоқ. Бүгінгі күні 6 айдан 10 ай 29 күн толған балалар мен 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күн толған балалар екпе алуда. Бұған қоса ҚР екпе бойынша Ұлттық күнтізбесіне сәйкес 12-15 ай жастағы және 6 жастағы балалар жоспарлы түрде қызылшаға қарсы екпе алуда.

2023 жылдың 6 қарашасынан бастап қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделенуге байланысты ҚР бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы бойынша қосымша жаппай иммунизация жұмыстары басталған еді. Шыңғырлау ауданы бойынша жаппай иммунизация кезінде 6 айдан бастап 10 ай 29 күн жастағы 138 бала, ал 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күндегі балалар, барлығы 599 бала екпе алуға жоспарланып, қазіргі кезеңде екпе салдыртуда.

Қазіргі таңда балабақшаларда ауырған немесе үй жағдайында ауырып, бізге белгісіз болған оқиғалар тіркелген жоқ. Негізі қызылшамен ауырған адамдармен қарым-қатынаста болғандар 21 күн бақылауға алынады.

Иә, ауруын жасырғанның жақсылыққа жетпесі белгілі. Қызылшаның беті қайтсын десек уақытында екпе алуды естен шығармайық.

Гүлшат Ибрагимқызы,

Шыңғырлау ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале