12 қаңтар күні Дубайдағы Мейдан ипподромында өткен ат жарыста Қазақстанның Кабирхан атты сәйгүлігі бірінші келді. Беделді бәйгеде алдына ат оздырмаған сәйгүліктің бағасы қанша екен? Бұл туралы "Дала дүбірі" YouTube арнасына берген сұхбатында ат иесі Тілек Мұхамбетқалиев айта кетті.
Фото: dubairacingclub.com
Кабирхан бұған дейін 9 жарысқа қатысып, 8 рет бірінші және 1 рет екінші орын алған. Дубайдағы жеңіс – ең үздік нәтижесі.
Тілек бұл сәйгүлікті алматылық атбегіден сатып алған. Алдыңғы иесі америкалық аукционнан бағалап алған. Тегі – америкалық. "Әкесі" Калифорния Хром да Дубайдағы жарыста 2016 жылы жеңімпаз болған.
- Мен алғанда 2 жаста болды. Бағасы құпия болып қала берсін. Ал аукциондағы бағасы 12,5 мың доллар болған. Кабирхан деп атын алдыңғы иесі қойған, - дейді ат иесі Тілек Мұхамбетқалиев.
Кабирхан екі апта демалыстан кейін Al Maktoum Challenge екінші кезеңіне қатыспақ. Бұл жарыстың жүлде қоры 1 миллион долларды құрайды. Сондай-ақ финалдық кезеңге жолдама берілетін бәйге болады.