Биыл алғаш рет ауыл мектептері арасында пәндік олимпиада ұйымдастырылғаны баршаңызға мәлім. Айта кетелік, мықтылар сынға түскен білімділер сайысына Бөкей ордасы ауданы бойынша 107 оқушы жолдама алған болатын.
Облыстық кезеңнен жүлде алғандар республикалық олимпиадаға жолдама алған еді. М-С.Бабажанов мектебінің 11-сынып оқушысы Әліби Қабиден Астанада өткен білім аламанында физика пәнінен І орын алды. Бұған қоса Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университеттің білім грантын иеленді. Бөкейлік балғындардың білім бәйгесіне алған олжалары тек мұнымен шектелмейді. Ш.Жексенбаев атындағы мектептің қос бірдей шәкірті Сабина Шынболат пен Нұр-Әли Бадайтов та химия пәні бойынша үздіктер қатарынан орын алды. Сабина ІІІ орын алса, Нұр-Әли алғысхатқа ие болды.
- Білім саласында тұңғыш ұйымдастырылып отырған олимпиада ауыл мектептеріне үлкен мүмкіндік берді. Мықты маман ретінде есімдері ел аузында жүрген білікті ұстаздарымыз Арайлым Ишанғалиева мен Мәншүк Мұхамжарованың шәкірттері мектеп мерейін тасытып, аудан абыройын асырып отыр. Әлібиіміз екі турда да бәсекелестерінің оқ бойы озық болды. Тіпті аппеляцияға беріп, өзінің дұрыстығын дәлелдеп, 1,5 балл қостырып алды, - дейді аудандық білім беру бөлімінің әдістеме бөлімінің меңгерушісі Айгүл Кадимова.
Айтпақшы, Батыс Қазақстан облысынан барған команда олимпиада қорытындысы бойынша «Ең үздік олимпиадалық команда» аталымын иеленді.
Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz