ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың бастамасымен, облыстық білім беру басқармасының қолдауымен және Жәнібек аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен білім саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ауданымыздың ардагер ұстаздарын дәріптеу мақсатында Т.Жароков атындағы орта мектепте марапаттау рәсімі өтті.
Жиынға ардагер ұстаздар, аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Асхат Молдағалиев пен аталмыш бөлімнің әдіскерлері мен жас мамандары қатысты.
Мектеп оқушысы, облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты Гүлім Биғалидың орындауында «Ұстазым» әнімен ашылған салтанатты жиынның алғашқы құттықтау сөзі мен алғыс хаттарды табыстау Тахир Зинурұлына берілді. Шәкірттер санасына сәуле шашып, білім нәрімен сусындатқан қырық бес ардагер ұстазға ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлының алғыс хаты табысталды. Атап айтар болсақ, Р.Айтжанова, А.Боранбаева, Ж.Есетова, Е.Жамиев, М.Ысқақова, А.Қауышева, С.Масанов, Х.Молдағалиев, М.Молдағалиева, М.Ниқашева, М.Төрешева, Г.Хайырлиева, Р.Атошева, Ұ.Ғабдірешева, М.Рахметова, С.Құрмашев, Ж.Хайруллин, З.Хайруллина, А.Ғұсманова, Ұ.Өтегенова, Ж.Бисенова, Ж.Бисекешева, Т.Бекбосынова, Ғ.Иманкұлова, Қ.Дауешова, А.Досқалиева, Н.Кәрімғалиев, Ш.Нысанбаева, А.Сақтапбергенова, А.Хәкімова, К.Атошева, М.Аубекерова, Р.Бисенова, С.Жапалақова, А.Рахмушева, Б.Таженғалиева, М.Адлялиева, С.Айтжанов, И.Ковалева, Б.Ниғметов, Г.Ниғметова, С.Мырзағалиева, М.Мұқатаева, К.Мұхамбетжанова, К.Харисова марапатталды.
Одан кейін Асхат Хамитұлы жүгі ауыр жауапты салада абыройлы қызмет еткен ұстаздардың ерен еңбегі үшін алғыс айтып, №1 мектеп-лицейінің ұлағатты ұстазы, биология, география пәндерінің мұғалімі Ерментай Жұмагереев пен Ғ.Қараш атындағы орта мектептің мұғалімі, қырық бір жылдық тәжірибесі бар педагог-зерттеушісі Айша Закаринаның кеудесіне ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісін тақты. Сондай-ақ бөлім басшысы ардагер ұстаз Сағынғаным Ғилажқызын мерейлі 70 жасымен құттықтап, ізгі ниетін білдірді. Сонымен қатар А.Молдағалиев ауданымызда ардагер ұстаздар ұйымы ашылғаны жөнінде хабарлап, ұйым төрайымы ретінде Дина Сапашеваның тағайындалғанын айтты. Өз кезегінде Дина Ғаллемқызы ұйым мүшелерімен және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстармен таныстырып өтті. Шара соңында ардагер ұстаз Ерментай Сапанұлы сөз алып, өскелең ұрпақты оқыту және тәрбиелеу жолында жасаған еңбегін ескеріп, құрмет көрсетіп жатқан аудандық білім беру бөлімі мен облыстық білім басқармасына алғысын білдірді.
Айсұлу Нұрболатқызы,
Жәнібек ауданы,
zhaikpress.kz