Иә, алақандай әлемнің әр түкпірінде күн сайын орын алып жатқан жантүршігерлік жол апаттарын естіп жүргеніміз жалған емес. «Алласы аясын!» дегеннен басқа қолдан келер шарамыз да жоқ.
Алайда басталған жылдың алғашқы онкүндігінде күре жолдың бойында ажал құшқан 5 адамның қазасы Жаңақала халқының қабырғасын қайыстырып, жүрегін қан жылатты. Ел басына түскен ауыр қайғыдан еңсеміз еріксіз еңкейіп, «бұл жағдайдың оң шешімі болмай ма?» деген ой санамызды сан күйге салғаны да рас. Жаңақала ауданының Полиция бөлімі , әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Жанболат Мукашев:
- Жол - көлік оқиғаларыны өте көп. Ауа райының қолайсыздығы, жол жағдайының нашарлығы жалпылама себеп. Бірақ негізгі себеп - адами факторлар. Жүргізушілердің жауапкершіліктерінің төмендігі, жол қозғалыс ережелеріне немқұрайлы қарауы, күн райы жағдайларын ескермеуі болып отыр. Жүргізушілердің қозғалысын реттеп, жағдай жасап отыратын диспетчер тағайындау туралы құзырлы орындарға ұсынбалар түсірілді. Алайда диспетчер болатын адам ерікті түрде, халықтың ішінен шығып, жұмыстануы керек. Осы уақытқа дейінгі орын алып отырған оқиғаларды саралай келсек, жүргізушілер арасында ауызбіршілік болмай тұр. Жолаушы тасымалымен көптен айналысатын жасы үлкен жүргізушілер де бар. Егер диспетчерлік пункт ашуды ұйымдастырып, ортақ жұмыстанатын адамды дайындаса, әкімшілік сол пунктті салатын жерді де бөліп беруге дайын. Бірақ арнайы орынды салып, осы жұмысты қолға аламын деп, ниет білдірген адам болмай тұр, - дейді.
Демек жүргізушілер өзара бірлесіп, араларынан реттеуші шығарса, сол жұмыстың арқасында бір күннің ішінде қалаға екі рет барып келуді мақсат еткен жоғары жылдамдықпен көлік айдаушылар тоқтатылар еді. Маусымдық ауа райы жағдайларына көлігін дайындамаған жүргізушілер ұзақ жолға жіберілмес еді. Көлік айдап келе жатып телефонмен тоқтаусыз сөйлесетін жүргізушілерге талаптар қойылады. Ең бастысы: адам тағдырына немқұрайлы қараушылық тыйылады.
- Бізде жолда жүру мәдениті мүлдем қалыптаспаған. Ауданымыз облыс орталығынан қашық орналасқандықтан, жұмыс бабымен кейбір қажеттіліктерге байланысты қалаға жиі барамын. Ешкім де еріккеннен жүрмейді. Жолға шығатын кезде такси тасымалы толассыз жүріп жатқанымен , «аман-есен барып, келер ме екенмін? кімге отырсам екен?» деген сұрақтар жиі мазалайды. Себебі такси жүргізушілері көп болғанымен, көпшілігінде «жолаушыны аман-есен жеткізсем» деген жауапкершілік жоқтың қасы. Қолдарында телефон, адам емес, жүк тиегендей жүйіткіп, келесі тасымалына адам жинап, әріптестеріне жол бойындағы жол полициясы қызметкерлерінің бар-жоғын баяндап отырғанда жолаушының ескертуіне құрақ та аспайды. Өз басымда «сізді енді көлігіме мінгізбеймін, көп ескерту жасайсыз» деген такси жүргізушісі де болды. Күні кеше болған жол-көлік оқиғасы да қаншама адамның үмітін өшіріп, қанша отбасын қара жамылдырды? Әрине, напақаларын тауып жүрген болар, бірақ жылдамдықты асырмаса, жол жағдайын ескерсе, адам өлімі орын алмас еді. Барлығы заңсыз жүріп жатқан көліктер, біреуінде де қызмет адамдары іссапар үшін сұрайтын фиксалды чек жоқ. Осындай жағдайлар қашан реттеледі? - дейді ауыл тұрғыны Гүлбану Дағарова.
«Сақтансаң, сақтармын» деген сақтық шарасы жолға жиналған әр адам үшін ұран сөзбен бірдей болуы шарт. Құлдилай ұшқан көліктердің тағы да апатқа ұшырамасына кім кепіл? Сонда ұзын жолда үзілген тағдырлардың обалы кімге?
Рая Жұмағалиева,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz