Ақсай қаласы іргесіндегі жаңғы трассасында еркін жүріс бойынша шаңғы жарысынан Бөрлі ауданының біріншілігі өтті.
Спорттық шара жастар мен жасөспірімдер арасындағы шаңғы маусымының ашылуына орай ұйымдастырылды. Жарыс аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшылығы, «Ақсай» мәдени-бұқаралық ұлттық ат спорт кешені мен аудандық «Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы» ұйымдастырылуымен жүзеге асты.
Аудандағы қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында өткен жарыста спортшылар жас ерекшеліктеріне сай 2400 және 4500 метр аралығындағы қашықтықты бағындыру бойынша сынға түсті. Ал жарысқа қатысушылардың ең жасы 12-де болса, ең үлкені 70 жаста
н жоғары ардагер спортшылар. Сайысқа қатысушыларды бағалау жарыстың бас төрешісі Ислам Сағыналиевке тапсырылды.
Жарыстың ашылу салтанатына аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Исатай Қарабаев, облыстық биатлон және аудандық шаңғы спорты федерациясының президенті Әлібек Сәрсенбаев, ауданның спорт ардагері Гудабай Колпаков қатысты.
− Барлығыңызды 2024 жылғы шаңғы маусымының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Жақында ғана ауданда жасөспірімдер арасында биатлоннан Қазақстан Республикасының кубогі өтті. Ал бүгін біз аудан спортшылары арасында үздіктерді анықтамақпыз. Жалпы биыл қысқы спорт түрлері, яғни еркін жүріс, биатлон, классикалық жүріс пен мұз айдынындағы спорт бойынша жарыстар жалғасын табады. Сонымен қатар аудан спортшыларына қолайлы жағдай жасап, қолдау көрсетіп, шаңғы базасын салып бергені үшін «BMS» компаниясына кезекті рет өз алғысымды жеткіземін, − деді бөлім басшысы Исатай Тастемірұлы.
Жарыс қорытындысы бойынша 2012 жылы туған және одан кіші жасөспірім ұлдар арасында Всеволод Левин, қыздар арасында Амира Жақсылықова үздік атанды. Ал 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында ұлдардан Арын Тәжібаев, қыздардан Лейла Мукатова жоғары нәтиже көрсетті. 2008-2009 жылғы ұлдар арасында Дамир Жубаниязов, қыздар арасында Жанерке Тудахонова алтын медаль иеленді. 2001-2007 жылы туған жасөспірімдер арасында Алдияр Исаев пен Айсезім Рамазан І орынды жеңіп алды. 2000-1985 жылдары туған спортшылар арасында ерлерден Махамбет Орынбасар, әйелдер арасында Асем Шукатова бәрінен басым түсті. 1984-1975 жылы туған ерлер арасында Ғұмар Әжіғалиев жеңімпаз атанды. 1974-1965 жылы туған қатысушылар ішінде Владимир Лящев пен Миркамал Койшыгулова алтыннан алқа тақса, 1964-1955 жылы туған спортшылар арасында Сергей Якименко жеңімпаз деп танылды. Ал жарыстың ең үлкен қатысушылары ретінде сынға түскен 1954 жылы туған және одан жоғары спортшылар арасында І орынды Гудабай Колпаков, ІІ орынды Есенгелді Дарханов жеңіп алды.
Осылайша командалық есепте барлығы 360 ұпай жинаған №3 орта мектеп І орын, 194 ұпаймен Ақбұлақ ауылдық округі ІІ орын және 126 ұпаймен №1 мектеп ІІІ орынға жайғасты. Жарыста жеңімпаз атанып, мінберден табылған спортшыларға Исатай Қарабаев медаль мен диплом, ал аудандық «Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы» басшысы Толқын Хадышова арнайы сыйлық табыстады.
− Бүгінгі жарысқа әр түрлі жас ерекшелігі бойынша қатысуға ниет білдірген спортшылар қатысты. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты бірқатар ауылдағы саңлақтарымыз қатыса алмай қалды. Дегенмен жарысқа қатысушылар саны аз емес. Жалпы биылғы қыста қардың кеш түсуіне байланысты маусымның ашылуы да кешікті. Жыл сайынғы дәстүрге айналған кезекті ашық біріншілік қызықты, тартысты өткені анық, − дейді облыстық биатлон және аудандық шаңғы спорты федерациясының президенті Әлібек Ануарбекұлы.
Ә.Сәрсенбаевтың сөзінше, соңғы жылдары ауданда шаңғы спорты кеңінен таралып, жақсы дамуда. Шаңғы базасы да жыл сайын жаңартылып, өткен жылы мезгілге қарамастан дайындық жүргізу үшін шаңғы мен роликті шаңғыға арналған трасса ашылды. Сондай-ақ федерация президенті спортшылардың Щучинск қаласы мен Ресей Федерациясына арнайы спорттық оқу-жаттығуға барып жүргендерін де жеткізді.
− Шаңғы спортында соңғы уақытта үздік нәтиже көрсетіп жүрген спортшымыз Жанерке Тудахонованы арнайы атап өту керек. Өйткені ол өз жасында жазғы және қысқы шаңғы сайыстары бойынша бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы. Сонымен қатар биатлоннан да бірнеше рет алтын медаль иегері атанды. Сондықтан дәл осы қалпынан таймаса, спортшымыз алдағы 2-3 жылда ұлттық құрамаға енетініне сенеміз. Одан бөлек бөрлілік Арын Тәжібаев та биатлон сайысында бұған дейін Риддерде бір алтын алса, жақында Ақсайда өткен ҚР кубогының екі алтын медалін жеңіл алды, − дейді аудандық шаңғы спорты федерациясының президенті.
Аслан Нұрзағали,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz